Әскери музыка фестивалі

Таяуда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін дәстүрге айналған әскери оркестрлердің V халықаралық «Әскери керней» фестивалі өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған фестиваль Ел Тәуелсіздгінің 25 жылдығы мен Қазақстан полициясы күніне арналды.
Биылғы халықаралық байқауға іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үздік деген әскери оркестрлері өнер көрсетті. Олардың қатарында Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі, Әскери институт, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 6506, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 5518 әскери бөлімдерінің әскери оркестрлері елорда төрінде салтанат құрды.
Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі болды. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланының Солтүстік-Кавказ өңірлік қолбасшылығы штабының әскери оркестрі (Ростов на Дону қаласы) мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының «Защитник» оркестрі қыздырды. Айта кету керек, ресейліктер бұған дейін фестивальға бірнеше мәрте қатысса, қытайлық қонақтар алғаш рет Астана төрінде өнерлерін ортаға салды.
«Әскери керней» фестивалінің алғашқы күнінде Ұлттық ұланның әскери оркестрлері өзара тартысқа түсіп, байқаудың жеңімпазын анықтады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов бастаған комиссия құрамы өнерпаздардың орындаған туындыларын жіті бақылады. Әскери оркестрлердің репертуарлары түрлі жанрларды қамтыды. Олардың ішінде отандық сазгерлердің халық, эстрадалық және классикалық туындыларымен бірге шетелдік атақты композиторлардың да белгілі шығармалары орындалды.
Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі, Әскери институт пен өңірлік қолбасшылықтар әскери оркестрлері байқауға тыңғылықты дайындықпен келгендері байқалып тұрды. Десек те, сайыстың аты сайыс. Ю.Хайттың «Все выше», Чернецкийдің «Танкистер маршы», П. Снаговскийдің «Ұлттық ұлан», Николаевтың «Фантазия» туындыларын орындаған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 5518 әскери бөлімінің оркестрі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін өткен байқауда Бас жүлде иегері атанды.
Үш күн ішінде еліміздің, Ресей мен Қытайдың әскери оркестрлері елорда алаңдарында әуелеген оркестр әуенімен қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша әрі тартымды мәдени кештер ұйымдастырды.
Маусымның 24 күні 5573 әскери бөлімінің саптық алаңында V халықаралық «Әскери керней» фестивалінің салтанатты ашылуы өтіп, ресми түрде алаң иелерімен бірге Ресей мен Қытайдың тулары көкке көтеріліп, әнұрандар ойналды. Бұл жерде фестивальдің барлық қатысушылары түрлі жанрдағы музыкалық композицияларды орындады.
Осы күні кешке таман елорданың бірқатар алаңында бір уақытта әскери оркестрлер ұжымы қала тұрғындары алдында өнер көрсетті.
Ал маусымның 25 күні сағат 18.00-де Астана қаласы әкімдігінің алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін V халықаралық «Әскери керней» фестивалінің саптық концерті өтті. Айтулы шараға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, министрлік басшылығы, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Парламент депутаттары, Астана гарнизонының әскерилері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Концерт басталмас бұрын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов фестивальдің арнайы сыйлығы, кубогы және дипломымен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының «Защитник» оркестрін (дирижері – подполковник Ли Сычэн), Ресей Федерациясы Ұлттық ұланының Солтүстік-Кавказ өңірлік қолбасшылығы әскері штабының оркестрі (оркестрдің көркемдік жетекшісі, РФ еңбек сіңірген әртісі подполковник Сергей Литвинов), Мемлекттік күзет қызметінің Президенттік оркестрін (дирижері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері подполковник Тілек Ерғалиев), ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрін (дирижерлік жасаған лейтенант Данияр Бөлтіріков) және ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрін (дирижері майор Самат Құрмантаев) марапаттады.

Руслан ЖАНГУЛИН, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*