Теңіз төріндегі бір суреттің сыры

Қазақ радиосының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып 20 жыл жұмыс істеген екенмін. Бұл 1979-1999 жылдар еді. Сол жылдар ішінде Атырау өңіріне арнайы ат басын тіреген талай құрметті де жайсаң жандардың жанында болып, елімізді, жерімізді аралағанда үнемі қастарында жүріп, қандай да болмасын жылт еткен жаңалықты жеделдете жазып, республикаға жария еткенім елдің көңілінен шығып, көпке мәлім болып жататын.
Әр келген қонақтың аттанар алдында, олардың аяулы Атырауымда болғандағы айтар аз ғана ой-пікірлерін алып қалуға тырысып, бірер минут уақыттарын бөлуін сұрай жүріп, Қазақ радиосының микрофонын ұсынып айтқан ақжарма сөздерін үнемі таспаға түсіріп қалатынмын.
Атырау экономикасы мен өнеркәсібіне, құрылысы мен ауылшаруашылығына, әлеуметтік және мәдени саласына қол ұшын беріп, облысымызға келу сапарлары арқылы көп мәселелерді шешіп, өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлестерін қосқан құрметті жандардың біразымен жүздесіп, сұхбаттасқан едім. Олардың сапында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов, басқа да бірнеше министрлер, КСРО Денсаулық сақтау министрі Д.Чазов, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрі, Геология, Ауылшаруашылығы және Балық министрлері (аты-жөндері есімде сақталмапты), ұшқыш-космонавтар Леонов, Руковишников, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Е.Рахмадиев, Қазақстан Телерадиокорпорациясының әр кезеңдегі төрағалары Х.Хасенов, Ғ.Шалахметов, Ш.Мұртаза, С.Әшімбаев, Қазақстанның халық жазушылары Ә.Сәрсенбаев, Ә.Нұрпеисов, Ә.Кекілбаев, халық ақыны Х.Ерғалиев, К.Салықов, Ф. Оңғарсынова және тағы басқа да белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері бар.
Ал республикамыз тәуелсіздігін алып, аспан көгінде көк байрағын желбіреткен жылдан бастап, Атырауымызға жыл сайын немесе жыл аралатып келіп тұратын, келген сайын Атыраудың сәніне сән, экономикасына аса жоғары үлес қосатын, алып құрылыс алаңдарының тұсауын кесетін еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен әр келген сайынғы кездесуімнің әсері, әсте естен кетер ме? Ондай кездесулердің әрқайсысын бір әңгіме етіп жазуға тұрарлық. Олай дейтінім ондай кездесу сәттерінде мен микрофонымды ұсынып, өзімді Қазақ радиосының Атыраудағы меншікті тілшісі екенімді, мен арқылы ол кісінің осы сапары республикалық эфирден еліміздің түкпір-түкпіріне жедел жария болатынын айтсам болды, Президент мырза еш қарсылықсыз сөйлеп беретіні жадымда мәңгі сақталып қалды. Кейде өзіме әзіл айтып, бір өзіне ғана тән әрі жарасып тұратын табиғи күлкісімен, өзім қай жағынан шығып қаламын деп қысылып, жүрексініп тұрғанда, жылы жүзімен жаныңды жадырата түсетіндігін қалай ұмытарсың?
Осындай сәттерде ол кісінің соншалықты қарапайымдылығын, жанының жайсаңдығы мен жүрегінің жылуын жанындағы жүздескен жанға күн сәулесінің шырайындай шапағатын шашып тұратындығын әлденеше рет сезіндім. Әр кездесіп жүздескен сайын соны сезінісімен-ақ, көптен бергі танысымдай еркін сөйлесіп, сұрақтарымды беруге кірісетінмін. Әрине жеке сөйлесіп тұрған сәттерімді бейнелеген дәлелді суреттерім болмаса да, Президенттің әрбір іргелі кәсіпорындарда болғанында ылғи да қасына, яғни, микрофоным жететін жерге таяп, іс басындағы адамдармен сөйлескенін жазып тұрған суреттерім баршылық. Енді өзім сақтап жүрген осы бір сарғайған суреттің сырын айтуды жөн санадым.
Бұл сурет 1993 жылдың қараша айында түсірілген еді. Таңертең ертемен барып әуежайдан Президентті күтіп, әртүрлі баспасөз ақпарат құралдарының тілшілері жиналып тұрдық. Президент ұшағы қонуға таяғанда біраздан бері сарылып тұрған бізге, яғни, көп тілшінің тек бірен-саранына ғана Президент ұшағына таяп баруға рұқсат етті. Ұшақ баспалдағынан түсісімен облыс басшыларымен, құрметті ақсақалдармен амандасып болғасын, қош келдіңіз айтып, Атырау жеріне сапарыңыз жайында бірер сөз айтсаңыз дегелі оқталып тықыршып тұрған маған да, Президент жалт бұрылып қолын созып амандасты. Күтпеген жай. Алақаным әлдебір аса бағалы ыссы алтынды ұстағандай болып, өнбойыма қызу қан жүгіріп, денем ерекше қуат алғандай болып қызынып жүре берді. Ерекше бір көтеріңкі сезімде қалдым.
Өзін күтіп алушылармен амандасып болып, Елбасы әуежай алаңында жиналып тұрған қала жұртшылығына қарай беттеді. Көппен бірге біз де үнтаспаларымызды арқалап Елбасының артынан ере бердік. Президент жиналған жұртшылықпен жайдары да жарқын амандасып, елдің тұрмыс-жағдайын сұрап жағалап келеді. Олармен сөйлескендерін артқы жағында жүріп жазып келемін. Бір сәт ортаға тоқтап, қазіргі кезеңдегі қиындықтардың барлығы да өтпелі екенін, төл теңгеміз айналымға енгеніне байланысты енді жағдайдың жақсаратынын, көптен берілмей жатқан еңбекақылар мен зейнетақылардың енді уақтылы берілетінін, мұнай өндірісін күрт арттыруға күш салатынын, осы сапарының басты міндеті де сол екенін, жағдайы толық шешіле қоймаған Теңіз кеніші туралы да бірер сөз айтып, халықпен қоштасты. Осынау әуежай алаңындағы айтылған аз ғана әңгіме Қазақ радиосының толқындары арқылы Алматыдан бүкіл Қазақстанға сол сәтінде тарап, сағат 12.00-дегі түскі жаңалықтарға арқау болды.
Түстен кейін Атырау әуежайынан екі тікұшақ көтеріліп, сол кездегі атышулы Теңіз кенішіне бет алды. Оның бірінде Президент болса, екіншісінде Алматыдан келген және орталық баспасөздің Атыраудағы меншікті тілшілері болған едік. Теңіз алаңындағы алып құрылыстың қызыл бұрышында Президентпен болған кездесу үш сағатқа созылды. Көп нәрселердің басы ашылып, Теңіз мұнайы Қазақстан халқының игілігіне жарайтын күннің жақындағаны мәлім болды. Орыс тілінде жүрген жиналыстан орысша хабар бергеннен көрі, Қазақ радиосы арқылы ақжарма жаңалықты жан-жақты желпіне-желдірте жариялауды мақұл көріп, Президент құрылысты аралап өтіп келе жатқанда оңтайлы сәтті пайдаланып, Қазақ радиосына қазақша бір-екі ауыз сөз айтуын өтіндім. Осы жерде Президент сәл бөгеліп, қазақша да, орысша да бүгінгі сапарының бар жаңалығын айтып берді. Міне, сол сәтте түсірілген осы суретті мен ертесіне республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен және көптеген өзге облыстардың газеттерінен көріп, қиып алып сақтап қойған едім.
Бұл күндері Елбасының туған күні алдында, өзім бір кездері Қазақ радиосының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеп жүрген уақытымда, Мемлекет басшысының Атырауға жеті рет келіп, соның жетеуінде де жанына жақын тұрып сұхбаттасқанымды мақтан тұтамын. Сол сәттерде Президенттің өте қарапайымдылығын, қандай адамның да сөзіне құлақ асатын елгезектігін, асқар таудай биік тұлға болса да әр адамды өзіне тең санайтындығын, аузын ашса көмекейі көрінетін таза ауыл адамына тән қасиеттерінің әлі де бойында сақталып қалғанын өзім көріп-біліп, әбден көз жеткізгенімді айту азаматтық парызым деп санадым. Еліміздің бағы мен бақытына жаралған жанның алдағы уақытта да денсаулығы мықты болып, әлі де ұзақ жылдар жемісті жұмыс жасауына, елімізді бұдан да биіктерге бастап, сау-саламат жүруіне мен шын көңіліммен тілекшімін.
Пайғамбар жасынан асқан шағымда өткен өміріме көз жүгіртсем әуелі облыстық радиода 4 жыл, республикалық радиода 20 жыл, «Азаттық» радиосында 11 жыл, барлығы 35 жыл бойы радио тілшісі болған екенмін. Осы жылдарда облысымның өркендеп өсуіне, экономикасының нығая түсуіне бір адамдай үлес қоса жүріп, 2001 жылы облыста алғашқылардың бірі болып Президенттің «Алғыс хатына» ие болсам, 2002 жылы Президенттің «Алтын Елтаңба» төсбелгісімен марапатталғанымды мақтанышпен айтамын.

Кәрім БАҚРИДЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Атырау облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*