Дәстүрлі діннің діні мықты болсын десек…

Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына Астана қаласы «Хазрет Сұлтан» мешітінің имамы Мақсатбек Қайырғалиев пен дінтанушы Николай Мерзляков келіп, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының офицерлерімен «Имам ағзам Әбу Ханифа және Қазақстандағы дәстүрлі ислам» тақырыбында кездесу өткізген еді.
Қарағанды облысының дін істері бойынша басқармасының меңгерушісі Меруерт Мысырдың мұрындық болуымен ұйымдастырылған кездесу барысында қазіргі қоғамдарымызда болып жатқан діни жаңғыру кезінде ханафи мазһабының маңыздылығын айқындау, елдегі тұрақты діни ахуалды сақтаудың маңыздылығы туралы әңгіме қозғалды. Осы тақырып төңірегінде дін саласының өкілдері өз ойларын ортаға салып, маңызы мол басқосуға қатысқан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлерінің сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында «Хазрет Сұлтан» мешітінің имамы Мақсатбек ҚАЙЫРҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасудың да реті келген еді.
– Мақсатбек аға, қазіргі діни радикализм қатері сақталып тұрған аласапыран заманда еліміздің рухани кеңістігінің қауіпсіздігін аман алып қалу өзекті және маңызды, осы түрғыда мүфтияттың бастамасымен қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
– Дін қоғамның маңызды саласы, мәдениеттің негізін қалаушы феномендердің бірі. Мемлекет діни бірлестіктердің дамуына тең жағдай жасап, олармен, әсіресе, халықтың тарихы мен дәстүріне жақын болғандарымен әріптестік қарым-қатынас орнатып келеді.
Ислам Қазақстандағы дәстүрлі және басымдыққа ие конфессия болып табылады. Бүгін ел ынтымағы айрандай ұйып, халықтың ықылас, ниеті түзу боп тұрған заман. Мұның нәтижесінде Ислам діні елімізде қарқынды даму үстінде. Мешітке келушілер саны артуда. Еліміздегі жамағаттың қажеттілігіне жетерлік мешіттер ашылып, олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының айналасында топтасып бір ұжым болып қызмет етуде. Қазақстанда Нұр-Мүбарак университеті мен 9 медресе отандық ислам білім беру жүйесін құрып келеді.
Елімізде Мүфтияттың бастамасымен көптеген игі шаралар іске асырылуда. Халықтың діни сауатын арттыруға бағытталған жамағатпен күнделікті кездесу, бұқаралық ақпарат құралдарына шығу, сауат ашу курстарын жүргізу, имамдардың біліктілігін шетелдік ислам орталықтарында көтеру секілді көптеген кешенді шаралар ұйымдастырылуда.
– Бүгінгі әлем мұсылмандарының 90 пайызын сунниттер құраса, олардың жартысынан көбі Ханафи мәзһабын ұстанады. Осы мәселе туралы айтып өтсеңіз?
– Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ ұстаумыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз», – деп атап көрсетті.
Діни басқарма қарауындағы мешіттердің түгелі Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолымен қызмет етуде. Осылайша, біріншіден шариғат амалдарының бір болуы басқа жат ағымдар мен бүліктің енуіне жол бермесе, екіншіден, ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түседі.
Исламда бір мәзһабта болудың артықшылығы – халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орталық Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында.
Алайда, жайнамазға маңдайлары жаңадан тие бастаған кейбір бауырларымыздың діни білімі және тарихымыздан мағлұматы жеткілікті болмағандықтан, бейәдептік әрекеттер көрсетіп жатқандығы аландатпай қоймайды. Мазһабты терістейтіндер бір-екі хадис пен аятты жаттап алып, шариғатқа терең бойламай, пәтуә айтып жатады. Бұл әбестік.
Қазіргі діни радикализм қатері сақталып тұрғанда тұтастықты сақтап қалу маңызды.
Дәстүрлі ханафи мәзхабына қарсы шығып, оны ұстанбауды насихаттайтын, ұлттық дәстүрді мойындамайтын, намаз оқымағандарды, соның ішінде әке-шешесін де мұсылман ретінде санамайтын, мұсылман елдерін біріктіріп халифат құрмақ болатын, жиһадты қан төгу деп қана түсінетін және басқа да неше түрлі шектен шыққан осындай келімсек топтар жалпы Исламның атына кір келтіріп, халықты діннен шошытуда. Сондықтан, дәл қазіргі сәтте, мәзһабты насихаттауға баса назар аудару қажет болып тұр. Себебі, жамағаттың арасында туындап жатқан жікшілдік мәселесін шешіп алмайынша, дін ісін ойдағыдай алға бастыру қиынға соғады.
Қазақстанда жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру және ұлттық ерекшелікті сақтау жолында Имам Ағзам Әбу Ханифаның діни мұрасы ерекше тарихи рөл атқарды. Әбу Ханифа мазһабы шариғатқа қайшы келмейтін кез келген дәстүрлерімізді ұстануға мүмкіндік беріп отыр. Бұл осымен де құнды. Қазақ халқының көптеген дәстүрлері исламға дейін де болған, исламнан кейін де осы хақ діннің аясында жоғалмай сақталып келеді.
2014 жыл Бас мүфтидің бастамасымен «Дін және дәстүр» жылы атанып, осы бағытта мазмұнды жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Мүфтияттың осы шараларының барлығына агенттік өкілдері де тұрақты түрде атсалысуда.
Дегенмен, Әбу Ханифа ілімінің қоғамымыздағы рөлі дегенде, тек оның мұрасын дәріптеп мақтан етумен, оны тек діни жоралардың амал-тәртіптері ретінде ғана тану танымымыздың шектеліп қалуын білдіретін болады.
Шын мәнісінде, Әбу Ханифа салған сара жолдың мазмұны және маңызы өте терең. Ханафи мазһабының өзге дін өкілдеріне деген байсалды ұстанымы арқылы Орталық Азияның мұсылман халқы мен осы жерлерді мекендеген басқа діндегі тұрғындар бейбіт өмір сүріп келді. Осы жерлерде көнеден бері буддистер мен несториан христиандар ешбір қыспақсыз өз діндеріне сеніп, емін-еркін өмір сүргені тарихтан белгілі. Мазһабымыздың осы бір құндылығын жамағатқа, жас буынға сініріп отыру қажет.
Ханафи мазһабын ұстанған адамдар, оның ішінде біздің ата-бабаларымыз да мықты мұсылмандар болғаны тарихтан белгілі. Ислам дінінің кеңінен қанат жайып, ғылымда, өнерде және мәдениетте әлемдік өркениеттің жоғары сатысына жетуіне баға жетпес үлес қосқандар осы мазһабтың өкілдері десек, қателеспейміз.
Орталық Азияға Ислам дінінің келуі арқылы, осы жердің данышпандары Хақ діннен нәр алып, білімге деген құштарлықтары арқылы, тек Ислам іліміне ғана емес, әлемдік ғылымға үлестерін қосып адамзаттың тарихында өз орындарын алды.
Әл-Фарабидің пәлсәпа мен логикаға, ибн-Синаның медицинаға, әл-Бирунидің астрономия, математика және географияға, әл-Хорезмидің географияға, әл-Ферғанидің астрономияға қосқан үлестері, ашқан жаңалықтары мен жасаған ізденістерінсіз осы ғылымдарды елестету мүмкін емес.
Имам Мұхаммад әл-Бухари, Әбу Мансур ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи және олардың көптеген замандастары мен ұрпақтары Орталық Азияның ғана емес күллі ислам әлемінің мақтанышына айналды.
Ата-бабаларымыздың осы істерімен Орталық Азия ислам өркениетінің гүлденуі мен ислами ілімі дамуының тарихи орталығына айналды.
Қазір Әбу Ханифа мұрасын жаңғыртуға бағытталған бірқатар шаралар Қазақстанда және көршілес елдерде қолға алынып жатыр. Алайда, осы істер әлі де жеткіліксіз. Мұраға қалған еңбектерді аударып шығару ол тек жарты іс. Ең маңыздысы – осы мұраны халыққа түсінікті етіп жеткізу және сол құнды ілім мен даналарымыздың көзқарастарын қазіргі заманға лайықты етіп одан әрі дамыту.
– Мақсатбек аға, бүгінгі таңда діни және зайырлы білімді қатар алып жүретін сауатты діни жетекшілердің аздығы білінеді, осы орайда бір-екі ауыз сөз айтып өтсеңіз?
– Орталық Азия өңірінде тиісті ислами зерттеу орталықтарын дамыту арқылы, дінді де, зайырлы қоғамтану ғылымдарын да жетік меңгерген заманауи ғұламаларды, исламтанушыларды тәрбиелеу қажет.
Мемлекетіміздің басшысы XXI ғасырда еліміз дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Осы мұрат-мақсаттарға жету жолында бірігіп жасайтын істеріміз, алатын асуларымыз көп. Сондықтан Исламнан рухани өнеге алып, жан-жақты қалыптасқан, еліміздің өркендеуіне атсалысатын ғалымдарымызға мұқтаждық зор.
Ғұлама бабаларымыз, кезінде Исламның және жалпы әлем ғылымдарының дамуына қосқан үлестері қаншалықты құнды болған болса, қазір де осы ғұламалардың абыройына лайық бола алатындай ізін басатын данышпандардың істері қажет.
XXI ғасырдың имамдары діни сауаттылығымен ерекшеленетін, өмір үрдісінен қалмайтын, жасампаздыққа ұмтылатын еліміздің абыройлы, жамағат арасында беделге ие азаматтар болуы керек.
Ол үшін имамдар өз жүріс тұрысымен, барлық болмысымен жастарға мұсылманның үлгісін өз тұлғаларымен көрсете алулары керек және осындай жауапкершілікті әрдайым сезінулері тиіс.
– Біз білетін дін осы бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мазһабы, бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделгенін байқаймыз. Ендеше, бүгінгі тәрбиешілер, оның ішінде әскери тәрбиешілер жастарға, жас сарбаздардың саналарына дәстүрлі дінді сіңдіре білуіміз керек деген ойдамын.
– Әрине, осы бағытта көп жұмыстар атқаруымыз керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Қанат ДОС,
Қарағанды қалас

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*