Он екі түлек: қуаныш пен қобалжу

Күні кеше Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан офицерлік шен алған 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институты, Ішкі істер министрлігі академиялары, ІІМ Ұлттық ұлан әскери институты мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері.
Бұл күні ІІМ Қарағанды Академиясының түлегі Темірлан Шұғаев, Қостанай Академиясының түлегі Нұрсұлу Есенгелдина, Ұлттық ұлан әскери институтының түлектері Бақтияр Қайыргелдин, Айдар Құрманов, ІІМ Көкшетау техникалық институтының түлектері Данил Хамаза мен Бексұлтан-әлі Рахымбаев Елбасының қолынан лейтенант шенін алды. Тұңғыш офицерлік шенін Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан алған ІІМ Көкшетау техникалық институтының түлегі Бексұлтан-әлі Рахымбаев ел сенімін ақтауға, әрі адал қызмет етуге серт берді.
«Жоғарғы Бас қолбасшы мырза, еңселі елордамыз Астана күнінде сіздің қолыңыздан салтанатты түрде шен алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл Сіздің және халқымыздың бізге артқан үлкен сенімі деп білеміз. Біздер егемен қазақстанның жас офицерлері бар күш-жігерімізді ішкі істер және Қарулы күштеріміздің қатарын нығайтуға жұмсаймыз. Тәуелсіз Отанымызға Қазақстан халқы және оның Президентіне адал қызмет етуге ант етеміз», – деді институт түлегі.
ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының түлегі Нұрсұлу Есенгелдина – еңселі елорданың туған күні қарсаңында Елбасының қолынан шен алғандардың арасындағы жалғыз қыз. Ер азаматтармен бірге сапта тұрып, ел аманатын арқалаған ару Нұрсұлу бізбен қуанышты сәттегі әсерімен бөлісті.
«Тұңғыш лейтенант шенін Елбасынын қолынан алу мен үшін үлкен абырой. Осындай құрметке ие болып отырғаным мені еліме адал қызмет етуге одан бетер құштар ете түседі. Еліміздің тыныштығын күзетіп, ел мүддесі үшін Қарулы күштер қатарында қызмет ету – бала күнгі арманым. Бала кезден шен таққан әйелдерге деген құрметім ерекше болды әрі қатты қызығатынмын. Мені осы салаға алып келген де осы қызығушылығым. Біз погон таққан әйелдер қауымы нәзік жаратылысымызға қарамастан ерлермен иық тіресіп ел тыныштығын күзете алатынымызды дәлелдеп келеміз», – деді ол.
Осылайша әскери оқу орындарын қызыл дипломмен үздік бітірген түлектер үкілеген үмітті арқалап енді үлкен өмірге қадам басты. Елбасының қолынан әскери шендерін алып қуанышқа кенелген жас мамандарға қолдау білдіріп келген ет жақындары, ата-аналары, туған туыстары «Атамекен» этномемориалдық кешеннің алаңында өткен салтанатты рәсімді тамашалады.
Салтанатты кеште Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов ведомстволық оқу орындарының 7 түлегіне салтанатты түрде погон тапсырды. Министрдің қолынан лейтенант погонын алғандардың бірі – Ұлттық ұлан әскери институтының түлегі Исатай Нұрсейтов. Ол бүгінде Ұлттық ұланның Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің взвод командирі лауазымына тағайындалған.
«Қуанышты сәтте қобалжу бар, осы маңызды күні ата-аналарымыз, туған-туыстарымыз қасымыздан табылып, қуанышымызды еселеп отыр. Әскери институт – әскери өмірдің алғашқы баспалдағы іспеттес. Себебі, институт қабырғасында жүріп әскери өмірдің қыр-сырына қанық болып, қиындыққа қарсы тұрып, төзімді болуды үйрендік. Аға офицерлер құрамы осы жылдар ішінде бізді дайын әскери маман етіп шығаруға бар күштерін салып бақты. Тәлім-тәрбиесін беріп, білім мен біліктілігімізді шыңдауда аянбай тер төккен аға офицерлерге ерекше алғысымды білдіремін», – деді ол өз сөзінде.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Серік ЖОЛДАСПЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*