Өз тілің бірлік, өзге тіл тірлік үшін қажет

Мемлекеттік тілді жетік білетін, қызметте де мол табысқа жеткен өзге ұлт өкілдері аз емес. Мәселен, Қарағанды қалалық ІІБ-да қызмет ететін 30-дан астам өзге ұлт өкілі қазақ тілін жақсы меңгерген, еркін сөйлейді, ойын анық білдіреді. Солардың бірі – қалалық ІІБ Жедел криминалистика бөлімінің бастығы, полиция майоры Денис Сафонов. «Тілді білмейтін қызметкерлерден әрдайым бір саты жоғары тұрамын» деген мақтанышын жасырып қалмаған Денис Олеговичпен тілдер мерекесі қарсаңында тілдесудің сәті түскен еді.
Денис, Сіздің қазақ тілін еркін меңгергеніңізге қызыға қараймыз әрі мақтанамыз. Қазақ тілін қайдан және қалай үйрендіңіз?
– Мен бұрынғы Жезқазған облысының Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы аулында дүниеге келгенмін. Жан-жағымыздағы көршілеріміз украин, беларусь, чешен, өзбек халқынан болды. Бірақ бізді табыстырған, біріктірген бір-ақ нәрсе. Ол – қазақ тілі еді. Ұлтым орыс болса да қазақ топырағында кіндік қаным тамған соң, қазақ ауылында өсіп-жетілгендіктен тілді білмеу – ұят нәрсе. Ата-анам да, бірге туған бауырларым да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы өз жерінде сонау естен кетпес зұлмат замандарда әр елден пана іздеп келген өзге ұл өкілдерін өзекке теппей бауырына басып, бір түйір нанымен бөлісті. Балалық шақтың балдәуренін бірге ойнап, бірге өткізген бір ауылдың балаларына қазақ тілін үйрену қиындық тудырған жоқ.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу үшін әлі қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік тілді өркендету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша біршама істер атқарылуда.
Елбасы: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орын иеленер еді» деген болатын. Шындығында тілге деген көзқарас елге деген көзқарас екені даусыз. Көп адамдар қазақ тілі туралы айтқанда ойлары екіге бөлінеді, ал түптеп келгенде істі алдымен әркім өзінен бастау керек екендігін естен шығарып алады.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойын атап өткелі отырмыз. Бұл жас Қазақ елі үшін айтулы оқиға. Тәуелсіздігіміздің басты мақсаты да сол қиындықпен қол жеткізген егемендігімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалу емес пе!? Мен өзім құқық қорғау саласының қызметкері болғандықтан біз үшін ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі. Біз алдымызға келген адамдардың ұлтына, дініне бөліп-жармай оның мұң-мұқтажын тыңдай отырып, қолымыздан келген көмектен аянып қалмай басына қайғы түскен жанның қиындығын жеңілдетуге тырысамыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Қазақстан халықтарының тілдер мерекесі күні қарсаңында барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Отбастарына амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін. Тіл – семсер қаруы сияқты, байқамасаң жаралап та кетеді. Тіл табиғаты әрі нәзік, әрі күрделі болғандықтан оны меңгеру ерекше бір білгірлікті, білімділікті, шыдамдылықты, пайымдылық пен парасаттылықты талап етеді. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін әрдайым жоғары ұстайық.
– Ішкі істер органдарындағы қызмет жолыңыз қалай басталып еді?
– Ақсу-Аюлыда мектепті бітіргеннен кейін 1993 жылы Қарағанды политехникалық институтының машина жасау факультетіне түсіп, 1999 жылы механик-инженер мамандығын алдым. 2000 жылы ІІМ Теміртау қаласының кәсіби дайындық училищесіне түсіп, сол жылдың желтоқсан айында училищені тәмамдап, Қарағанды қалалық ІІБ Киров ПБ жедел криминалистика бөлімінің криминалист қызметіне тағайындалдым. 2001 жылдың ақпан айында Қарағанды қалалық ІІБ Совет ПБ криминалисі болып жұмысымды ауыстырдым. Ал 2002 жылы қызметім өсіп бөлімнің аға криминалисті болдым. Одан әрі 2005 жылы Қарағанды қалалық ІІБ Қазыбек би аудандық ІІБ жедел криминалистика бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалдым. 2009 жылы қайта ұйымдастыру кезінде Қарағанды қалалық ІІБ Орталық ПБ ЖКБ аға криминалисті болдым, содан кейін қазіргі қызметіме Қарағанды қалалық ІІБ жедел криминалистика бөлімінің бастығы ретінде тағайындалдым.
Денис Олегович, жауапкершілігі мол қызметіңізге, жедел криминалистерге жүктелген басты міндеттерге тоқталып өтсеңіз.
– Қылмысты ашу, күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату, нақты дәлелдермен заңсыздықтың толық механизмін жасап шығару – осының барлығы жедел криминалистика бөлімінің қызметкерлерінің күнделікті жұмысы. Бұл сала өз қызметкерлерінен тек еңбекқорлықты емес, асқан біліктілік пен табандылықты да талап етеді. Криминалистердің жұмыстары сан салалы және өте күрделі. Міндеттерді мүлтіксіз атқару үшін сала қызметкері ғылымның түрлі салаларын қамтыған терең білімді меңгеруі тиіс.
Біз күнделікті қылмысты ашуға қатысты күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп жатамыз. Көп жағдайда ауа райының қиындығына қарамай тәуліктің кез келген уақытында қызмет атқаруға тура келеді. Себебі, бұл сала уақытпен санаспайды. Криминалистер қылмыс орнына жедел іздестіру тобының құрамында алғашқылардың бірі болып жетеді. Олардың қылмыс орнын анықтаудағы ауыр бейнетке толы жұмыстары кейде аптаға созылып жатады. Себебі, әрбір айғақ мұқият зерделеніп, сапалы жүргізілген оқиға орнын қарау – істі әрқашан нәтижелі жүргізуге ықпалын тигізеді. Криминалистер қылмыс орнынан жинақталған қылмыс іздері және заттай айғақтар бойынша жұмыс атқарады. Қылмысты зерттеу барысында дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық, одорологиялық, құжаттарға техникалық зерттеу жүргізу және суық қаруды зерттеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл аталғандардың бәрі жеке-жеке сала, яғни үлкен бір ғылым деп те айтуға болады. Енді осындай көп саланы бір адамға меңгеру оңайға түспейтіні анық. Криминалист мамандығына адамдар кездейсоқ келмейді. Қазір озық технологиялар заманы. Сондықтан, бұл сала әр қызметкерден білімдерін жетілдіріп, үнемі ізденісте болуды талап етеді. Арамызда біліктілігі мол, тәжірибелі мамандар көп.
Жедел криминалистік бөлімі заманға сай технологиялармен қаншалықты жабдықталған?
– ІІМ криминалдық қызметтер базасының жаңғыртылуының арқасында біз бүгінде автоматтандырылған жүйелер көмегімен фотосуреттер мен аяқ, қол іздері арқылы тұлғаны анықтай аламыз. «Папилон» дактилоскопиялық жүйесі ашылмаған қылмыс орнынан алынған қол іздері мен дактилоскопиялық картасының мәліметтер базасын жасауға, сақтауға және өндірісте қолдануға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама базасындағы «Портреттік анықтама» қылмыстық қызығушылық тудырған және қылмыстық іздеудегі азаматтардың фотобейнелерін тіркеуге алады. Аталған жүйе фотобейнелердің салыстырмалы зерттеуін жүргізуге де мол мүмкіндік береді. Ал, қылмыс орнындағы аяқ киім іздерінің, көлік іздерінің, бұзу құралдары іздерінің топтамасы «Трасология» бағдарламасының базасына тіркеледі.
Оқиға орнын қараудың сапасын жақсарту үшін жас маман криминалистерді өз араларыңызда үйрету, оқыту ісіне қаншалықты көңіл бөлесіздер? Тілді білмейтін жаңадан қызметке кіріскен мамандар сізге қарап бой түзеп, қазақ тіліне деген қызығушылықтары оянған сәттер болды ма?
– Заттай дәлелдемелер толық алу – оқиға орнын қараудың сапасын арттырудың басты алғышарты болып саналады. Бұл жөнінде біздің тәжірибелі криминалистеріміз жас мамандарға ақыл-кеңестерін беріп келеді. Оларға арналған арнайы методикалық нұсқаулықтар арқылы және жергілікті жерлерде жас жедел криминалистерді оқыту арқылы біз өз саламыздың мамандарының білімдерін жетілдіруге қол жеткізудеміз. Тіркелген қылмыстарды тексеру кезінде оқиғалар бойынша айғақ заттарды толық алу, сол арқылы оқиға орнын қарау сапасын жақсарту үшін жас маман криминалистерді оқытып-үйрету жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, тілді білмеу мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге көп кедергісін тигізетінін түсінген жас мамандар міндетті түрде Қарағанды қалалық ІІБ жүргізілетін қазақ тілін оқытып-үйрету курсына жазылып, күнделікті қызмет барысында көп қолданылатын сөздерді сұрап жаттап жүретіндері де бар.
Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Ботагоз КЕНЖЕБАЕВА,
Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*