Айып тұрағына 22 көлік қойылды

Жыл басынан бері Петропавл қаласының жолдарында 19 мыңнан астам бұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі көлік тізгінінде келе жатып ұялы телефонмен сөйлесіп, қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Заң бұзушылыққа көбінесе жол-көлік оқиғалары себепші болып келеді. Талдау жұмыстары көрсеткендей, заң бұзған жүргізушілер айыппұлдарын төлеуге асықпайтын секілді. «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасағаны үшін салынған айыппұлдарын төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау мақсатында әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы басты мақсат – жазадан құтылмау қағидатын жүзеге асыру», – деп атап өтті СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Қазбеков.
Бұдан бөлек, айыппұлдарын төлемегендердің көліктері арнайы айып тұрағына қойылады. Айыппұлдарын төлемегені үшін жыл басынан бері 22 жүргізуші темір тұлпарларымен борыштарын толығымен төлегенге дейін белгілі бір уақытқа қош айтысқан. Борышкерлерді анықтауда «Жол приставы» жүйесі үлкен көмек көрсетуде. Жыл басынан бері оның көмегімен өндірілген әкімшілік айыппұлдардың көлемі 65 миллион теңгеден асып жығылады.
Айып тұрағына қойылған көліктердің қатарында «Мерседес» маркалы көлігі де бар. Оның жүргізушісіне қатысты 2 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Жылдамдықты асырғаны үшін оны көшелерде орнатылған арнайы бақылау-өлшеу құрылғылары тіркеген. Оның қарызы 40 мың теңгеден асып отыр. Айыппұлдарын төлеген соң көлік жүргізушіге қайтарылды.

СҚО ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*