Әуеден ұшқан, әй құстар…

Біздің туып-өскен жеріміз бұрынғы Семей облысы Мақаншы ауданының Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай) ауылы. Қытай мемлекетімен көршілес жатқан аулымыздың бір жағында әлемде тереңдігі бойынша Байкал көлінен кейінгі екінші орындағы Алакөл жатыр, ал екінші жағында суы шипалы, Кеңес кезінде космосқа ұшып келген ғарышкерлер келіп, дем алып, денсаулығын түзеген Барлық-Арасан деген құтты мекен орналасқан. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі қазақтың атақты батыры, қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың ұрпақтары.
Солардың бірі – 1924 жылы наурыз айында дүниеге келіп, 2005 жылы өмірден озған, Жарбұлақ ауылының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, әкеміз Шайзада Абылқасымұлы. Арғы аталарымыз туралы баяндасақ, Қожақұл батырдан Ерасыл (Қабанбай), Ерасылдан Әлі, Әліден Шаған, Шағаннан Жолан, Жоланнан Екежан, Екежаннан Абылқасым ұрпақтары тараған екен. Абылқасым шаруақор, пысық, сөзге ділмар адам болыпты. Әжеміз Несіпхан екеуі бес ұлды өмірге алып келіп, тәрбиелеген.
Абылқасым атамыздың бір ұлы – әкеміз Шайзада 1942 жылы небәрі он сегіз жасында Ұлы Отан соғысына аттанады. Аягөз қаласындағы әскери комиссариаттың жолдамасымен әскери киімдерін киіп, майданға кетуге дайындалып, сол жерде кезекті эшелонды күтіп екі апта жатады. Жергілікті жердің халқы «елімізді қорғайтын солдат қой» деп, әскери киім киіп, жолдорба асынған әкемізге өте мейірімділікпен қарап, соғысқа аттанғанша тамақтандырып, кезекпен үйлеріне қондырған екен.
Шайзада екі аптадан соң пойызға отырып, туған елімен қоштасып, майданға кете барады. 1942 жылдың желтоқсан айында Владивостоктағы 209-атқыштар бөлімінің жауынгері ретінде қатарға қосылады. Еліміздің шығыстағы шебін қорғайды. Мұнарада күзетте тұрғандарды жапон солдаттары пышақ лақтырып, дыбысын шығармай өлтіріп, шабуылға шығады екен. Әкеміз де бір күні күзетте тұрған кезінде жапон солдатының пышағынан жараланады. Қиыр Шығыстағы соғыстарға бастан-аяқ қатысады. Тіпті, соғыс біткен соң да, елге қайтпай әскери борышын өтей береді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1947 жылғы 4 ақпандағы Жарлығынан кейін ғана 1947 жылы 20 наурызда әскер қатарынан босатылады.
1947 жылы майданнан оралғанда жалғыз інісі Құбаш он алтыдан енді ғана асқан бала жігіт екен. Ағасын Еміл өзенінің бойынан қарсы алған бауырының қуанышында шек болмайды. Әкеміз оған әскери киімдерін кигізіп, ағайынды екі жігіттің әңгімесі таусылмай, үйге екі күннен кейін арбамен жетіпті. Соғыстан аман оралған әкемізді шағын ауыл тік тұра қарсы алып, жылап көріскен. Анасы Несіпқан (әкем әжемді «Шөкей» деп атайтын) өз көзіне өзі сенбей, «бұл менің Шайзадам емес» деп оны қайта-қайта қысып, дауыс салып, көз жасын тоқтата алмай жылай беріпті. Соғыстан оралғаннан кейін әкеміз аудандық «Қызыл отаудың» бастығы болып тағайындалады. Орысшаға жүйрік, пысық жас жігітті партия кеңсе хатшылығына, соңынан ауылдық кеңеске төраға етіп тағайындайды. Көрші Қарабұлақ жерінен анамыз Сараға жолығып, шаңырақ көтереді. Біздің анамыз Сара он үш жасынан еңбек еткен Тыл ардагері болатын.
Әкеміз Шайзада сол кездегі ағартушылық шараларына белсене араласып, жоқ-жітікке сүйеу бола білді. Ашаршылық жылдары Қытай асып кеткен ағайындардың елге оралуына да көп көмегін тигізді.
Анамыз екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Ұшқан ұямыздан танымал ғалым да, құрылысшы да, ұстаз да, заңгер де, кітапхана қызметкері де, агроном да, дәрігер де тәрбиеленіп шықты. Солардың ішінде Бауыржан Шайзадаұлы КСРО кезеңінен аға тергеуші, аудандық ІІБ бастығының тергеу бойынша орынбасары лауазымдарында бірқатар жылдар қызмет атқарды. Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында соттың төрағасы. Айнұр Шайзадақызы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы Академиясынында аға оқытушы, полиция майоры. Әкеміздің немерелері Еркебұлан майор арнайы атағында болса, Ақбота Алматы қаласының Наурызбай аудандық ІІБ-де Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстарын ұйымдастыру бөлінісінде инспектор лауазымында қызмет атқарады, полиция майоры.
Қазақ ақын халық қой, соғыс кезінде ағайын-туыс бауырлар бір-біріне өлеңмен де хат жазысып, сағыныштарын білдіреді екен. Зымырап жатқан уақыт, күндей күркіреген қаһарлы соғыстың аяқталғанына да 71 жыл болыпты. Мұқабасы сарғайған әкеміздің күнделігінен маржандай болып өз қолымен жазылған өлеңдерін оқып отырып, көңілім қатты толқиды. Әкеміз Шайзаданың майданның қанды шебінде жүріп, қолымен деуден гөрі, жүрегімен жазған деуге келетіндей өлеңдерін оқырман қауымға ұсынғым келеді. Әрине, кәсіби ақындар бұл өлең шумақтарынан біраз кемшіліктер табатын шығар. Өлеңді жазу техникасында, буындар санында, ұйқастарында олқылықтар бар да шығар. Бірақ, бұл жанын шүберекке түйіп, өмір мен өлімнің шекарасында жүрген жауынгердің туған жеріне, өз халқына, ағайын-туыстарына деген шынайы махаббаты ғой. Бұл өлеңдерде жалған ұраншылдық, көпірме патриотизм деген атымен жоқ, қатардағы қарапайым солдаттың көңіл толқыны, шын сөзі мен мөлдір сезімі ғана бар. Біздің әкеміздің өлеңдерін жыр сүйер қауым сол тұрғыдан қабылдап, бұл өлеңдердің түбінде жатқан жауынгердің жан сырын ұғынар деп үміттенемін.

ТУҒАН ЖЕР, ШЫНЫМЕНЕН ҚАЛАСЫҢ БА?

Туып ем қызыл-шілік сағасында,
Кең байтақ исі аңқыған даласында.
Айырылып алысырақ кетіп қалдым,
Туған жер, шыныменен қаласың ба?

Дарыған қыдыр оған қара қоныс,
Дәм тартып, туған жерден кеттім алыс,
Ішінде өз халқымның жүрген күнім,
Табалмай енді жүрміз жақын таныс.

Алланың добы деген адам басы,
Алама бізді ойына елде жақсы.
Болды ғой көрмегелі көп уақыт,
Аман ба ел-жұртымның кәрі-жасы.

Біз жүрміз алыс жерде қарып болып,
Қайғымен қапаланып көкте толып.
Көңілді жүдеп жүрген көтеруге,
Шығыста біздер жүрміз әнге салып.

Басына жас жігіттің не келмейді,
Ата-ана бізді ойлап қайғы жейді.
Біледі бір Құдайым деп айтайын,
Біраз күн қайтуға да қалды енді.

Айтып жүр жазға таман қайтасың деп,
Біз жүрміз тоса-тоса бір Құдай деп.
Көңілді онымен де көтереміз,
Дәм тартса төрт-бес айда қайтамыз деп.

Тірі адам оған-дағы жетіп қалар,
Өткізсек январьды төрт ай қалар.
Күн барма тіршілікте бізге дағы
Ауылға аман барып әнді салар.

Сағынып жазушы-майдангер Шайзада. (13.01.1946 жыл )

ӘУЕДЕН ҰШҚАН, ӘЙ ҚҰСТАР…

Әуеден ұшқан, әй құстар,
Үйіме сәлем айтып бар.
Жеткіншегім қуатым,
Жан-жарығым болатын,
Інілерім сұраса
Біз сияқты ағасын.
Сақалы-шашы ағарған,
Ата-анам егер сұраса
Аман-сау жүр дегейсің.
Айта бар сәлем, ей, құстар,
Кейінгі менің еліме.
Ұзынбұлақ-Жарбұлақ
Туып өскен жеріме.
Сәлем айт менің анама,
Сағынып түсті ойыма,
Әулие ата аруақтар,
Жәрдем бермей жата ма,
Біз сияқты жастарын,
Салмасын мұндай қапаға.

ЖАН АНАМ

Жан анам мені өсірдің, еркелеттің,
Талпынып құшағыңда мен ержеттім.
Амал не тағдыр қуды мен балаңды,
Жас бастан жахан кезіп, шетке кеттім.

Қайғырып, жаным анам, қапа болдың
Қуарып, өңі кеткен гүлдей солдың.
Төрт болды екі көзің қарай-қарай,
Бойына балаң кеткен ұзақ жолдың.

Мен кеттім өзім жалғыз ұзақ жолға,
Айырылып менен қалдың қымбат ана.
Балаңыз алыс жерде жүрген шақта,
Жақ болар оған-дағы Құдай пана.

Айырылып кеттім жалғыз елден ана,
Тапсырғың мен балаңды бір Құдайға
Тірі адам тіршілікте көрер деген,
Қайғырып, әзірінше болма қапа.

Елді ойлап, шетте талай азап шектім,
Егіліп екі көздің жасын төктім.
Зарығып, талай-талай ойға кеттім,
Біле алмай не боларын келешектің.

Аман бол, мен барғанша, қымбатты анам,
Қолыма сағынған соң алдым қалам.
Сағынып, бір азырақ өлең жаздым,
Бұл өлең енді осымен болсын тәмам.
Хат жазушы балаң Шайзада.

ШЫҒЫСТАҒЫ ШЕКАРАДА

(Қыстың күні күзетте шығарған өлеңім)

Қиыр Шығыс даласы,
Шекараның арасы.
Күзетте тұр тоңазып,
Біздей қазақ баласы.

Біздер де тұрмыз күзетте
Қару-жарақ асынып.
Қашан келеді смен деп,
Тыпыршалап асығып.

Аяқтағы сұр пима,
Жылуы жоқ оның да.
Аяқтан суық өтіп тұр,
Сүйекке де жетіп тұр.

Әсіресе, түн іші,
Суық өтіп тоңамыз.
Тау ешкідей секіріп,
Тастан-тасқа қонамыз.

Қарлы боран соғып тұр,
Қарауға да қиындық.
Аталарды шақырып,
Аруағыңа сиындық.

Тау менен қалың орманның,
Арасында жүрміз біз.
Кетер ме екен ұмыт боп,
Осындай көрген күніміз.

Қуат берер Құдайым,
Біз секілді жастарға.
Нелер келіп, не кетпес,
Жасөспірім бастарға.

МЕН ЖҮРМІН, ӨЗІМ ЖАЛҒЫЗ БӨТЕН ЖАҚТА…

Мен жүрмін, өзім жалғыз бөтен жақта,
Шекара Қиыр Шығыс ел шетінде.
Жаныма жолдас болғын Қызыр баба,
Алыста өз елімнен жүргенімде.

Мойныма асынғаным қару-жарақ,
Аман ба біздің жақта ауыл-аймақ?
Ішінде бөтен елдің жүргенімде,
Ата-бабам қолдай көр, кәрі аруақ.

Болады Шайзада менің атым,
Бөтенге шағуым болсын мына хатым.
Қай жанның тұқымы деп сұрасаңыз
Болады Қожақұлдан арғы затым.

майдангер Шайзада Абылқасымов. 1943 жыл.

Айкерім АБЫЛҚАСЫМОВА,
ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы Ғылыми-зерттеу
институтының аға ғылыми қызметкері,
полиция подполковнигі

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*