Семей Оқу орталығына – 20 жыл

Биыл Ішкі істер министрлігінің Семей қаласында орналасқан Оқу орталығына 20 жыл толып отыр. Екі онжылдық ішінде оқу ордасы мыңнан астам кәсіби білікті маман даярлап шығарып, қатарға қосты. Қазіргі таңда оқу орнын тәмамдаған тыңдаушылардың дені республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып келеді.
Оқу орталығының мерейлі мерекесі дәл Полиция күні Абай атындағы мемлекеттік театрда салтанатпен аталып өтті. Жиын басында дәстүрлі түрде еліміздің Әнұраны орындалып, төл мерекемен тұспа-тұс келген мерейтойдың шымылдығын орталық бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция майоры Самат Телібаев құттықтау сөзімен ашты.
«Ең алдымен баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Оқу орталығының құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне ортақтасып отырған аға буын ардагерлерге айтар алғысым мол», – деген Самат Телібаев жиналған жұртты Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау хатымен таныстырып өтті.
Ал білім ордасының құрылуы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар еткен Оқу орталығының бастығы, полиция подполковнигі Ардақ Аманғазин іргетасы 1995 жылы қаланған орталықтың алғашында Шымкент заң колледжінің филиалы базасында ІІМ Семей заң колледжі болып құрылғанын жөнінде айтып өтті.
«Жиырма белесті бағындырған білім ордасының бой түзеп, нық қадам басуына күш-жігерін аямаған азаматтар баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – полиция полковнигі Сағатбек Асқаров болды.
Кезінде шағын ғимаратта орналасқан қатардағы және басшы құрамның арнайы дайындық мектебі 20 жылдың ішінде оқу-материалдық базасы озық, қолайлы оқу аудиториялары, оқу-әдістемелік кабинеттері мен полигоны, спорт залдары, асханасы, екі үлкен кітапханасы, акт залы, атыс тирі бар Қазақстанның ірі колледждерінің біріне айналды. Бүгінде білім ошағы ІІМ-нің алдыңғы қатарлы Оқу орталықтарының бірі болып саналады. Қазіргі уақытта оқытушылардың сапалық құрамы біршама өзгерді. Оқу орталығының 10 оқытушысы заң ғылымдары магистрінің академиялық дәрежесінің иегері, 1 оқытушы PhD докторы, 1 қызметкер Аймақтық менеджмент Академиясының әлеуметтік ғылымдарының қауымдастырылған профессоры. Біз Оқу орталығының тарихына құрметпен қарап, оның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан бұрынғы басшылар – полиция полковниктері Сағатбек Асқаров, Әлібек Оразғалиев пен Съезхан Дәулетқожановтың еңбектерін әркез жоғары бағалап, ақыл-кеңестеріне әлі де құлақ түріп келеміз», – деді аға буынға шын ықыласын білдірген орталық бастығы.
Жиын барысындағы көрсетілген мұрағаттық бейнефильмдер, әсіресе, ардагерлердің жүректеріне жылу ұялатты.
Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасып, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атынан 1 қызметкер II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, 3 қызметкер III, II, I дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталып, 1 қызметкерге Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, 1 қызметкер ІІМ-нің алғыс хатымен мадақталса, 1 қызметкерге алғыс жарияланды.
Мереке аясында «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамдық бірлестігінің филиалы тәртіп сақшылардың арасында жеңіл атлетикадан эстафета өткізді. Он команда қатысқан жарыста Оқу орталығының әскери пәндер және денешынықтыру дайындығы циклінің оқытушылары – полиция подполковнигі С.Қожанов пен полиция майоры М.Мадимов жетекшілік еткен команда 1-орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар – арнайы бастапқы оқыту курсының «Б» курсы 3-взвод тыңдаушылары А.Рахымбеков, Н.Сайлаубек, «Б» курсы 4-взвод тыңдаушысы Т.Сәрсеков, «А» курсы 4-взвод тыңдаушысы Д.Базарбаев Оқу орталығы бастығының грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерейтойлық кеште Оқу орталығының қоғамдық өміріне белсене араласып, 15 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан қызметкерлер де құрметке бөленді. Сахна төріне шыққан ардагерлер жас буынға ағалық ақылдарын айтып, естеліктерімен бөлісті. Ақ тілектерін жеткізген Сағатбек Асқарұлы мен бұрын сап бөлімі жөніндегі колледж бастығының көмекшісі болған Аманжол Шарипов те ел қошеметіне бөленіп, оқу ордасының 20 жылдығына орай төсбелгі, құнды сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты жиында Семей қаласының ІІО бөліністерінің басшылары мен Семей заң колледжінің түлектері үн қосып, құттықтауларын жеткізді. Кеш соңы Абай атындағы мемлекеттік театр ұжымымен Оқу орталығының жеке құрамы бірлесе әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасты.

Гүлжан МАСАЛОВА, Семей қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*