Алғашқы офицерлік шен

Қарттарды қолдау айлығы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті мерекелік концерт ұйымдастырды. Концертке Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамы қатысты.
Шара барысында ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ардагерлер ұйымдарының төрағалары Ескендір Елеусізов, Қайырлы Едіресов, Сара Тасеменованы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықпен марапаттады. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының ардагерлері ІІД бастығының медальдарымен және грамоталарымен марапатталды. «Құрметті ардагерлер, Сіздер күш-қайраттарыңызды, денсаулықтарыңызды аямай Отан үшін қызмет атқардыңыздар. Атқарған еңбектеріңіз жастарға үлгі. Әрдайым осылай аман-сау қалыптарыңызда жүргендеріңіз біз үшін үлкен қуаныш», – деді облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреев қонақтарды құттықтау сөзінде.
Сахнаға жас полиция қызметкерлері де көтерілді. Зейнеткерлер еңбек жолдарын ішкі істер органдарында жаңа ғана бастап жатқан жас қызметкерлерге алғашқы офицерлік шендердің берілуіне куә болды. Өзінің алғашқы «полиция лейтенанты» шенін Ғ.Мүсірепов ауданы ІІБ Рузаевка селосындағы учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Бекжан Бауыржанұлы алды. «Полиция қатарында қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Бүгін ІІД бастығының қолынан алғашқы офицерлік шенімді алдым. Бұл сәттің құрметті зейнеткерлердің алдында өтуі де қуантты. Олардың үмітін ақтап, адал қызмет атқарамын деп сендіремін», – деді полиция лейтенанты. Осы күні өздерінің алғашқы және кезекті шендерін 20-дан астам офицер алды.
Іс-шара Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД шығармашылық ұжымы әзірлеген мерекелік концертпен аяқталды. Сондай-ақ, меймандарға Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органдарының құрылу жылдары туралы толыққанды көрсетілген ІІД тарихы мұражайының көшпелі көрмесі де ұсынылды. Облыстың барлық аудандарынан келген 700 зейнеткер үшін бұл күн нағыз мереке болды. Концерттен соң, кешкі мерекелік дастарқанға жиналып, қарттар жастық шақтарын еске алып, шер тарқасты.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,
СҚО ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*