Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Батыр тұлғалы Батырхан

Батыр тұлғалы Батырхан

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жедел ден қою жасағының полицейі, полиция аға лейтенанты Батырхан Нұрғожаұлының спорттың оқ ату түріне ден қойғанына 10 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде ол түрлі жарыстардан жүлделі орындармен оралып, департаменттің атын асқақтатып жүрген кәнігі мерген.
Батырхан Нұрғожаұлы 1987 жылы Шымкент қаласында туып-өскен. Қаладағы К.Қасымұлы атындағы орта мектепте білім алған Батырхан мектеп қабырғасында жүріп спорттың еркін күрес түрімен айналысқан. Аталған спортқа 5 сыныптан бастап қатысып, оқушылар арасындағы жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген. Ол 2006 жылы Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы ІІМ-нің Заң колледжіне оқуға түседі. Оқ ату спортына деген қызығушылығы сол жерде оқып жүргенде басталады. «Оқ ату сабақтары және оқу-жаттығулар кезінде ерекше сезімге беріліп, одан әрі шабыттана түсетінмін», – деді Батырхан бізге берген сұхбатында.
2009 жылы оқуды тәмамдаған соң Батырхан жол-патрульдік полиция полкінің инспекторы болып қызметке кіріседі. Әр полицейдің ІІО-ға келуінің өзіндік тарихы бар. Мәселен, біздің кейіпкеріміз бала кезінде көрген криминалдық фильмдердегі арнайы жасақтың жедел әрекеттеріне, іс-қимылдарына қызығып, солар секілді болуды мақсат тұтқан екен. Сол бала күнгі арманы орындалып 2012 жылдың ақпан айында департаменттің жедел ден қою жасағына жұмысқа қабылданады. Табельдік қарудан оқ атудан ІІМ күш құрылымдарының арасында өткізілетін жарыстарға ол 2013 жылдан бастап қатысып келеді. Әр жылдары Шымкент, Тараз және Павлодар қалаларында өткен чемпионаттарда жүлделі орындарды жеңіп алған. Соңғы рет Павлодар қаласында өткен IPSC практикалық ату оқу-жаттығуында жалпы командалық есепте 1 және жеке есепте 3 орынды иеленді.
Көзге алған нысанға оқты дөп тигізу кез келген спортшының қолынан келмесі анық. Қай істе де жеңістің тек еңбекпен келетіні секілді қайсар мінезді жігіт талмай жаттығудың арқасында осындай жетістіктерді бағындырғаны белгілі. Сақшыларды бейбіт күннің батырлары, ал батыр тұлғалы азаматтарға ел әрқашанда сенім артқан. Елі артқан сенімді арқалап жүрген Батырханның бағындырар белесі таусылмасын дегіміз келеді.

Іңкәр ЕРМАҒАНБЕТ,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Журналистер жарысқа түсті

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың имиджін көтеру, дәріптеу мақсатында және Журналистер күнін мерекелеу аясында Шымкент қаласы …

2 Пікір

  1. Жарайсын Алтыным!

  2. ❤️❤️❤️

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған