Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Заң жобасы талқыланды

Заң жобасы талқыланды

Өткен жұма күні Ішкі істер министрлігінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бойынша ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдар, БАҚ, кәсіподақ және өзге ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ сарапшылар мен өзге мамандардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді.
Жиынға Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов төрағалық етсе, ІІМ орынбасары Рашид Жақыпов қатысушылардан түскен сұрақтарға бірден анықтама беріп, тиісті жерінде сәйкес ведомстволарға тапсырмалар беріп отырды. Ал ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Саинов, СІМ Консульдік қызмет департаменті директоры Ардақ Мадиев, ҰҚК Шекара қызметі шекаралық қадағалау Бас басқармасының бастығы Марат Мағжанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің саяси кеңесшісі (өкілетті офицері) Кристофер Макколоу баяндама жасаса, ӘМ-нің «Сот сараптама орталығы» ММ директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Сот сараптама институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Қалиолла Сейтенов талқылауға қатысты. Қоғамдық тыңдауға сонымен бірге, аймақтардан ІІД мен жергілікті Қоғамдық кеңес өкілдері бейнеконференция арқылы қатысып отырды.
Жиында баса назар аудартылғандай, заң жобасында ең бірінші кезекте ұлттық қауіпсіздік мүддесі көзделіп отыр. Соңғы уақытта әлемде асқынып отырған халықаралық терроризм ахуалы аясында бұл заңды қабылдау қажеттілігі әлдеқашан туды. Аталған құжат толық талқыланып қабылданған жағдайда елімізде бірегей биометриялық параметрлер жүйесі іске қосылмақ. Ол арқылы кез келген азаматтың биологиялық және геномдық ерекшеліктері туралы ақпараттар бір базалық орталыққа жинақталып, қажеттілік туған жағдайда бірінші кезекте криминалистік, кейінгі кезектерде іздестіру, анықтау себептеріне байланысты пайдаланылатын болады. Орталық база ІІМ-не қатысты РМК-да қатаң қорғалған тәртіпте сақталатын болады. Бұл заң жобасының осымен үшінші рет қабылдауға ұсынылуы екен. Бұған дейін 2001 және 2014 жылдары түрлі себептермен кейін қайтарылған. Егер биыл ұсынылып отырған жетілдірілген нұсқасы түрлі талқылаулардан кейін Парламент палаталарында мақұлдаудан өтетін болса, қаржылай шығындарына байланысты оның заңды күшіне енуі 2021 жылы ғана мүмкін болмақ екен.
Заң жобалары 2016 жылғы 10 маусымдағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша әзірленген. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобалары e.gov.kz ашық нормативтік актілер интернет-порталында және ІІМ-нің ресми порталында жарияланды. Заң жобасын қабылдау мақсаты жеке басты куәландыратын құжаттарға адамды сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу қажеттілігінен туындап отыр.
Қоғамдық тыңдау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов: «Қазақстанда биометриялық паспорттық-визалық құжаттарына қосымша дактилоскопиялық параметр енгізу биометриялық анықтау және сәйкестендіру жүйесін жасақтауға және енгізуге мүмкіндік беріп, құжат иелерін жалған құжат жасау арқылы жасалатын алаяқтық және өзге қылмыстық әрекеттерден қорғайды», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ақпараттық жүйені пайдалана отырып іске асырылатын мемлекеттік және жекеменшік қызмет көрсету түрлерін кеңейтеді, визалық режимді жеңілдетеді және көші-қон қауіпсіздігінің тиімділігін арттырады.
Қазақстанда жеке басты, жанұяны куәландыратын он бір құжаттың жетеуі (паспорт және азаматтың жеке куәлігі, шетелдіктің ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамдың куәлігі, дипломатиялық және қызметтік паспорттар, теңізшінің жеке куәлігі) құжаттың иесі туралы, оның ішінде биометриялық ақпарат – фотобейнесі, қолы туралы граяикалық және мәтіндік ақпараттар қорғалған түрдегі микросызбалар болып табылады. Қабылдауға ұсынылып отырған биометриялық құжаттар ICAO халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, оларда адамның беті жаһандық биометриялық технология арқылы танылады, оған қосымша әрбір мемлекет факультативті түрде саусақ іздерін тану технологиясын пайдалана алады.
Тыңдауға қатысушылар тұлғаны сәйкестендіру бойынша биометриялық технологиялардың заманауи мүмкіндіктері әртүрлі мемлекеттердің паспорттық-визалық тіркеу жүйелеріне енгізілгені туралы айтып өтті. 2009 жылы Еуропалық одақ регламентімен Визалық кодекс қабылданды, соған сәйкес Шенген аймағына кіру үшін виза алу кезінде шетел азаматтарына биометриялық тіркеуден өту қажет. Онда қолдың 10 саусағының іздері алынады және 5 жылға кем емес уақытқа дейін сақталады, мерзімі өткен жағдайда дактилоскопиялық тіркеу қайталанады. Германияда, ҚХР, Түркияда, ТМД қатысушы мемлекеттерде (Өзбекстан, Беларусь, Ресей Федерациясы және т.б.) барлық жасы үлкен азаматтарды және мемлекетке келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды кезең-кезеңмен дактилоскопиялық тіркеу жүргізіледі.
Халықаралық тәжірибені ескерсек, Қазақстанда жеке тұлғаны куәландыратын құжаттарда және Қазақстан Республикасының визаларында қосымша биометриялық ақпаратты қолдану үшін объективті жағдай жасалған.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Интернационал-жауынгерлерге құрмет

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде Ауған соғысының ардагерлері мен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстардың қатысушыларына …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған