БЕЙНЕТ ТҮБІ – ЗЕЙНЕТ

Ішкі істер органындағы еңбектің өз ерекшелігі бар. Ол адамнан үлкен күш-жігерді талап етеді. Уақытпен санаспай еңбек етудің, еңбекқорлық пен қайсарлық оның басты өлшемдері болып табылады. Шинель киген адамға аброй да соның арқасында келеді. Зейнетке шыққанда бетін ашық, жүзін жарқын ететін де осы қасиеттер.
Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Ла-155/1 мекемесінінің (тергеу изоляторы) ұжымы өздерімен бірге осы мекемеде ұзақ жылдар қоян-қолтық еңбек етіп, осындай жауапты жолда сүрінбей өткен әріптестерін салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салды.
Салтанатты кешке қатысқан ЛА-155/1 мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ. Сейдахметов аталған мекеменің мәртебесін арттыру жолында аянбай еңбек еткен қызметкерлерге жүрекжарды тілегімен қоса, алғысын білдірді.
Ішкі істер органындағы еңбек жолын осы мекемеде мейірбике болып бастаған әділет прапорщигі Айгерім Әбдікәрімова заңгерлік мамандық алып, режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысына дейін көтерілді.
Осы бөлімнің аға бақылаушысы әділет прапорщигі Мұрат Бимұрзаев болса 1999 жылдан бері ЛА-155/1-мекемесінің режим және күзет бөлімінде бақылаушы, аға бақылаушы болып еңбек етті.
Әділет прапорщигі Раушан Мырзабаева да аталған мекемеге 1995 жылы іс жүргізуші болып қызметке қабылданған болатын. Содан бергі уақытта ол есеп бойынша техник, арнайы бөлімнің аға технигі лауазымына жеткен.
Әріптестерін құрметті демалысқа шығарып салу салтанатына жиналған ЛА-155/1 түзеу мекемесінің (тергеу изоляторы) ұжымы оларға естелікке бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*