Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Ұлт бірлігін нығайту – ұлық мақсат

Ұлт бірлігін нығайту – ұлық мақсат

ІІМ-нің Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығы
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы». ІІМ-нің Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығында ақын-жазушы, ғалымдармен өткен кездесу осылай аталды.
Кеш қонақтары – филология ғылымдарының докторы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сабыр Нұрманұлы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ерлік» мұражайының директоры Ақмарал Асанқызы. Сыр-сұхбат барысында тыңдаушылар қонақтарға сан қилы сұрақтар қойып, мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, мерейін тасыту үшін жүргізіліп жатқан үштұғырлы тіл саясаты, мемлекеттің тілді жеделдете меңгерту бағдарламасы секілді ауқымды тақырыптар қозғалды.
Кеш қонағы М.Мырзахметұлы: «Елімізде тілді меңгеруге барлық жағдай жасалған. Тіл – ұлттық идеологияны қалыптастырады. Қанша тіл білсең, сонша мәдениет білесің, дүниетанымың кеңейеді. Сондықтан рухани баюымыз үшін көп ізденіп, көп оқуларыңыз қажет», – деп жастарға ақылын айтты. Б.Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзін тағы бір еске салған ғалым тыңдаушылар әдеби еңбектерді оқып, рухани азық алуға шақырды.
Ал, Сабыр Нұрманұлы адамзатты бір-бірімен жақындастыратын тіл екенін, үлкен дауларды шеше білген аузы дуалы шешендер де туған тілдің қадірін түсіне білгенін айтып, ең бастысы жүректе рух болу керектігін атап өтті. Ақын кеште жалынды өлеңдерін оқып, тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады.
Оқу орталығының тыңдаушылары мерекелік кеште патриоттық әндер шырқап, біртуар ақындардың өлеңдерін оқыды. Шығармашылық жұмыс бойынша 3-топ тыңдаушысы М.Жанболатов пен 6-топ тыңдаушысы Ж.Медеева ана тіліне арналған төл туындыларын оқып, көпшілік қошеметіне бөленді. Оқу орталығы жеке құрамы арасында дүнген, орыс, украин, әзербайжан, беларусь, башқұрт ұлттарының өкілдері мемлекеттік тілде өлеңдер оқып, мерекемен құттықтады.
Ал тіл мерекесіне арнайы ұйымдастырылған үздік қабырға газеті сайысы бойынша 1-орынға 8-топ, 2-орынға 9 және 12-топтардың, 3-орынға 6 мен 11-топтар тыңдаушылары ие болды.
Сонымен қатар, тыңдаушылар апталық барысында түрлі сайыстарға қатысып, өзге ұлт өкілдері арасында тіл меңгерту жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік тілде сауатты жазу бойынша А.Пунько, И.Маршталлер, Е.Кильданкин өзгелерден озып шықса, Д.Новиков «Кім қанша сөз біледі?» сайысының жеңімпазы атанды. Өзге ұлт өкілдері арасында сайыс өткізу арқылы Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтуды көздеген мұндай шаралар қазақ тілінің Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың этносаралық ортақ тілі екенін, оның қадір-қасиетін ұғындыруға ықпал етері сөзсіз. Оқу орталығында ұйымдастырылған тіл апталығы да жеке құрам мен тыңдаушылардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға бағытталған.

А.ӘЗТАЙ

Алматы қаласының Наурызбай ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы және Қазақстан халықтары тілдері күніне орай аудандық құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің арасында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты байқауы өтті.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау. Ал міндеті – мемлекеттік almaty-nauryzbaj-til-merekesiбасқару органдары мен мекемелері қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, шешендік қабілетін дамыту, мемлекеттік тілде жұмыс істейтін мамандарды көтермелеу болатын.
Тіл сайысына Наурызбай ауданының құрылымдық бөлімшелері, атап айтқанда, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық медицина бірлестігі, аудандық ІІБ, аудандық Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы, Жұмыспен қамту орталығы, Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері топ болып қатысты. Топ құрамында 4 адамнан болды. Байқау «Сәлем – сөздің атасы», «Сұрақ-жауап», «Сөздің көркі – мақал-мәтел», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» сынды төрт айналымнан тұрған сайыс кезеңдерінде қатысушылар өздерін таныстырып, тілге қатысты саяси сұрақтарға және әдеби шығармалар авторларын тауып жарысты. Сонымен қатар, түрлі тақырыптар бойынша мақал-мәтелдің екінші жартысын тауып жалғастырды. Наурызбай аудандық ІІБ ЖПҚ учаскелік полицей лейтенанты Әділбек Тоқтабаянұлы «Тәуелсіздік тұғыры» атты өлеңін оқу арқылы тіліне, еліне деген ойын, құрметін көрсетті. Өзге топтар қазақша ән айтып, би биледі.
Сайыста Наурызбай аудандық ІІБ-нан Дәулет Ризабекұлы мен Әділжан Тұрысбек өздерін мақал-мәтелді жақсы білетіндерін көрсетіп, сұрақтарға жылдам жауап беріп отырды. Өздерінің жұмыстарына байланысты уақыт тапшылығына қарамастан шығармашылықпен айналысатындарын көрсетті. Топ капитаны Әділбек Тоқтабаянұлының айтуынша, сақшылар тек тыныштықты ғана қорғап қана қоймай, тілін де қорғайды. Себебі, бұл тәуелсіз бақытты елге қол жеткізген батыр бабаларымыздың елімен қоса тілін де қорғап жүру біздің міндетіміз деп атап өтті. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды аудандық мемлекеттік кірістер орталығы алса, 2-орынды жинаған балл есебі бірдей болғандықтан аудандық ІІБ қызметкерлері мен Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы қызметкерлері өзара бөлісті. Ал, 3-орынды Халыққа қызмет көрсету орталығының командасы місе тұтты. Аудандық медицина бірлестігі қызметкерлері мен Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Жүлделі орын алған топ мүшелері мен басқа да қатысушылар диплом және алғыс хаттармен марапатталып, бағалы естелік сыйлықтар алды.

А.МАХМҰТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Елорда – елдіктің тірегі

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінде «Жүрегім менің – Астанам» атты мерекелік шара өтті.

Бір пікір

  1. Амина

    Мұндай-мұндай сайыстарды ұйымдастырып отырған дұрыс екен. Көңіл көтереді, тілге деген құрметті атқарады.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған