33-қадамды жүзеге асыру міндеті

Құқық қорғау органдарын жаңғырту жөнінде Ұлттық комиссияның отырысында мақұлданған, «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында, 33-қадамды іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі «Пробация қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне пробация сұрақтары бойынша өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеген еді.
Осыған орай аймақтарда жергілікті әкімдіктердің қолдауымен «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау бойынша дөңгелек үстелдер өтуде.

Қызылорда облысы
Қызылордада өткен дөңгелек үстелге ғылым қайраткерлері, жергілікті атқарушы органдар, сот, прокуратура, құқық қорғау органдары өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, консультативтік-кеңесші орган, қоғамдық бақылау комиссиясы, ұлттық алдын алу тетігі, бизнес-құрылымдардың өкілдері шақырылды.
Заң жобаларын талқылау мақсатында Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында өткен дөңгелек үстелді ІІМ мен Қызылорда облыстық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың төрағалығымен өткен жиында күн тәртібіне қойылған мәселе кеңінен сөз болды. «Бұл кездесу – Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың бір тетігі. Өйткені, «100 нақты қадамның» 33-қадамы пробация қызметін жетілдіруге арналған. Яғни, құжатта пенитенциарлық пробация – сотталғанды үкім шыққан күннен бастап қоғамға қайта бейімдеу бағытындағы іс-шараларды жетілдіру көзделген», – деді Руслан Рүстемов.
Жиында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығы, әділет полковнигі Ғанибек Отарбаев баяндама жасап, заң жобасындағы жаңалықтар жөнінде айтып өтті.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-нің қалалық, аудандық Пробация қызметтерінің есебінде 1071 қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотталған тұр. Өткен жылмен салыстырғанда сотталғандар саны 14 пайызға өскен», – деп атап өтті Ғанибек Отарбаев.
Сонымен қатар, ҚАЖД бастығы түзеу мекемелерінен жазалары неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылып, пробациялық бақылау белгіленіп, пробация қызметіне 258-сотталған есепке алынғанын тілге тиек етті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 68 сотталғанға көбейген.
Есепте тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша 2016 жылдың 9 айы бойынша 1680 жеке бағдарлама толтырылып, облыс бойынша жергілікті атқарушы мекемелерге жолданып, оның 1165 жеке бағдарламасы бойынша түрлі көмектер көрсетілген. Жиында сондай-ақ, облыс прокурорының аға көмекшісі Мейрамхан Ибрашев пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева өз баяндамаларын жасады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар заң жобаларын кеңінен талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-де ұйымдастырылған дөңгелек үстел облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың төрағалық етуімен өтті.
Жиынға ғылыми қайраткерлер, жергілікті атқару органдары, сот, прокуратура, құқық қорғау органдары өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және қоғамдық бірлестік өкілдері қатысып, мамандар пробация қызметіне қатысты ұсыныстарын білдірді.sqo-bojynsha-qazhd-probatsiya-turaly-qr-zangy-talqylandy-3
Дөңгелек үстелде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-нің бастығы, әділет полковнигі Бөкенбай Жүсіпов шара қатысушыларына белсенділік танытып, табысты жұмыс атқаруға шақырды. Жиын барысында облыс бойынша ҚАЖД ПҚБЖБ бастығы, әділет подполковнигі Теміржан Елжасов жиналған қауымды «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларымен кеңінен таныстырып өтіп, басты бағыттарына тоқталды.
Отырыс барысында заң жобасының сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны енгізуге қатысты сұрақтары қызу талқыланды.

Нұрсұлу КӨБЕНОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*