Халықаралық деңгейде

Орал қаласында Қазақстан, Ресей және Германия жас өрт сөндірушілерінің ІІІ халықаралық слетінің салтанатты ашылуы өтті. Қаланың «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Ресейдің Саратов облысынан және Германияның Гессен жерінен келген жас өрт сөндірушілері қатысты.
Халықаралық жас өрт сөндірушілер слетінің басты мақсаты – балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін тәрбиелеу, мемлекеттер арасында осы саладағы ынтымақтастық пен ұзақ мерзімді әріптестікті орнату, сондай-ақ, жастарды патриоттық және адамгершілік рухта тәрбиелеу болып табылады.
Слеттің салтанатты ашылуында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубеков: «Өртпен күресу, өрттің туындау мүмкіндігіне жол бермеу жағдайын туғызатын іс-қимылдар бағытында азаматтық қорғау органдарына жас өрт сөндірушілері жасағының мүшелері мектеп оқушылары көмектеседі. Өрт қауіпсіздігі мәдениеті адам өмірінің барлық кезеңінде қалыптасуы қажет. Осы негізде отбасы, мектеп, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар белсене атсалыса қатысуы қажет. Жас өрт сөндірушілердің мектеп жасақтары өрт қауіпсіздігінің жай-күйі мен өрт кезінде қаза болатын балалардың санын азайтуға тәжірибеге негізделген тиімді нәтиже береді. Халықаралық слеттің барлық қатысушыларына сәттілік тілейміз!», – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Александр Ажгалиев «От – тілсіз жау» деген сөздің тереңіне үңіліп: «Өрт қауіпсіздігі – маңызды мәселелердің бірі, сол себепті балаларды қауіпсіздік дағдыларына үйрету – бұл игі іс», – деп атап өтті. Сонымен қатар, ашылу салтанатында үш ел жас өрт сөндірушілері қозғалысының негізін салушы «Өрт сөндіруші» АҚ Батыс Қазақстан филиалының басшысы Кадр Бисембаев сөз сөйледі.
Слет қатысушыларын ардагерлер ұйымының төрағасы Ермекқали Машанов құттықтап, іс-шараның маңыздылығына, өрт қауіпсіз іс-әрекеттері балалық шақтан басталатынына кеңінен тоқталып кетті. Шарада сонымен қатар, Ресей ТЖМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы заң бөлімі бастығының орынбасары Владимир Серебряков, Германиядағы әріптестер – Клаус Шплидорф және Сергей Голод осы тәрізді іс-шараларды өткізудің маңызын атап өтіп, халықаралық слетте үш елдің жас құтқарушылары жоғары шеберлік көрсететініне сенім білдірді.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қаланың жас ұжымдарының қолдауымен слетке қатысушыларға мерекелік концерт әзірледі. Концерт барысында ұйымдастырушылар қонақтарға ақ дәм мен бауырсақ ұсынды.
Тұтас алғанда бағдарлама мазмұнды және қызықты өтеді деп жоспарлануда. Слет кезінде тіршілік қауіпсіздігі негіздері, алғашқы көмек көрсету бойынша әртүрлі байқаулардың, спорттық іс-шаралардың, оқытатын тренингтердің және шеберлік сыныптарын өткізілу жоспарланды. Командаларға Қазақстан Республикасының тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстыру ұйымдастырылады. Жас жеткіншектер қолданбалы өрт сөндіру спортының элементтері бар жарыстарға қатыспақ. Одан бөлек, оларды түрлі экскурсиялар, батысқазақстандықтардың сүйікті демалу орны – Шалқар тұзды көлі күтуде.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*