Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / 45 жылдықтағы қарымды істер

45 жылдықтағы қарымды істер

Биыл ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының құрылғанына 45 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды академиялықтар жыл бойына жоғары деңгейінде атап өтуде. 45 жыл бір адамның азды-көпті ғұмыры. Ал Академия үшін аз уақыт болып көрінгенімен оқу ордасы осы жылдар ішінде біраз асулардан өтіп, бірталай жетістіктерге жетті. Төменде біз Академияның қалыптасу тарихына тоқтала кеткенді жөн көрдік.
1971 жылы Қазақ КСР-нің Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың 1 қарашадағы бұйрығына сәйкес, Қостанай облысаралық кіші және орта басшы құрамының алғашқы дайындық мектебі құрылды. Осы тарихи күннен бастап, заманауи жоғары ведомстволық оқу орны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қостанай Академиясына дейінгі тарихи жолды қалыптастырды.
Бұл әрине, ұжымның ауызбіршілік, иық тіресе жұмыс істеген ұйымшылдықтың арқасында қол жеткізген биік белес еді. Ал, Үкіметтің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен ІІМ Қостанай Академиясына ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. Осылайша кезінде кішігірім мектептен бастау алған оқу орны бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі ел қызығатын Академияға айналып отыр. Жоғарыдағы бұйрықты басшылыққа алған академиялықтар осы жылды мерейтой ретінде атап өтуге бел буды. Осылай Академияның тасқа басқан тарихы бар өзіндік өмір-өзені қалыптасып келеді.
Биыл Қостанай Академиясы үшін жемісті әрі абыройы асқақтаған жыл болды десек, артық айтқандық емес. Өткені биылғы көктемін қара шаңырақ мерекелік шара – облыстық ХХІІ «Студенттер көктемі-2016» фестивалін атап өтумен бастады. Бұл мерекенің оқу орны үшін маңызы ерекше.
45 жылдықтың нағыз салтанатты мерейтойы жақында Академияда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: нәтижесі және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен бастау алды.
Конференцияға шетелдің жоғары оқу орындарынан, атап айтқанда, Түркия ұлттық полиция академиясы, Ресей ЖОФҚ және ІІМ жоғары оқу орындарынан білікті мамандар келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Басқосу барысында ҒЗИ, Ресей ЖОФҚ Академиясы, Вологда құқық және экономика институты, Воронеж институты, Самара заң институты, Киров қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты, Ресей ІІМ Мәскеу университеті, К.Г.Разумовский атындағы технология және басқарма Мәскеу мемлекеттік университеті, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы ұлттық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Академиясы, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университеті (Мәскеу қаласы), Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінің Минск филиалы, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті, Орал мемлекеттік заң университеті (Екатеринбург қаласы), Челябі мемлекеттік педагогикалық университеті, Магнитогорск мемлекеттік техникалық университеті, Челябі мемлекеттік университетінің өкілдері ғылыми баяндама жасап, ашық алаңда пікір алмасты. Сонымен қатар, халықаралық жиында қазақстандық жоғары оқу орындары мен ұйымдары – Б.Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды Академиясы, ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, ІІМ-нің Астана, Қостанай қалаларындағы оқу орталықтары, «Тұран» университеті, Қостанай облысы ТЖД, ІІМ ТЖК, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай филиалының Челябі мемлекеттік университетінен барлығы 110 ғылыми баяндама оқылды.
Конференцияның ашылу салтанатында ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды оқу орнының 45 жылдық мерейтойымен құттықтап, ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Қостанай облысының 80 жылдығы және Академияның құрылғанына 45 жыл толуына арналған салтанатты шара қалалық «Мирас» мәдениет үйінде жалғасты. Облыстық «Қостанай таңы» газеті мен Қостанай Академиясының ұйымдастыруымен өткен салтанатты кеш республикалық «Домбыра-думан» шығармашылық фестивалімен ұласты.
Конференциядан кейін осы күні алғаш рет Тобыл өңірінде бастау алған домбыра-думан республикалық деңгейге көтеріліп, қазақтың ұлттық аспаптары ұлықталды. Облыстық «Қостанай таңының» тың бастамасын Академия ұжымы бірауыздан қолдап, фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырып, халыққа паш етті.
Өңірдегі баспасөздің қара шаңырағы – «Қостанай таңы» газеті бастамашы болған айтулы шараның маңызы ерекше, ауқымы да кең. Маңызын ерекше деуіміздің өзіндік себебі де бар. Өйткені, «Домбыра-думан» фестивалі Қазақ КСР Ішкі істер министрі қызметін атқарған Шырақбек Қабылбаевтың қазіргі уақытта Қостанай Академиясының мұражайына қойылған домбырасының құрметіне арналды.
Мерекелік шараға Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Рудный индустриалдық институтының студенттері мен ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы, ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институты, ҚР Ұлттық ұланы Әскери институты мен Академия курсанттары қатысты.
«Күй» және «Дәстүрлі ән» аталымдары бойынша өткен байқауға күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айтбай Мұздаханов төраға болып, ақын, ғалым ағаларымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – Серікбай Оспанұлы мен Нағашыбай Мұқатов, әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Молдағалиев, күйші, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Шәкіров қазылық жасады. Айтулы шараға бірқатар қадірлі меймандардың да шақырылғанын да айту керек.
Республикалық «Домбыра-думан» фестивалінің «Күй» аталымы бойынша «Шырақбек Қабылбаев» атындағы бас жүлде М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенті Амангелді Өмірзақовқа тапсырылды. Ал ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының өкілі Олжас Сұрағанов «Дәстүрлі ән» атылымы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, «Жәнібек Кәрменов» атындағы сыйлықты иеленді.
«Домбыра-думан» шығармашылық фестивалінен кейін Академияның саптық алаңында 1-курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Ресейден келген меймандар, ата-аналар мен басқа да қадірлі қонақтар қатысты. Атап айтқанда, түлектерге ақ жол тілеген аға буынның ішінде ІІО мен ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков болып, ардагер қара шаңырақтан түлеп ұшқан қарлығаштарға абыройлы қызмет тілеп, анттарына адал болып қалуларын айтты. Сондай-ақ, шараға ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бастығы, полиция полковнигі Алтынғали Әбдіғалиев те қатысты. Департамент бастығы оқуда үздік шыққан түлектерге қызыл дипломдарын салтанатты түрде табыс етіп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында құттықтау сөз алған Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов: «Ант қабылдау – Академияға оқуға қабылданған курсанттың салтанатты рәсімі, ішкі істер органдары қызметіндегі маңызды қадамдардың бірі. Жас полиция қызметкерлері ішкі істер органдарының беделіне кір келтірмей, алға қойған міндеттерді мінсіз орындайтындарына сенім мол», – деп атап өтті. Ант қабылдау рәсіміне келген құрметті қонақтар да өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Академия қызметкерлерін мерейтоймен құттықтап, үлкен өмірге жолдама алған курсанттарға ақ жол тіледі. Ант қабылдау рәсімінен кейін Академияның курсанттары спорттық және жауынгерлік көрнекі көріністерді халыққа паш етті.
Салтанатты рәсім соңында Академия курсанттарынан құрылған хор Академияның «Шырақбек аға» әнұранын орындады. Мерекелік шаралар біткенде Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы ата-аналармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Шырақбек атамыздың атындағы Қостанай Академиясының басшылығы мен ұжымы атамыздың сөңген шырағын қайта тұтатып, аруағына тағзым етіп, Академияның атын тағы да елге танытып, 45 жылдық мерейтойды осылайша атап өтуде. Сөз соңында Академияның 45 жылдық мерейтойына арналып «Міндет. Абырой. Ерлік» атты журналдың жарыққа шыққанын да айта кетейік.

Мейрам ОСПАНОВ, Қостанай қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Бала жетістігі – ата-ана қуанышы

«Адамның бақыты – балада» деген халық даналығы текке айтылмаған. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған