Саусақтың ізі шатыстырмайды

Жеке куәлік – жан баласының жеке басын растайтын құжат. Бұрын-соңды, жеке куәлікті жоғалтып алған жағдайда оны қайта қалпына келтіру мұң еді, ал бүгінде құжатты бірер күннің ішінде жасатып алу еш қиындық туғызбайды. Алайда, біздің айтпағымыз бұл емес. Жеке куәлікке қатысты тағы бір жаңашылдық: бұрындары куәлік алар кезде тек қана суретке түсу қажет болса, болашақта куәлікке адамның тұр-тұлғасын растайтын суретпен қатар саусақ іздері де енгізілуі бек мүмкін. Қоғам тарапынан қолдау тауып жатса, бұл 2021 жылы «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасымен жүзеге асырылатын болады.
Жеке басты куәландыратын құжатқа адамды сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бүгінде жеке басыңды растау үшін куәліктегі бір ғана сурет аздық етеді. Заман дамыған сайын, әккі алаяқтар, қаскөй қылмыскерлер өзгенің құжатын өз мақсатында пайдаланып, тіпті болмаса жалған құжат жасап, арамза пиғылдарын жүзеге асырып жүрген жоқ па?! Куәлік дегеннен шығады, осы орайда өткенде ғана басымнан өткен бір жағдайды баяндап кетсем.
Қызық қылғанда, бірде кітапханадан жеке куәлігім арқылы оқуға кітап ала алмай қиналғаным бар еді. Неге дейсіздер ғой?! Айтайын. Ол жердегілер куәліктегі суретіме қарап тұрып, куәліктің менікі екеніне күмәнданбасы бар ма. Қас қылғанда, жеке басымды растайтын қолымда бұдан өзге құжат та жоқ-тын. Кітапханашы бетіме бажырая бір қарап, құжаттағы суретке қайта үніледі. Осылай, құжаттың өзімдікі екенін дәлелдеуге екі сағат уақытымды жоғалттым. Кітапты үйге емес, кітапхананың оқу залында отырып оқуға беру үшін осыншама тергегендері төбе шашымды тік тұрғызды. Ел қатарлы оқу залында кітап оқу құқығымды шектеген кітапханашы мұнысын өзгенің құжатымен оқу залында кітап оқуға алатын алаяқтардың ісімен түсіндірді. Көзімді жеткізу үшін, бір бума куәлікті алдыма әкеп тастай салды. Бұл куәлік иелері сол күйі құжаттарына қайта айналып келмеген екен. Кітапханаға келушілер өзінің жеке куәліктерін осылай кітапқа айырбастап кете барады дегенге тағы сену қиын. Сонда, алаяқтардың да аяғы кітапханаға жеткені ме?! Бұл оқиғаны неге айтып отырсыз дейсіз ғой, куәлікке бармақ мөрі енгізілген жағдайда өмірде куәліктегі суретіне ұқсамайтын адамдар осылай әуреге түспес еді деген ой.
Оның үстіне бұл саусақ мөрінің еліміздегі қылмыс пен зорлық-зомбылықтың жолын кесуде, жыл сайын із-түзсіз жоғалғандар мен анықталмаған адамдардың жеке басын анықтауда көмегі көп екен. Бұл туралы ІІМ Көші-қон полиция департаментінің бастығы Серік Сайынов Орталық коммуникациялар қызметінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы бойынша өткен брифинг барысында баяндады. «Биометрлік мәліметтердің із-түзсіз жоғалғандар мен анықталмаған мәйіттерді анықтау кезінде көп көмегі тиеді. Мәселен, жыл сайын 300 мыңға жуық із-түзсіз жоғалғандар мен анықталмаған мәйіттер тіркеледі. Бүгінде олардың жеке басын анықтау деңгейі өте төмен. Ізім-ғайым жоғалғандар мен түрлі табиғи апаттардың зардабын тартқан адамдарды түр-тұлғасы арқылы анықтау мүмкін болмаған жағдайда саусақ іздері айтарлықтай бұл істі жеңілдетеді», – деді өз сөзінде департамент бастығы.
Бұдан бөлек, жеке куәліктегі электронды чипке саусақ іздерін енгізу – адамды жүз пайыз бірдейлендірумен қатар, шекараралық тексеруден өтуді жеңілдетеді деп отыр. Яғни, Еуроодаққа мүше мемлекеттерде биометрлік паспорттары бар азаматтарды шекарадан өту кезінде шекара қызметкерлері тексермейді. Бұл біріншіден, жалған құжатты қолдан жасаудың жолын кесіп, өзгенің құжатын өз мақсатында пайдаланатындардың мәселесін шешеді, себебі, бір адамның саусақ іздері келесі біреудікімен сәйкес келмейді екен. Сондай-ақ, бұл жүйенің бір артықшылығы, адамның жеке куәлігі қолында болмаса да саусақтың ізімен банктердің, сондай-ақ, меморгандардың қызметін алуға болады. Алайда, бұл қылмыскерлерге өзге адамдардың саусақ іздерін пайдалану не болмаса жалған саусақ іздерін жасап шығару арқылы несие алу сияқты қылмысқа баруға жол ашады деген сөз емес.
«Себебі, әрбір адамның саусақ іздері өзгеше болып келеді. Оның 6-дан 200-ге дейін өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан оны банк операцияларын жасау үшін пайдалану мүмкін емес. Тіпті осы уақытқа дейін дактилоскоптық мәліметтерді пайдаланып, қылмыс жасады дегенді естіген емеспін. Ал саусақ іздерін сканерлеу кезінде электронды кодпен ілесіп жүретін кескіндеме сызық пайда болады, олар осы куәліктің артқы жағындағы электронды чипке енгізіледі. Ал саусақ іздерінің электронды нұсқасы бізде сақталады», – деп кесіп айтты С.Сайынов.
Оның айтуынша, заң жобасында дактилоскопияға ілігетін адамдар тобы нақты белгіленген. Олар: 16 жастан асқан барлық қазақстандық азаматтар, сонымен қатар 12-ден 16 жасқа дейінгі балалар (өздерінің келісімімен дактолоскопиядан өте алады), сондай-ақ, елімізде тұрғылықты тұрып келе жатқан шетел азамататтары мен мемлекетімізде табылуға виза алатын шетелдіктер. Жалпы, жеке куәлікке дактилоспиялық мәліметтер енгізу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізу жоспарланып отыр. Ал 2021 жылдан бастап барлық куәліктердің чиптарына дактилоскоптық мәліметтер енгізіледі, дегенмен осы уақытқа дейін жеке куәлік алған азаматтарға құжат мерзімі аяқталғанша жүре тұруға болады.
«Алдағы уақытта құжатты рәсімдеу кезінде ұзын-соңар кезек болмасы үшін ХҚКО-да азаматта қабылдау пункттерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Дактилоскоптық мәліметтерді енгузі үшін адамдар бар болғаны бұрынғы процедуралармен бірге сенсорлық құрылғыларға саусағын басып, бармақ мөрін қалдырады», – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген департамент басшысы. Оның сөзіне қарағанда, дактилоскоптық және геномдық тіркеу шараларына ел бюджетінен 24 млрд теңге бөлінбекші екен. Басқасы емес, дактилоскопияландырудың дәл осы түріне таңдауымыздың түскені – қаражат үнемдеумен байланысты екен. Жалпы дактилоскоптандырудың бұдан өзге де – дауыс тембрі, көз қабықшасын алу сияқты түрлі тәсілдері бар, бірақ бұл қымбатқа түскенімен қоймай, қолданысқа енгізуде біздің еліміз үшін айтарлықтай қиындықтар тудырады деседі.
Жеке басты растайтын құжатқа биометрлік мәліметтерде енгізу тәжірибесі әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бар. Жеке куәлікке саусақ іздерін енгізу тәжірибесін 2001 жылы террорлық актіден кейін АҚШ бастап көтерген болатын. 2004 жылдан бастап АҚШ құжат иесінің куәлігінде биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптарды бере бастады. Ал Еуроодаққа мүше мемлекеттердің арасында бірінші болып Германия 2007 жылы электрондық суреттен бөлек, саусақ іздері енгізілген құжат беруді қолға алды. Ал Турцияда бұл жүйені енгізу кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді, алайда бүгінде 20 млн-ға жуық адам дактилоскпиядан өткен. Қытайда дактилоскопияландыру үрдісі 2011 жылы басталды. Ал ТМД елдерінің ішінен Ресей 1998 жылы дактилоскопиялық тіркеу туралы, ал 2008 жылы мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заң қабылданды. Одан өзге мұндай заң Белорусь, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Молдова мемлекеттерінде бар. Бұл жүйені қолданысқа енгізуде көптеген елдерден көшіміз кейін қалып отыр. Десе де бұл тәжірибені енгізуге естеріңізде болса Қазақстан осыған дейін де бел шеше кіріскен болатын. Дегенмен, дағдарыс салдарынан бұл жүйені кейінге шегеріп келген екенбіз. Ал сіздің ойыңызша 2021 жылы осы жүйені қолданысқа енгізуге еліміз тас-түйін дайын ба? Бұл жүйеге деген сіздің көзқарасыңыз қандай?

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*