Жат дін жастарды адастырмасын десек…

Қазіргі кезде теріс ағымдарға ілесіп, тура жолдан адасып кеткендердің дені өрімдей жастар. Дін басқармасының мамандары, теологтар, жалпы дін өкілдерінің айтуынша, иманның негізі – отбасы, имандылық. Ал, имандылық отбасыдан, тәрбиеден бастау алады.
Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету де тәрбиенің көрінісі. Радикалды дін өкілдерінің көбеюінің басты себебі де сол отбасындағы тәлім-тәрбиенің тиісті деңгейде берілмеуінен туындап отыр. Бұған діни сауатсыздықты қосыңыз. Елімізде соңғы уақытта жиілеп кеткен террорлық актілердің қатысушылары да бөтен емес, алыстан келмеген. Өкініштісі – олар өз ішімізден шыққан жастар.
Жастар еліміздің болашағы дейміз, егер бақшамызға түскен құрт секілді бұл індет қарқын алса жағдайымыздың мәз болмасы анық. Сол себепті жастарымыздың санасын улаған дерттен арылтып, көздерін ашып, бұл індеттен қоғам боп бірлесе отырып еңбектенуіміз қажет.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 24 қыркүйектегі №648 Жарлығымен Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені барша жұртқа белгілі. Бұл құжаттың басты мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Ал, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте түзеу мекемелерінде діни радикалдық идеологияның таралуының алдын алу өзекті мәселе екендігі белгілі.
Қазіргі кезде қылмыстық атқрау жүйесі мекемелерінде діни радикалдық идеологияның таралуын алдын алу бойынша облыстық дін істері жөніндегі басқармасының теологтарымен бірлесе ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ге қарасты РУ-170/1 мекемесінің жедел бөлімінің дін істер жөнінде жедел уәкілдері жеке құрамның дінге қатысты сан сұрақтарына жауап қатып, ақ-қараның аражігін ажыратып беруде, түсіндіру жұмыстарына ұдайы мән беріп отырады. Сонымен қатар, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізу мәселесіне байланысты облыс бойынша Дін істері басқармасының теолог мамандары, Орал қалалық мешітінің имамы және қалалық шіркеу попының қатысуымен мекемедегі шаруашылықта қызмет жасауға қалдырылған сотталғандарға арнайы бекітілген кестеге орай түсіндіру жұмыстары да ұдайы өткізіліп тұрады.
Мекеменің тәрбие жұмысы тобының психологтары мен РУ-170/1 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы тобы қызметкерлері жедел бөлімімен бірлесе отырып, арнайы контингент арасында сотталғандарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, бостандықтағы өмірге бейімдеу бойынша жұмыстарға да ерекше мән беріліп отыр. атап айтқанда, сотталғандар арасында аутоагрессиялық мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүргізуге баса назар аударылған.
Еліміздегі радикалды ұйымдар өкілдерінің көбеюі, олар насихаттайтын Конституциямызға, тәуелсіздігіміз бен егемендігімізге қарсы уағыздар – міне, басқосулар барысында осының бәрі қазіргі күннің басты мәселесі екенін аңғартады.

Д.ЕСЕНҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*