Ресейлік әріптестердің риясыз тілегі

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан полициясы күніне орай өткен салтанатты шараға Ресей Федерациясы ІІМ Қорған облысы бойынша басқармасының бастығы, полиция полковнигі Олег Ильин бастаған делегация арнайы келді.
Мерекелік іс-шаралар шағын футболдан өткен жолдастық кездесуден басталып, «Динамо» стадионының футбол алаңында Солтүстік Қазақстан және Қорған облыстарының тәртіп сақшылары кездесті.
Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне автокөлік кілттерін табыстау – бағдарламаның басты жиыны болды. Полицейлер облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан 55 қызметтік көліктің кілттерін алды. Полиция бөліністерінің автопаркі Жергілікті полиция қызметінің, аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастықтары алған жаңа Нива, УАЗ, Сhevrolet Captiva, Skoda Octavia автокөліктерімен толықты. «Еліміздегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде ішкі істер органдары мол еңбек етіп келеді. Айта кету керек, соңғы жылдары облысымызда барлық бағыттар бойынша қылмыс санының азаюына қол жеткізілді. Бұл барлық полиция қызметкерлерінің бірлескен, әрі кәсіби жұмысының нәтижесі. Бұл арада полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің де маңызы зор», – деп атап кетті Ерік Сұлтанов полицейлерді мерекелерімен құттықтау кезінде.
Мерекелік бағдарлама Н.Погодин атындағы драма театрында өткен салтанатты жиынмен аяқталды. Жиын барысында сахнада Ресей Федерациясы ІІМ Қорған облысы бойынша басқармасының және Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД вокалдық топтары ән шырқады. Шекаралас екі облыстың погон таққан вокалдық топтары патриоттық сезімге толы үздік композицияларды орындады.
Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны, қызметте жоғары жетістіктерге жеткені үшін, бұл күні 100-ден астам полиция қызметкері медальдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталып, кезекті арнайы шендер табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан полициясының 24 жылдығына арналған мерекелік бұйрықта ресейлік полицейлер де болды. Қорған облысынан келген 20 мейман Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің алғыс хаттарымен марапатталды. «Бірлесіп жұмыс жасаған жылдар ішінде біздің шекаралас ынтымақтастығымыз жүйелі сипат алып, қылмысқа қарсы күрестің тиімді формалары мен әдістері пайда болды. Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдары мен Ресей Федерациясы ІІМ Қорған облысы бойынша басқармасының барлық салалардағы өзара ынтымақтастығы – екі мемлекеттің ынтымақтастығының дамуына қосқан зор үлес», – деп алғысын білдірді Берік Біләлов. Сондай-ақ, ол мерекелеудің мұндай бірлескен форматы Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері алғаш рет өткізіліп отырғанын айта кетті.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*