Жақынын жоғалтқандар мен жағдайын оңалтқандар немесе қоғам неге қатыгезденіп барады?

Баяғыда адамдар малын жоғалтушы еді, замана ағымы солай ма әлде техника дәуірлеген тұста көрінбейтін кеңістікке адамдар жұтыла береді ме, білмедім, айдың-күннің аманында жүздеген, тіпті, мыңдаған адамдар жоғалып кететін болды. Оған тіпті етіміздің үйренгені соншама, соңынан іздеуді де қойдық.
Көнекөз қариялар мұндайда «мал екеш малды да іздеуші едік, не болып барамыз осы!» деп сақалдарын көкке сауады, аналар жаулықтарының ұшымен көздерін сүрткіштейді. Бірақ, одан табылып жатқан жан жоқ. Осы жоғалудың жай-жапсарын зерттеп жүрген адамды және көрмейсіз. «Е, тағдырдың жазмышы да» дейді де қояды. Сол жазмыштың аясында қаншама жан жазықсыз жапа шегуде. Осының мәнісіне, тереңіне үңіліп көрдік пе?
Ендеше, біз үңіліп көрелік.

ҮЙДЕН ҰЗАЙ ҮЗІЛГЕН ІЗ
Биылғы мамыр айында Сарыағаш қаласынан Шымкентке қарай таксимен жолға шыққан Әйгерім Оспанбекова екі ортада ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ол үйінен түскі сағат 3-тер шамасында шыққан екен. Барар жеріне жетпеген соң әкесі байғұс шырыл қақты.
Студент қыз өзі отырған таксидің жүргізушісінен секем алатынын айтып құрбыларына SMS жолдапты. «Қалаға кіре берісте күтіп алуларын» өтінген. Алайда, Әйгерім қалаға жетпеді. Телефоны да үнсіз қалды. Полицейлермен қатар еріктілер де жоғалған қызды іздеуге шықты. Ауыл адамдары даланы сүзіп шықты. Әке мен шеше үміт пен күдіктің арасында шығарға жаны бөлек шырылдап жүргендерінде хабар жетті. Иә, қаралы хабар еді ол. Екі апта бойы табылмаған Әйгерімнің денесі бір қуыстан табылды. Қанішер әуелі қыздың аяқ-қолын мықтап матапты. Кеше ғана қос жанары мөлдіреп, ақ көйлегі желбіреп, қара шаштары толқынданып, аппақ жүзі жалқынданып бара жатқан қыздарының енді қайта оралмасын білгенде ана жүрегі қайтті екен? Сұм дүние-ай десеңші…
Айтпақшы, жуырда қатыгез таксистке қатысты сот процесі өтті. Судья оны 16 жылға кесті.
Содан кейін Түлкібас ауданы жақтан түтін шықты. Түтін болғанда сұсы бөлек, қап-қара. Шымкент қаласынан шыққан Әшіркүл Баймұратова Түлкібастағы туыстарына келеді. Сол күні таудан түнеріп қара бұлт түсіп келе жатыр еді дейді көргендер. Не түлен түрткенін өзі біледі, осыны көре тұра Әшіркүл жанына жеті жасар қызды ертіп тылсым тау қуысына қарай жөнеле берген. Біреулер оны қызғалдақ теруге кетіп еді деседі. Екіншілері тау тамашасын көруге барып еді дейді. Қалай дегенде де түңіреңкі тау оларды құшағынан босатпады.
Төтенше жағдай жөніндегі департамент қызметкерлері сол түні тауда нөсер жауын жауғанын алға тартады. Тауға кеткен екеудің туыстары соңдарынан іздеп барып таба алмай кері оралған. Төтеншеліктерге, полицияға хабар берген. Жедел іздестіру тобы керек-жарағын асынып тау қияларына аттанды. Іздеу үш күнге жалғасты. Ауылдан 20 шақырым жерде құздан құлап кеткен Әшіркүлдің өлі денесі табылды. Жеті жасар жеткіншек бір қуыста бүрісіп отырған күйі жантәсілім етіпті. Сірә, суық өтіп кетсе керек. Оларды жолға қандай құдірет айдап шықты екен? Оны енді ешкім де айта алмайды.
Статистика деректеріне сүйенсек, 2015-2016 жылдары республика бойынша 157 адам жоғалып кеткендер тізіміне еніп, соңынан сүйектері табылған. Оның 16-сы айуандықпен өлтіріліпті. Құқық қорғаушылар мұндай жағдайда оларды «бақытсыздық» деп бағалайды екен. Сонда бақыттылар қандай болады? Сірә, із-түзсіз жоғалып кетіп, көңілді суытып барып ойда-жоқта табылу бақыттылық шығар. Дегенмен, соңдарына ешқандай із тастамай ізім-қайым жоғалғандар да кездеседі. Осыдан 15 жылдай бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінен зейнеткерлікке шыққан белгілі журналист Қайым Тілегенов таңертең үйінен шығып қайта оралмады. Көршілері таңертең пәтерінен шығып әлдеқайда кетіп бара жатқанын ғана көріп қалған. Содан кейінгі із шорт үзіледі. Қайда жоғалды? Кім ұрлап әкетті? Ешкім ештеңе білмейді.
Үйден ұзай үзілген із осылай жұмбақ күйінде қалды.

ҮМІТТЕР ЕШҚАШАН ҮЗІЛМЕЙДІ
Былтыр республика бойынша 3 мыңнан астам адамға іздеу жарияланыпты. 2016 жылдың шілде айына дейін 2661 адам жоғалды деген дерек тіркелген. Бір жарым жылдың ішінде 5661 адамның 1428-інің дерегі анықталыпты.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бейбіт Сейдировтің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 372 адам жоғалып, оның 180-і табылыпты.
Полиция қызметкерлері жоғалған адамның түр-түсін, киген киімін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, кімдермен араласатынын, неге қызығатынын, тағы басқа да керекті деректі бүге-шігесіне дейін сұрап білуге құқылы. Олардың қай жерде жүргендерін туыстарына қоңырау шалып-ақ анықтайтын кездер болады. Жоғарыдағы 372 жоғалушы тәулікке жетпей табылған. Белгілі уақытқа дейін жоғалғаннан дерек болмаса дереу іздеу жарияланады. Осы кезде Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері мен еріктілер де көмекке келеді. Жағдай тұйыққа тірелгенде ішкі әскер де жұмылдырылады. Кейде мәйіттер табылып жататыны да рас. Мұндайда адам жоғалтқандар шақырылып мәйіттің кімге тиесілі екені анықталады. Манипулярлық-генетикалық сараптама жасалады. Сөйтіп, марқұмның кім екені айқындалып жатады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыстық департаменті биыл 192 адамға іздеу жарияланғанын көрсетті. Солардың 158-і табылыпты. 34-і іздестірілуде. Әрине, «кебін киген келмейді. Кебенек киген келеді». Үміттер ешқашан үзілмек емес.

ҚИСЫНҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?
Қазақ халқы ырым-жоралғыға сенгіш келеді. Адам жоғалса да, мал жоғалса да жүгіріп көріпкелге, балшы-балгерлерге, құмалақшыларға барамыз. Олар түрлі жорамалдар айтады. «Біреулер ұстап отыр» деп сендіріп те қояды. Кейде жорамал айнымай келіп те қалады. Дегенмен көбіне адамдарды автокөліктер байқаусызда қағып кетеді. Қылмысын жасыру үшін жүргізуші мәйітті айдалаға апарып көміп тастайды. Содан кейін оны тауып көр. Алайда, жоғалғанның барлығы домалап келіп дөңгелектің астына түсуі мүмкін бе? Ал, түсті делік. Сонда адам қаққан көлікті ешкімнің көрмеуі мүмкін бе? Жүргізушілер неге адамдарды жұрт көзінен таса жерде қаға береді? Мұның сырына үңілген жан бар ма? Жоғалғандар жөнінде және бір жорамал олардың құлдыққа салынуы. Бұл тұзақтан құтылу оңай емес. Екінші бір болжам ішкі ағзалары үшін ұрланатындар. Қазір мұны да жоққа шығара алмайсыз. Бүгінде әлемде адам саудасы өршіп тұр. Талай жыл құлдықта болып қашып шығып келіп жатқандар жөнінде оқып та, естіп те жүрміз. Оларды іздеп табу құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де оңай шаруа емес. Қоғамда жоғарыда айтылатын екі жәйттің де кездесетіні жасырын емес. Ендеше, бұған жол беріп отыра беруге тағы болмайды.
Мына бір әңгімені шындыққа балағымыз жоқ. Кей бақуатты кісілер үйлеріндегі қасқыр итті адам етімен қоректендіреді деседі. Адам етіне бір дәніккен әлгі ит түні бойы арсылдап, үйге адам жолатпайтын көрінеді. Мұны енді сандырақ дейік. Бірақ, қазіргі қоғамда не болмай жатыр?
Бір өкініштісі, жоғалғандар арасында балалар да көп. Олардың ағзасы қымбат тұрады деп те естиміз. Тіпті, қаңғыбастың өзін кәдеге жарататындар бар деседі.
Қарап отырсаңыз, әркім әрқалай жоғалады. Біреулер үйімен ұрысып шығып кетеді. Екінші біреу мал іздеп жүріп адасып мерт болуы мүмкін. Тағы бірі жасаған ауыр қылмысын жасыру үшін әдейі өзін-өзі жоғалтады. Кісі қолынан қаза табатындар да болады. Оларды әдетте жасырын жерлейді. Кей жағдайда вертуалды әлемге сіңіп кететін жәйттер де болады деп жатады. Бұған, әрине, сену қиын. «Ұшатын тәрелкелер» ұрлап әкетіпті дегенді де кей газеттер жазып жатады.
Ертеде перілер көші дегенді естуші едік. Үлкендер бұған да сенеді. Қосарланған дүниеде «Қара үңгірлер» бар екенін ғалымдар да жазып жүр. Вермут ұштағаны сияқты түйені түгімен, жылқыны жүгімен жұтатын ойықтар бар деседі. Кім білген. Көбісі ғылыми дәлелденбеген. Әрине, адамдар қиналғанда ертегіге сенеді. Осындайда хабар-ошарсыз кеткен адамдар жөнінде осындай болжамдар айтылады. Бірақ қисынсыз сөзге сене де беруге болмайды. Негізі ғылыми дәлелденген негіздемелерге сенген дұрыс. Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарында нақтылықты негізге алады.

КЕЗ КЕЛГЕННІҢ МАҢДАЙЫНА БҰЙЫРМАЙТЫН БАҚЫТ
Негізінен хабар-ошарсыз кеткендерді іздестірумен ішкі істер органдарындағы іздестіру басқармасының қызметкерлері айналысады. Дей тұрсақ та, оларға «іздестіру сендердің міндеттерің» деп барлық жауапкершілікті арқалатып қоюға болмайды. Оған ізшілердің мүмкіндігі де жоқ. Заңнамада көрсетілгендей, үш жыл бойы, одан да көп уақыт жоғалған адам табылмаса, сот органдары отбасы мүшелерінен, прокуратурадан, қоғамдық бірлестіктерден, қорғаншы және қамқоршы органдардан және басқа да мүдделі адамдардан арыз алып, азаматтық іс қозғап, тиісті шешім шығарады. ҚР Азаматтық кодексінің 28, 31-бабы және ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 296-бабы 2-тармағының талабына сәйкес жоғалған адамды «хабар-ошарсыз кетті» деп таниды. «Қайтыс болды» деп те шешім шығара алады.
Республика бойынша биыл не тірілер, не өлілер қатарында жоқ 40 адамды сот «қайтыс болды» деп жариялапты. Олар енді оралмайды.
Кейде мұндай да болады. «Қайтыс болды» деген адам кенеттен табыла кетеді. Сот істі қайта қарап, әуелгі шешімін бұзады.
Әттең, мұндай бақыт жоғалғандардың маңдайына жазыла бермейді.

ҚЫЗ КЕШІКСЕ – ҚОРҚА
БАСТАЙДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелет жасқа толмаған үш жасөспірім іздеуде жүр. Айталық, Сарыағаш ауданының тұрғыны 17 жастағы Диана Тұрымова биылғы маусым айының 30 күні 2001 жылы туған інісі Дияс Тұрымовты ертіп үйінен шығып кеткен. Олар ата-аналарынан ерте айырылған екен. Туыстарының қолында өскен. Жетімдіктің тауқыметін олар аз тартпаса керек. Диана үйден шыққанда, қолында құндықтаулы сәбиі болған. Үйден үшеуі кеткенде Диананың баласы Жанәлі Тұрымов 4 айлық қана екен. Диананы соңғы кезде бір ауылдасы Шымкент қаласының орталық мешіті маңынан көріп қалған. Бұдан кейін оны көрдім-білдім деген адам табылмай тұр. Мешітке келген қайырымды адамдар үйлеріне апарып паналатып отырса бір дерегі шығар ма еді? Жоғалғандардың немере ағасы Мақсат Тұрымов «келіп қалар-ау» деп өткеннен де, кеткеннен де сұрайды. Бірақ әзірге хабар жоқ.
Оңтүстікте жоғалды дегендердің артынша өлгені туралы хабары шығады. Сондықтан, осы хабар естілсе болды бойды үрей билейді. Бір өкініштісі, қызы кешіксе хабаршы-құдалар емес, қаралы хабар келетіндей есікке қарап жаутаңдайтындар көп.
Бүгінде біреулер адамынан көз жазып қалса бірінші кезекте әлеуметтік желіге жүгінеді. Қазір оны қарамайтын адам аз. Бір мезетте мыңдаған адам хабардар болады. Содан соң олар басқаларға айтады.
Картақұмар бір азамат қарап жүрмей Қарағанды қаласына өтіп кеткен ғой. Туыстары жабылып іздемей ме? Біреулер оны «өлдіге» балап та қойыпты. Аман-есен оралған картақұмарға туыстары не жыларын, не күлерін білмепті.
Кейде жасөспірімдер де ата-аналарын жалындыру үшін достарына барып жасырынады. Әке-шеше шырыл қағады. Полиция қызметкерлеріне мұндай кезде «шұғыл іздей қоймады» деп кінә артатындар да көп. Соңынан кешірім сұрап жатады.

БЕЗБҮЙРЕК ҚОҒАМ.
БЕЙҚАМ АДАМ
Соңғы жылдары адамдар жеке детектив қызметіне де жүгіне бастады. Оның қаншалықты пайдасы барын әзірге біле алмадық. Дегенмен, ішкі істер органдарында барлық оқиғаларды бір орталыққа жинақтап отыратын қызмет керек сияқты. Мәселен, уақытша ұстау изоляторы, қабылдау-бөлу органдары, айықтырғыштар, медициналық мекемелер өздеріне түскен адамдарды орталыққа толық мәліметімен жіберіп отырса, бос әурешіліктер азаяр ма еді дейміз-дағы. Жинақталған мәлімет былайғы адамдарға да қолжетімді болуы керек. Осындай орталық әзірге Астана қаласында ғана бар. Бюро операторлары жоғалған адам туралы ақпаратты алғаннан соң арнайы журналға тіркеп, барлық мәліметті жазып қояды. Орталыққа түскен адамның аты-жөні, түр-түсі, киімі, білімі, туған жылы, бәрі-бәрі қамтылады. Өтініш берген адам хабарды көп күтпейді. Осындай тәжірибе республиканың барлық облыстарына енгізілсе құба-құп.
Бүгінде көлік жоғалтқандар да көбейді. Еріккендер есі кетсе көшеде тұрған көлікті «қуып» кететін болды. Кейде мұны бала да жасайды. Осыларды естігенде қазір селт етпейтін күйге душар болдық. Өйткені, анау-мынау емес, адамдар жоғалып кетіп жатыр. Оның қасында қайдағы бір көлікке бола бас қатырып неге керек?
Бұдан нені аңғаруға болады? Иә, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтарға етіміз үйрене бастады. Қоғам да бетін бері бұрмай-ақ қойды. Безбүйрек қоғамда қаны бұзылғандар ойына не келсе соны істемей қайтеді? Осындай оспадарлықтарды жою үшін әуелі қоғамды түзету керек. Ұрпақ тәрбиесін көп болып қолға алсақ, өз-өзінен жоғалатындар да азаяр бәлкім.
Табан астынан ғайып болатындарды іздейтіндердің тәжірибесін дамыту керек. Мамандардың қырағы болғаны жөн. Немкеттіліктен нашар нәтиже шығады. Жоғалғандарды індетіп іздемей-ақ жоғалу сырын зерттемей-ақ «қайтыс болдыға» шығара салу да немкеттіліктен.
Қазір ғой, техниканың дамыған кезі. Ұялы телефон бар, басқасы бар, қайда жүргеніңді хабарлай қою аса қиын шаруа ма? Тіпті, біреу күштеп ұстап отырғанның өзінде туыстарға хабар жөнелтудің түрлі амалы бар емес пе? Кеудесінде жаны бар адам мұны білмеуі мүмкін емес.
Кешегі алапат соғыста қазақстандық 125 мың жауынгер хабар-ошарсыз кетті дейміз. Әрине, соғыстың аты – соғыс. Ал, бейбіт күнде, бар-жоғы 2 жылда 6 мыңға жуық адамның жоғалып кеткенін немен түсіндіруге болады?
Бүгінде «жоқ іздеп жүрмін» дегенді көрсек, «үйден мысығым шығып кетіп еді» деп еститін халге жеттік. Безбүйрек қоғам, бейқам адам бізді қайда апарады? «Ақылын жоғалтқаннан жөн сұрама» деген бар. Ал, адамын жоғалтқаннан не сұрауға болады?
Ойланайықшы…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*