Талқыға түскен тақырып – жолаушылар қауіпсіздігі

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ 600-ДЕН АСТАМ ЕРЕЖЕ БҰЗҒАН. ЖАЛПЫ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ОБЛЫС ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫНАН ТҮСКЕН ЕМЕС.
Облыстық полиция ведомствосының бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов «Жолаушы тасылмалдаушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесу барысында жыл басталғалы тіркелген осы қылмыстарға талдау жасап, өзекті сұрақтарды талқыға салды.
«Жолаушы тасылмалдаушылар одағы» қоғамдық бірлестігі – жаңадан құрылған ұйым. Ұйымның басты міндеті – жол үстіндегі тәртіпті, оның ішінде, қоғамдық көліктердің тәртібіне бақылау жасау болып саналады. Қоғамдастық өкілдері кездесу барысында жоспарларымен бөлісіп, облыста жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстарын алға тартты. Күн тәртібіне қойылған тақырып төңірегінде полицейлер мен жолаушы тасымалдаушылар автобус паркінде де кездесу ұйымдастыры. Қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан да ереже бұзушылықтар азаймай отыр. Заң мен ережеге жүрдім-бардым қараудың соңы қайғылы аяқталатынын қатаң ескерткен ІІД өкілдері әр жүргізушіге жауапкершілік пен сақтық шараларын қатаңдату қажеттігін айтты.
«Жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілері жол үстінде 600-ден астам ереже бұзған. Олардың қатарында рөлде келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу, көліктің техникалық жағдайының қанағаттанғысыз болу, маневр жасау ережелерін бұзу фактілері бар. Қоғамдық көліктердің қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 1 адам қайтыс болып, 5 жолаушы жарақат алды», – дейді Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Орайы келгенде айта кетейік, облыста жолаушылар тасымалдаушы 11 автобус паркі жұмыс істейді. Олардың жұмысына қатысты мәселелер бойынша 61-25-01 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*