Шипажайларды жекешелендіру мәселесі сөз болды

Кеше ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамовтың төрағалығымен кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібіне ІІМ «Қазақстан» және «Арман» акционерлік қоғамдарының жекешелендірілу және «Арман» шипажайының «Ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне берілу сұрақтары шығарылды.
Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар кеңес отырысына Ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесі төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ІІМ республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, отставкадағы милиция полковнигі Берік Сүлейменов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров қатысты. Отырысты алғысөзімен ашқан Марат Қоғамов ішкі істер органы жүйесінің жұмысын жандандыру үшін күн тәртібіне шығарылған сұрақтардың өзектілігі жөнінде сөз қозғады. Ол сондай-ақ, ішкі істер органы ардагерлері мәселені дер кезінде көтеріп отрығанын атап өтті. Айтуынша құрылу тарихы тереңге тартқан Ішкі істер министрлігінің аталған шипажайлары мемлекеттің қаражатына салынбаған. Ал өз кезегінде шипажайлардың жекеге өтуіне байланысты баяндама жасаған ІІМ Тыл департаментінің бастығының орынбасары Дамир Тайжанов: «Шипажайлардың жекеге өтуіне байланысты Ішкі істер министрлігінің ұстанымы айқын. Ағымдағы жылдың наурыз айында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл мәселені Мемлекет басшысына баяндады. Мемлекет басшысы тарапынан шипажайларды жекешеленіруге қатысты ұсыныс қолдау тапты. Бүгінде ішкі істер органында 150-160 адам қызмет етіп келеді», – дей келе полиция қызметкерлерінің әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі төмендігін тілге тиек етті.
«Ішкі істер органы саласында талмай тер төгіп жүрген полицейлер, құртқарушылар, өрт сөндірушілер ауыр жүк арқалап жүргендерін айтпағанда, күн-түн демей аяқтан тік тұрып қызмет көрсетіп жүр. Ашығын айтқанда, қауырт қызметті ауырсынбай абыроймен атқарып жүрген жеке қызметкерлерді әлеуметтік сақтандыра алмай отырмыз. Ішкі істер органы қызметі адам қызығатындай болмағандықтан, қызметке қабылдау кезінде қатаң іріктеу жүргізу мүмкін болмай тұр. Бүгінде 10 жыл тәжірибесі бар полиция сержантының орташа жалақысы 70-80 мың. Полиция қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы басқа шипажайлардың шығынын көтермейді», – деді ол.
Оның айтуынша, ішкі істер министрлігінің шипажайларын жекенің қолына беру – ішкі істер органы қызметкерлері мен олардың отбасын қым-қуыт қызметтен бір мезгіл тынығу мүмкіндігінен айырады. Сонымен қатар, өз алдына ел болғалы екі мыңға жуық полиция қызметкерлері қызмет бабында қайтып болғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бүтіндей бір отағасынан айырылған отбасы мүшелері де күйзеліске ұшырайды. Сәйкесінше, қайғы жамылған отбасы мүшелерін де сауықтырудан өткізуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті.
Отырысқа қатысқан ішкі істер органы ардагерлері де үнсіз қалған жоқ. «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Рүстем Қайдаров шипажай сөзін оңалту орталығы деп өзгерту ұсынысымен шықты. Ол сондай-ақ, Белорусия, Ресей елдерінде күш құрылымдарының оншақты ведомстолық оңалту орталықтары бар екенін алға тартты. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері қаза тапқан қызметкерлердің тым көптігін оңалту орталықтарының аздығымен байланыстырды. Қоғамдық кеңес мүшелері шипажайларды жекешелендірудің оң-солын саралап, мәселені жан-жақты талқыға салды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*