Басқы бет / «Сақшы» газеті / Тұлға / Шоқтығы биік Шоханов

Шоқтығы биік Шоханов

Биыл мерейтойлы жыл: біріншіден, атақты, Орталық Азиядағы ең ауқымды, бүкіл саланы қамтыған ұлт-азаттық қозғалысымыздың жүз жылдығы болса, екіншіден, мемлекетіміздің саяси сахнаға шығып, өз егемендігін жария еткеніне де ширек ғасыр уақыт толып отыр.

Әлемдік тұрғыдан жиырма бес жыл ұзақ мерзім де емес шығар, алайда, ғасырлар бойы аңсап, ата-бабамыз табандылықпен тіресіп, қасық қаны қалғанша шайқасқан, тарих сахнасында қалу-қалмау мәселелері туындап, туған жерден қашып, тарыдай шашылуға мәжбүр болып, үзіле-үзіле қол жеткізген егемендігіміз өзімізге тым қымбат.
Омырауына өзі түгіл, өзгені сыйдырған дархан даламыз біздің мирас меншігіміз, Отанымызды қастерлеу, сүю, ана сүтімен бірге бойымызға сіңірілуі де таңғаларлық жайт емес. Бұл біздің табиғи қалыптасқан қасиетіміз десек те болады. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан-теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деп бағытымызды нақты анықтап берді.
Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекеттегі заңдылықты қадағалап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қиын әрі игі қызмет атқаратын Қазақстан полициясы да осы жылы жиырма төртке, былайша айтқанда, жігіт жасына келіп отыр. 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын.
Осы жылдар бойы біздің, яғни қарапайым азаматтардың санасында полиция жайлы сан-алуан ойлар қалыптасқаны шындық. Қылышынан қан тамып, халықтардың үрейін туғызған Кеңес Одағының ыдырауынан соң, посткеңестік кеңістікте өзінше бір тұрақсыздық, заңға бағынбаушылық кеңінен етек алғаны да рас. Осы замандарды басынан кешірген ішкі істер органдары қызметі өз міндетін адал атқарғанын ел мойындауы керек. Азаматтық қоғамның заңдарын да, заңдылықтарын да мүлтіксіз сақтаған, қылмыскерлердің адымын аңдып, халықтың тыныштығын сақтаған да полиция екенін есімізден шығармауымыз керек. Мемлекетіміздің әр азаматының заңды құқықтары мен бостандықтарын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін де осы погон таққан полиция қызметкерлері.
Бұл жерде, ішкі істер органына қызметке келген жас ендігәрі тек ата баласы емес, халқы үшін төсін оққа тосудан тайынбайтын ел баласына айналуына жоғарғы буын септігін тигізіп, жылдар бойғы тәжірибелерімен бөліседі. Бұл да бір ұрпақтар сабақтастығының көрінісі, үлкеннен кішіге мұраға қалдырылатын асыл тәжірибе.
Ал осы өз алдына егеменді ел болып қалыптасқан 25 жылдық ішінде мемлекетімізде әр мамандық иесі өз марапатын алып, құрмет пен сый-сияпатқа бөленіп отыр. Тәртіп сақшылары да еңбегіне сай, 1995 жылы тағайындалған, ішкі істер қызметкерлерінің заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары, әскери және қызмет бабындағы парызын өтеудегі көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ, мемлекет мүддесін қорғауда көрсеткен ерлігі үшін «Айбын» орденімен марапатталып отырады. Ерлік көрсеткені үшін осы ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ие болғандардың бірі полиция аға лейтенанты Самат Шоханов болатын.
Самат ішкі істер органына 2011 жылдың ақпанында қызметке келген. Оның бойынан нағыз ер азаматқа тән қасиеттер табылатын. Жас сарбаз туа бітті мінезіне сай, қатаң тәртіпке тез дағдыланып, атқаратын ісінің мән-жайын тез түсінген, алғыр да талапты жас қысқа мерзімде әріптестерінің арасында ерекше беделге ие болды. Небәрі үш жылдың ішінде аға лейтенант лауазымына да қол жеткізді. Басшылық құрам оның кәсібилігінен бөлек, азаматтығын да жоғары бағалады. Содан да 2012 жылдың күзінде, яки қараша айында басшылық құрам Саматқа жедел уәкілдің қызметін жүктеді. Бұл қызметтің атағы қаншалықты жоғары тұрса, жауапкершілігі де соншалықты жоғары.
2014 жылдың мамырында тек Астананы емес, барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірген қанды оқиға елдің есінен әлі кете қойған жоқ. Қазақстан Республикасының заңына қайшы, қала берді адамзат заңына қайшы қылмысқа қарсы тұру барысында әлі де буыны қатпаған, жас жігіт өз міндетін орындау кезінде қайтыс болды. Астана қаласының Сарыарқа аудандық Ішкі істер бөлімі жүргізген тергеу жұмыстарының нәтижесінде, ірі көлемде есірткі затын сақтап әрі таратқан жауыз анықталады. Жедел топ құрылып, жұмыс басталып кеткен-тін. Сол кезде жедел криминалдық бөлімнің басшысы топтың әр мүшесіне орындайтын жұмысын тиянақты түсіндіріп, әдеттегідей бағыттама жүргізген. Топ құрамында болған полиция қызметкерлері басшылық бекіткен тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындау үшін әрқайсысы бекітілген жұмыстарға жауапкершілікпен кірісті. Ал Самат болса бейнетүсіру жүргізуге тиісті еді. Алыспай беріспейтін жау, істің насырға шапқанын түсініп, қашып құтылуға әрекет жасайды. Қаскөй қылмыскерге қарсы тұру кезіңде полиция қызметкері, аға лейтенант Самат Шоханов шоқ жұлдыздай жарқ етіп сөнді. Орда бұзар жасында өр тұлғалы Самат Шоханов осылайша өмірмен қош айтысып кете барды. Осынау ерлігі үшін «Айбын» ордені офицердің артынан зар еңіреп, жер сипалап қалған туыстарына табысталды.
Қазақстан территориясының географиялық орналасуының ерекшелігі – мемлекетіміз тоғыз жолдың торабында жатыр. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші, осы жолдарды қылмысты топтар, есірткі саудагерлері, адам саудасымен айналысатын әккі қарақшылар өз пайдасына бағындырғысы келіп-ақ тұрады. Осы азғындармен күрес жүргізу полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Себебі, қандықол қылмыскерді құрықтау полиция қызметкеріне жүктелген тікелей міндет.
Адамгершіліктің өлшемі – артыңда жарқын із, жақсы іс қалдыру. Ерліктің өлшемі – өнеге болу. Бұл мақалада атын атап, ерлігін есімізге алған Самат Шоханов – алтынның сынығы, халқымыздың біртуар азаматы еді.
Өзгенің баласын жетімсіретпеймін деп, өз перзенттерін жетімдікке қиған марқұм Жанайдар Жирентаев та, тыныштықты сақтаймын деп жанын қиған Марғұлан Құнаев та, заң бұзушылыққа жол бермей, төсін оққа тосқан Самат Шоханов та өсіп келе жатқан, егеменді еліміздің ертеңі болып отырған жас ұрпаққа өнеге. Елім деп еңіреген ердің ғана қолынан келетін қадамға барып, бейбіт күнде жасаған батырлықтары болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталары да сөзсіз.
Қазақстан – қазақ халқының, ата-бабамыздың мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпағанымыз абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, осы күндеріміздің қорғаны болып, қаскөйлерге қасқая қарсы тұруда тайсалмаған полицейлер тәуелсіз ел тыныштығына үлес қосып жүрген бүгінгі заман қаһармандары.

Шынар УАЙСОВА,
Астана қалалық ІІД мұражайының меңгерушісі

Сондай-ақ, оқыңыз

Қош бол, қарулас дос!

Миллиондаған тұрғыны бар Алматы шаһарының халқы іскер, жұмысбасты десек те болады. Кептеліспен күрескен жұрттың әр …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған