Қорғансыздың күні немесе әйелдің қөз жасы мен обалы кімге?

Батыс мәдениеті қызын қырғыштай қорғай білген қазақ халқының сана-түсінігіне де салқынын тигізбей қоймады. Әйелді аялауды білмейтін басбұзар әпербақандардың әрекетіне тыйым болмай тұр. Қоғамның әлсіз тобы қыз-келіншектерге қорған болмақ былай тұрсын, кейбір батырсымақтар тепкінің астына алып, жұдырық ала жүгіретін әдеттерінен арыла алмай жүр емес пе?! Тіптен, нәзік жандарға әлі келетіндер жұдырықты қойып, жыныстық зорлық көрсетуге көшкендерін қайда қоямыз. Ал арына дақ түскен қыз баланың әріден кейінгі өміріне алаңдаушылық білдіріп жатқан қайсы бар?!..
Бұғанағы қатпаған бүлдіршіндерді педофильдердің қаһарынан қорғай алмағанымызбен қоймай, өрімдей қызды өлім аузына дейін жеткізгендерді өлімге қимай отырмыз. Ақтауда айуандықпен зорланған алты жасар бүлдіршіннің басындағы ауыр жағдай әлеуметтің назарын аудартты. Тегінде, өмірінің күл-талқаны шыққан тұлымшағы желбіреген қыздың тағдыры бүтіндей бір отбасының ғана емес, халықтың қасіреті. Шыны керек, әжесінің етегінен ұстап ойнап жүрген баланың тағдырының әп-сәтте талқаны шыққаны шымбайымызға батқанымен, шындықтың көзіне тіке қараудан қорқамыз. Тіптен, шынашақтай бүлдіршіннің зорлықтың объектісіне айналдырған айуанның жазасын беруге келгенде шарасыз күйге түсетініміз ашындырады. Түптің түбінде адамның өмірін қор еткен қылмыскер жазадан құтылып кетіп жатса да таң қалудан қалдық.
Сорақысы сол, Ақтау қаласындағы жағдайға ұқсас сорақы оқиғалар еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Алматының Есік қаласында, Шығыс Қазақстан облысында, Павлодарда, Ақтөбе қаласында соңғы бір ай ішінде талай әйел жыныстық зорлықтың құрбанына айналып, арының аяқасты болғанын былай қойғанда өмірлік жан жарасын алды. Ал қоғамда көбіне зорлықтың құрбаны болатын өзі ұрынарға қара таппай жүрген қыздар деген кереғар пікір қалыптасқан.
Елдің есін алған Есік қаласында болған оқиға бар бәлені қыздың өзіне жабатын қоғамның көзқарасын өзгерте қойды деп кесіп айту қиын. Олай дейтініміз, әлеуметтік желіде қыздың өзін кінәлап жатқандар да табылып жатты. Есте болса, тамыз айының бел ортасында Есік қаласының мейрамханаларының бірінен ағасымен бірге шығып келе жатқан қызға қасында қорғанышының барына қарамастан төрт жігіт тап берген. Төртеу төрт жақтан «төпелегенде» ағасы естен танып қалса керек. Көз алдында қарындасын қаскөйлер көлікке күштеп мінгізіп, қаланың басқа бөлігіне алып кетіп, аяусыз зорлаған. Ең өкініштісі, қызды таң атқанда бір-ақ тауып алған туыстары жантүршігерлік жағдайдың куәсі болған, ал аш-жалаңаш жатқан қызының жандауысы ананың құлағынан әлі кетпей жүр. Зорлықшылардың кесірінен зар илеп қалған байғұс ананың баласынан бетер ауыр күй кешіп жатқанын айтып жату да артық шығар. Ал қарындасын көліктің ішінен тырдай жалаңаш күйде тапқан ағасы ашынған күйі қателік жасап қойса да кешірімді еді. Алайда, күйінген туысқандары күдіктінің екеуін өз қолдарымен аудандық басқармаға жетектеп алып барып, тиісті жазасын беруді заң адамдарына қалдырыпты…
Жәбірленуші Жібектің сөзіне сенсек, Есікте қыз зорлау қалыпты құбылысқа айналған, тек зорлық көрген қыздар бұл туралы жаһанға жария етпеуді жөн көреді екен. Себебі, шындықты ашып айтудың артында ел-жұрттың сөзіне қалатын ата-ана, туған туыс, замандас құрдастарының күлкісіне қалатын қыз абыройы тұр емес пе?! Бір қызығы, осындай айуандыққа баратындардың ар-ұятан аттап кететіндерінде шаруамыз жоқ, бірақ болған істі бүкпесіз айтатын қыздарды қаралап, менталитетімізге сай емес деп сандырақтаймыз. Ұлттық болмысымызға жат екен түге. Сонда дейміз де, он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың тағдыры ойыншық болғаны ма?!
«Сорлының сырын сор кешкен ғана біледі» демекші жылдар бойы іштей тынып келудің арты қайғылы аяқталмаған күннің өзінде, жақсылыққа апармайтынын айтады мамандар. Іште булығып жатқан жан жарасы туралы арада жиырма жыл өткен соң айтуға бекінген Дина Смаилованың зорлық-зомбылықпен күреске арналған дөңгелек үстелде ашынғаннан ащы даусы шықты. Кезінде зорлық құрбаны болған «Таңсәрі» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилова Қылмыстық кодексті қатаңдатуды өтініп сұрады.
«Мұндай қылмыстарды орташадан ауыр деңгейлі қылмыстар қатарына ауыстыру керек. Зорлықтың құрбаны ретінде жаза мерзімін ұзартуларыңызды сұраймын. Кем дегенде, 10-нан 20 жылға дейін. Педофильдерді, топтық зорлық жасағандарды және жүкті әйелдерді зорлағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керек. Сонымен қоса, тараптардың татуласуына жол беретін норманы алып тастаған дұрыс», – дейді. Айтуынша, сол себепті, зорлық-зомбылық бойынша қылмыстардың 60 пайызы сотқа жеткізілмейді. Тараптардың татуласуы бұның негізгі объективті себебіне айналып отыр. Сондықтан да, сарапшылардың пікірінше құқық қорғау органдары сексуалдық зорлықтың құрбаны болған әйел арызын қайтарып алған күннің өзінде сот тергеуі тоқтатылмауын қамтамасыз етулері керек. Олай дейтініміз, «Алтын көрсе періште жолда таятыны» сияқты, қызын зорлыққа бергендер қылмыскерден ақша өндіріп алуды ар санамай, бетін жылы жауып қоя салудан тайынбай отыр. Ең сорақысы сол, қыз зорлаған қылмыскер жазадан құтылып кету арқылы «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келеді. Себебі, оның бұл ісі ешбір жерде қылмыс ретінде тіркелмейді. Адам зорлауға барған айуан ақыр соңында жәбірленуші тараптың аузын ақшамен жабады да, зорлық көрсетуді одан әрі жалғастыра береді.
Сөздің шыны керек, әділеттілікті орнатуға тырысу бос әурешілік көрінетіндей. Басқасын айтпағанда, жыныстық қатынастағы зорлық-зомбылықты дәлелдеу оңай болмай тұрған жоқ па?! Осындай кедергілердің кесірінен, сот шешімі жәбірленушінің мүддесіне шешіліп келеді. Тіптен, қазіргі қолданыстағы Қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша жәбірленушіден гөрі, айыпталушының құқығы басымырақ екені ешкімге жасырын емес. Әйтеуір не керек, әйелді сұғанақ көздерден қорғаумен емес, қылмыскердің алдына жығып берумен айналысып жүрген сияқтымыз. Әйелдерді қорғау орталығының жетекшісі Алина Орлова да осыны айтады. Айтуынша, зұлымдардың зорлығына ұшыраған әйелдерге ауыр жағдайдан кейін өз-өзіне келуге көмектесетін қызмет түрлері тегін көрсетілуі керек. Екіншіден, мемлекет тарапынан қаржылық көмек көрсетіп, медицина және заңгер мамандарының тегін қызметі ұсынылуы тиіс.
Ал тегін қызмет түгілі, сексуалдық зорлықтың объектісіні айналған әйелдермен оңалту жұмыстарын жүргізетін кәсіби психологтар тапшы екені жасырын емес. Кәсіби деп отырғанымыз, әйелдерге сәтті күйеуге шығу, бай-қуатты көңілдес табудың қыр-сырын үйретіп жүрген психологтардан не қайыр?! Мұндай психологтар әйелдерге кризистік жағдайдан шығуға көмектесе алатынына сарапшылар да күмәнді. «Оның үстіне, елімізде таза медициналық тұрғыда психологтарды дайындау тәжірибесі енгізілмеген, жоғары оқу орындары тек педагог-психологтарды дайындаумен шектеліп отыр. Бакалавр деңгейінде таза психологтар дайындайтын бастапқы база да жоқ. Сондықтан да педагогика психологияны бітірген мамандарды, оның ішінде мектеп және медициналық мекемелерде жұмыс істейтін психологтарды жыныстық зорлықтың құрбандарымен жұмыс істеу бойыншы оқыту тиіспіз», – дейді Алина Орлова.
Айтуынша, құрбан болған әрбір әйел психологиялық көмекке қатты мұқтаж. Себебі, психологиялық соққы – бұл дер уақытында емді қажет ететін дерт саналады. Ал қоғамның бұл тобымен жұмыс істеу қиынның қиыны деседі. Қиындығын былай қойғанда, барлығы қаражатқа келіп тірелетіндіктен зорлық көрген әйелдер психологтың есігін өздігімен қағып келмейді. Өкініштісі сол, әлімжеттік көрген әйелдерге психолог пен полицейдің алдына келуіне келтіретін кедергілер мұнымен таусылмайды.
Мәселен, астаналық адвокат Әсел Тоқаеваның айтуына қарағанда заң бойынша полиция қызметкерлері жіберленушінің денесіндегі жеңіл жарақатына қарап жаза кеседі екен. Яғни, оның көрген қорлығы, жан күйзелісі, психикалық жағдайы назарға алынбайды. Бұдан бөлек, астаналық адвокаттар тергеу амалдарының ұзаққа созылып кететінін де сынға алды. Олардың айтуларына қарағанда, тергеу ісі ұзаққа созылып кететінін айтпағанда істі тап-тұйнақтай етіп жүргізуге тергеушілердің кәсібилігі жетпей жатады екен. «Сол себепті, жалпыбағдарлама бойынша білім алған тергеушілерді жыныстық қатынастағы қылмыстарды тергеуге мамандандыру қажеттілігі туындап отыр. Тергеу амалдарының әдістемесін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасап шығару керек. Мәселен, өзге мемлекеттерде тіптен 15-10 жыл бұрынғы жыныстық зорлық-зомблықты дәлелдеу мүмкіндігі бар», – дейді Аманжол Мұхамедьяров.
Мұндай мазмұндағы қылмыстарды тергеу сапасының сын көтермейтінін айтқан адвокат іс тәжірибесінен мысал келтіріп өтті. Айтуынша, жазғы демалыс лагерінде жыныстық зорлық көрген 14 жасар қыздың анасы адвокаттың көмегіне жүгінген. Жасөсіпірім қыз бұл туралы бір жыл ешкімге жақ ашпай келген, өйткені зорлық көрсеткен еркек қыз баланы қорқытып-үркітіп қойған. Араға уақыт салып полицияға арызданғанда тергеуші сот медициналық, сот-психиатриялық сараптама бекіткен. Тергеушінің іс құрамынан қылмыс анықталмағасын қылмыстық іс қозғаудан бас тартатынына көзі жеткен ана адвокат жалдауға мұқтаж болыпты. Адвокаттардың араласуымен қылмыстық іс қозғалыпты.
«Әйелдің жанын әйел ғана түсінеді» деген қағидамен тергеу амалдарын жүргізуді ер азаматтар емес, әйел тергеушілерге жүктеуді заңмен реттеу керек деген ұсыныс та айтылды. Өйткені, әйел жаратылысының табиғатын түсінбейтін ер азаматтар бұл істі тергеу ісіне атүсті қарауы мүмкін дегенді алға тартады. «Бұл өзекті мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, келер жылды әйелдерге қатысты секуалдық зорлықпен күрес жылы деп бекітсек құба-құп болар еді. Біздің бұл бастамамыз ЭКСПО көрмесіне келген қонақтар тарапынан да қолдау табады. Өйткені, бұл тек біздің мемлекеттің бас қайғысы емес, күллі әлем әйелдердің зорлығымен күрес жүргізіп жатыр», – деді бірауыздан дөңгелек үстел басына жиналғандар. Жаһандық мәселе туралы сөз болғанда, әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне тоқталып өтсек. Мәселен, Еуропа елдерінің тәжірибесіне үңілсек, жәбірленушімен қатар айыпталушы тарап материалдық жағдайына сәйкес заңгердің тегін қызметін пайдалана алады. Франция, Австрия елдерінде заңгер маманының ақылы қызметіне жүгінуге материалдық жағдайы мұрша бермейтін болса бұл қызметті мемлекет тегін ұсынады. Ал қылмыстың бұл түрі үшін Еуропа елдерінде кем дегенде 10 жыл темір торға қамау жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, бірнеше қайтара қылмыс жасаған педофильдерді заңмен өмірбақи бас бостандығынан айырады және 14 жасқа дейінгі балаларға жыныстық зорлық көрсеткендерді мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынған. Ал Африка, Қытай, Таяу Шығыс, Иран, Ирак елдерінде педофильдерді өлім жазасына кесетін болса, АҚШ-тың бірқатар штатында химиялық кастрация жасау жазасы белгіленбен. Ең қатаң жаза – Африкада. Бұл елде педофильдерді қылмысы үшін тірідей өртеп жібереді.
СӨЗ СОҢЫ. Әйелдердің зорлығы мәселесі мүдделі органдардың назарын аударуға тырысқан қоғамдық ұйым мүшелерінің бұл бас көтерулерінен бір нәтиже шықса игі. Халық қалаулылары, бірнеше министрлік өкілдері, мүдделі орган қызметкерлері қатысқан жиынға Бас прокуратудан келген бір адам болған жоқ. Соған қарағанда, бұл мәселе Бас прокуратурадағылардың бас қатыруына тұрмайтын сияқты.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*