Басқы бет / «Сақшы» газеті / Тұлға / Қош бол, қарулас дос!

Қош бол, қарулас дос!

Миллиондаған тұрғыны бар Алматы шаһарының халқы іскер, жұмысбасты десек те болады. Кептеліспен күрескен жұрттың әр минуты санаулы, оңды-солға қарауға уақыт жоқ. Сондағы адамдардың зейіні қайда?! Біреудің ойы баю, бірінікі отбасы ошақ-қасының қамы, жалпы алғанда күйбең тірліктің соңы. Ой дүние-ай, адамдар қайда барады, заманымыз қайда барады? Теңіздің суын ішкендей тіршіліктің қамы көңіліңді тойдырып, шөліңді қандырмас, асыққан, алып-ұшқан аптығыңды баспас. Тек, дөңгелектегі тиіндей тынымсыз жүгіріс. Осылай тізбектеле береді, тізбектеле береді…
Сонда адамның адамға деген зейіні қайда, уақыттың сынынан өткен құндылықтардан алшақтағанымыз ба? Саф алтынды басқадан ажырата аламыз ба? Ажыратамыз-ау, тым кеш болғанда. Сержант Мақсат Сәлімбаев алтынның бірі еді. Бай дүниесі емес, жан дүниесі алтын, атбасындай алтыны болмаса да, азамат басы алтын еді, іздегені емес, мінезі алтын болатын.
Биылғы 18 шілде халқымыздың жүрегінде қара дақ болып қалары анық. Қандықол қаскей Алматы қаласы Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына баса-көктеп кіріп, тәртіп сақшыларына оқ жаудырды. Автомат қаруымен қаруланған лаңкес әрі қарай көлікке отырып ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментіне беттейді. Бар ойы лаңкестікпен күреске түскен органның ғимаратына оқ жаудыру болатын. Осы ғимараттың жанына жақындағанда лаңкестің жолын Жол-патрульдік полиция көлігі бөгейді. Экипаж құрамындағы сержант Мақсат Сәлімбаев осыдан екі ай бұрын ғана тәртіп сақшысының формасын киген еді. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жас полицейдің жүрегі жалынға толы еді. Өйткені, ол құқық қорғау саласына келмес бұрын Отан алдындағы азаматтық борышын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында өтеген. Әскери өмірдің қыр-сырына қаныққаны соншалық әскерден кейін келісімшарт негізінде Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөліміне келісімшарт негізінде қызметке орналасады. Алматы қаласының көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметке кіріседі. Қала тұрғындарының тыныштығын қорғауды міндет етіп алады. Әскери бөлімдегі қаруластары Мақсатты кішіпейіл, ақ ниетті азамат ретінде жылы еске алады.
«Сержант Мақсат Сәлімбаевтың қазасы баршамыздың қабырғамызға батты. Екі жылдай бірге қызмет атқардық. Қызметтен кешігу, жұмыстан жалтару дегенді білмейтін. Қандай тапсырма берсең де ұқыптылықпен орындайтын. Өйткені, тумасынан текті, болмысынан тәрбиелі еді. Адам баласын бетінен қағуды немесе қасындағыларды ренжітуді білмейтін. Ал, адамға қиянат жасауға биік адами болмысы жібермейтін. Адамгершілігі мол, жүзі жылы азамат еді», –деп естелігімен бөлісті 5571 әскери бөлімі 3-батальон автомобильдік взводының командирі, аға лейтенант Талғат Исенов.
Ұлттық ұлан қатарындағы жылдар Мақсатты болаттай шындап, алмас қылыштай қалыптастырды. Елжандылық пен жауапкершілікті ұландықтар қатарында жүріп өміріне серік етті. Елжанды азамат, патриот ретінде қалыптасты. Осы орта оны ержүректілікке тәрбиеледі. Болашақ қызметіне ауысуға жол ашты. «Жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген. Жаңа ұжымында да оны жылы шыраймен қарсы алды. Тасы өрге дөңгелеп, биік асуларды бағындырар ма еді. Бірақ…
18 шілде. Таңғы тарату. Қала тыныштығына жауапты полиция қызметкерлері сап түзеп, тәуліктік тапсырмаларын алады. Таратудан кейін Мақсат әріптестерімен амандасып, ерекше ықылыс танытты. Бәлкім, жас жүрегі болашағында не күтіп тұрғанын сезді ме, әлде тағдырдың белгісі ме… Беймәлім. Мақсат ерекше көңілді болып, күлімдеп, әріптестерінің жадында қуанышты күйде қалғысы келді. Және сол бейнесі оны соңғы рет көрген әріптестерінің жадында сақталды да. Ашық мінез, риясыз күлкі иесі Мақсат әдеттегідей қызмет көлігінде отырады. Сағат 11-лер шамасында Ішкі істер басқармасына шабуыл жасағаны туралы жедел ақпарат келеді. Ол әріптестерімен бірге лаңкестің жолын бөгеуге кіріседі. Жоғарыда айтылған ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ғимаратының маңында қылмыскермен шайқасқа түседі. Мақсат бұғып қалса, болашақ кешірмейтінін түсінді. Сондықтан оқтан қорықпай, ел тыныштығы үшін алға ұмтылды.
Адам өмірінің ұзақтығы қанша? Минут, сағат, жылдар?.. Лаңкес шүріппені қайта басты ұнғыдан ұшқан оқ санаулы сәтте Мақсаттың жүрегін дәл тапты. 25 жыл санаулы сәтте қиылды. Санаулы сәтте арман, үміт, тілек, отбасы барлығы артта қалды. Санаулы сәтте-ақ Мақсат мәңгілікке қадам басты. Біреу жүз жасауы мүмкін, бірі одан да аз. Мақсаттікі санаулы сәт! Алайда, ол ержүректілікпен халқы үшін қаза тапты. Демек, өмірдің ұзақтығы уақытта емес, мәнділігінде. Мақсаттың өмірінің мәні халыққа қалтқысыз қызмет ету болатын. Сын сағатта осыны дәлелдеді.
Қолына қару ұстаған мен де әскери адаммын. Лаңкестік оқиға туралы ақпарат келгенде сақадай сақ тұрдық. Арагідік, ғаламторға қарап қоямыз. Бірде, қасқойдың қолынан қаза тапқан азаматтардың суреті шыға бастады. Арасында Мақсат Сәлімбаевтың нұрлы жүзі тұр. Ол маған таныс, жылы көрінді. Сол күні аспан түңірейіп, марқұмдарды жоқтағандай ақ жауын нөсерлеп құя бастады. Санамның архивін біраз ақтара сержант Сәлімбаевты қайдан көргенім еске түсті. Осыдан үш ай бұрын жұмыстан кейінгі кештердің бірінде өңірлік қолбасшылық ғимаратынан көшеге шықтым, ғимарат алдында тұрған қызметтік көліктен қыран көз, қыр мұрынды, әскери комуфляж киген Ұлттық ұланның сержанты қақпадан кім шықты дегендей бір сәт бұрылып қарады. Қызметтен үйге асыққан мен де бір сәтке назарымды аудары тоқтамай ары қарай жүре бердім. Жетісудың алтын діңгек ақыны Сүйінбай Аронұлы «Жақсының әрқашанда жүзі жылы, орыстың күймей піскен бөлкесіндей», – деп айтқандай ақ өңді, жүзі жылы азамат осылай есімде қалыпты. Тірісінде санаулы сәт көрсем де лаңкестің қолынан қаза тапқан батырымыз ұландықтар үшін, жалпы ел үшін туысындай болып кетті. Асыл азаматтардың қазасы халықтың қабырғасына батты. Барша жұртқа қайғы, ал олармен бірге өскен, қызмет атқарған, аралас болған жақындары үшін қайғы жүгі екі еселенді. Десе де, арамызда Мақсаттай қайсар ұлдарымыз бар халық жеңімпаз, өр халық.
Алматыдағы қанды оқиғада көз жұмғандардың ішінде Мақсат ең жасы екен. Тірі болғанда қарашада 25-ке толар еді… Санаулы сәт көрген Мақсат осындай, күллі жұртқа досындай. Қош бол, қарулас дос!

Дарын СЕЙІТОВ,
«Оңтүстік» өңірлік басқармасы баспасөз қызметінің бастығы,
аға лейтенант
Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Отанына адал оғлан

20 қарашада Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған