«Алтын Үкі» – қазақ барлаушыларында

Жақында Қарағанды іргесіндегі Спасск оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын Үкі» халықаралық жарысы мәресіне жетті.
Жарыстың салтанатты жабылуына 14776 әскери бөлімінің командирі, генерал-лейтенант Олег Бижанов, «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сұлтан Камалединов және «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов қатысып, әскерилер сынағының ресми қорытындысын жариялады.
Соңғы уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің қауқары көршілердің мысын басып, қызығушылығы мен қызғанышын оятып жүрген еді. Байыпты барлаушыларымыз Арқа төсінде әскери әлеуетіміздің зор екенін тағы бір дәлелдеді. Сындарлы сынақ алаңы – Спасскі.
«Алтын Үкі» халықаралық жарысын өткізу – оған қатысушы елдер Қарулы Күштерінің барлау топтары үшін үлкен маңызға ие», – деді генерал-лейтенант Олег Бижанов.
Бұл сынаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Пәкістан, Ұлыбритания, АҚШ және Қытай Қарулы Күштерінің барлау топтары жиналды. Барлығы 22 команда катысқан бұл жолғы жарыстың ерекшелігі командалардың өз қаруларымен келуінде болып отыр. Бұл қатысушылардың мүмкіндіктерін теңестіреді деген сөз. Сонымен қатар, жарыстың барынша объективті болуы үшін төрелік ету жүйесін де өзгерткен. Мәселен, биыл төрелік жасауға Үндістан мен Түркия елдерінің азаматтары шақырылған.
Әскери қызметшілер әділ тартыспен өткен сынақта жарысып қана қойған жоқ, бір-бірінен үйреніп, өзара тәжірибе алмасты.
Қазылар алқасы барлау бөлімшелерінің жарыс барысындағы жұмыстарын саралап, барлық жүлделі орындарды қазақстандық командалар жеңіп алды. Қолбасшылық тарапынан сайыста көшбасшы болған Қазақстан Қарулы Күштері барлау командасының кәсібилігіне жоғары баға берілді. Тек, алтыншы және жетінші орындарға Беларусь пен Қытай халықтық азат ету армиясының барлау тобы иеленді.
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, әрине. Сынақ талабы – барынша күрделі. Мәселен, бес күнге созылған жарыста барлаушылар жоғары дене даярлығы деңгейін және атыс дайындығын, мина жару ісіндегі, әскери-медициналық және радио даярлық бойынша білімдерін көрсетіп, таныс емес жерде бағдарлау және картамен жұмыс істеу біліктіліктері бойынша сынға түсті.
Бірнеше кезеңді қамтитын жарыс бағдарламасы үздіксіз өтуімен ерекшеленді. Яғни, жарысқа қатысушылар әр кезеңдегі тапсырмаларды ешқандай тынығусыз жалғастырды. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бұл өз кезегінде әскери барлаушылар үшін төзімділік сынағы да болды.
Жігер мен ептілікті таразылаған тартысты бәсекенің алғашқы кезеңінде барлау топтарына үш шақырымнан тұратын «барлаушы жолағынан» өтуге тура келді. Бұл жолақ қабырға, тікенек сымдар, жартастар және су кедергілері сияқты елуден астам элементтен тұрады. Кедергілер жолағынан өту барлаушылардан айтарлықтай дене даярлығы мен психологиялық даярлықты, ептілік пен шыдамдылықты талап етті.
«Биыл Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының «Бүркіт» арнайы жасағының жұбы қатысып отыр, біздің командамыз да жақсы көрсеткіштерге ие болды, дегенмен, қазақстандықтардың АҚШ пен Қытайдан, көршілес Ресейден де әскери шеберлік бойынша үйренері көп. Құрама штаттар сарбаздарының Ауғанстанда, Иракта жинаған тәжірибесі мол. Қытай антитеррорлық операциясымен белгілі. Ресей Шешенстанда түрлі ұрыстарға қатысты.Олардың әскери жарақтану, қару қолдануда тәжірибесі бөлек. Осының бәрін біз өз қарулы күштерімізге үлгі ретінде енгізе аламыз», – деді «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов.
Айтып-айтпай не керек, талап – қатаң. Өз мүмкіндіктерін қалт жібермеген қазақстандық барлаушылар дүниенің төрт құбыласынан келген (Ресей, Беларусь, Пәкістан, Ұлыбритания, Америка және Қытай) бәсекелестерін төрге оздырған жоқ.
Сөйтіп, әскери әлеуеті мығым көршілеріміздің үміті болған «Алтын Үкі» Қазақстан барлаушыларына бұйырды.

Қанат ДОС, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*