Жазасын өтегендер жұмыссыз қалмайды

Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері мен прокурорлары шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан петропавлдықтармен кездесті. Рецидивті қылмыстың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерде көмек көрсету прокуратура қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған петропавлдықтар арасындағы әңгімелесудің басты тақырыбына айналды.
Осындай дәстүрлі емес кездесудің кезекті алаңы – Жұмысшы кентінің аумақтық полиция пункті болды. Тұңғыш рет өткізіліп отырған осынау шараның бұл учаскеде ұйымдастырылуы тегін емес. Мұнда мерзімінен бұрын босап шыққан 30-дан астам адам есепте тұр. Мұндай еркін әңгіменің бастамашысы прокуратура қызметкерлері және полицейлер болды. Басты мақсат – темір тордың ар жағынан оралғандардың ой-пікірлерін білу, өмірде жолдарында кездескен кедергілер түрін анықтап содан соң мақсат-мүдделерін бағамдап, құқықтық көмек көрсету сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге қол ұшын беру.
Виталий Барков осы жылдың шілде айында шартты түрде мерзімінен бұрын босап келген адам. Отағасын үйінде жұбайы мен балалары күтіп отырған болатын. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ…» Осыны түсінген қамқор жандар оны көп ұзатпай жұмысқа орналастырды. Қазір жұмыстан соң 6 жасар немересін тәрбиелеуге де уақыт табады екен. Оның сыртында қоғамдық істермен де айналысып жүр. Қазақ тілін еркін меңгерген ол туыстарына мемлекеттік тілді меңгеруге көмектеседі.
– Бастысы, жұмыс тауып, өзіңе де, өзгеге де пайда келтіру ғой, алты жыл бойы атасын көрмесе де туысқандарымның әңгімелері арқылы біліп келген немеремнің қуанышпен қарсы алғанына мен де, туыстарым да разы болдық. Қиыншылықтар болмай тұрмайды, бәрі орнына келеді. Осындай оқиғалар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қуантады, себебі олар үшін олардың түзу жолға түсуі маңызды. Бұл рецидивті қылмыстың ең жақсы профилактикасының бірі, – дейді ол.
–Жергілікті полиция қызметінің бөліністері қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалауға сотталғандар арасында профилактикалық іс-шаралар жүргізу бойынша пробация қызметімен бірлесіп өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Бүгін біз алғаш рет осындай кездесу өткізіп отырмыз, басты мақсат – осындай жандарды тыңдап, олардың проблемаларын білу, – деді Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Асан Смағұлов. Осындай пайдалы кездесулер барлық аймақтық полиция пункттерінде өтетінін де атап өтті.
Кездесуге Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері қатысты. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірге жазалау орындарынан босап шыққандарды жұмысқа орналастыру мәселесін ерекше бақылауда ұстайды. Жалпы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар тарапынан болатын қылмыстың алдын алу және оған жол бермеу – барлық құқық қорғау органдары жұмысындағы басым міндеттердің бірі. Олар бұл орайда ұдайы рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрады. Жақында ғана өткен рейд заң бұзушылықтар болмағанын көрсетті.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*