800 сарбаз ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының астаналық құрамасында ант қабылдауға арналған салтанатты шара өтті. 5573 әскери бөліміне еліміздің әртүрлі өңірінен шақырылған 800-ге жуық сарбаз өз қаруластары алдында, Жауынгерлік Ту астында Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Сап түзеп, қару асынған әр азаматтың өміріндегі осы бір маңызды сәтке куә болу үшін алаңға жиналған ата-ана, туған-туыс, достар қатары өте көп болды. Жауынгерлерді Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов құттықтады. Генерал сапта тұрған әрбір сарбаздың батыр халықтың ұрпағы екенін, сол себепті де үлгілі қызмет ету керектігін жеткізді.
«Бүгін әскери бөліміміз үшін ерекше күн. Ант қабылдау рәсімі – жас сарбазды халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне адал қызмет етуге міндеттейді. Осы жолда Сіздерге сәттілік тілеп, абыройлы қызмет көрсететіндіктеріңізге сенім білдіремін», – деді құрама командирі, полковник Сәкентай Шекарбеков.
Мерзімді қызметін өтеуге әскер қатарына осыдан бір ай бұрын келген жас сарбаздар толыққанды Отан қорғаушысы атану үшін арнайы дайындықтан өтті. Бұл аралықта олар командирлерінің көмегімен саптық шеруге, қару ұстауға машықтанды. Қарулы күштер қатарына ресми түрде енген жауынгерлер енді нағыз әскери қызметтің қыр-сырын меңгеретін болады.
Ұландық жауынгерлерге ата-аналар атынан жас сарбаз – Нұрлан Қайыржановтың анасы Айнаш Оспанова, сондай-ақ, Ақмола гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, әділет майоры Еркін Қожахмет те ақ тілектерін білдірді. Салтанатты ант қабылдау рәсімінен кейін, сарбаздар мен қонақтардың назарына Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі дайындаған плац-концерт ұсынылды.
Әскери қалашықтың ашылу салтанатына қатысқан Елбасы: ««ТМД елдерінің арасында теңдесі жоқ осы қалашықты әскерилердің жақсы жаттығуы үшін, жайлы өмір сүруі үшін жасалған жағдай деп білу керек. Елдің жеткен жетістіктерінің бәрі – ішкі татулықтың, ұлттар арасындағы ауызбіршіліктің, дінаралық келісімнің арқасы. Сіздер – осы тұтастықтың қорғаушысы, сақшысысыздар» – деген болатын. Сол уақыттан бері 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы елордамыздың қоғамдық тәртібін, ішкі тыныштығын қалтқысыз күзетіп келеді.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*