Жаңа учаскелік пункт

Қазақстан полициясы күніне орай Ресей Федерациясының Орынбор облысы мен Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы бағытындағы жолдарды біріктіретін республикалық маңызды автокөлік жолы тораптары өтетін халық көп шоғырланған аймақтардың бірі – Бөрілі ауданының Бөрілі ауылында полиция бөлімшесі ашылды.
Күрделі жөндеуден өткен ғимаратты қолданысқа беру шарасына Батыс Қазақстан облыстық ІІД басшылығы, аудан әкімі, аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлері қатысып, жеке құрам сапқа тұрғызылды.
Салтанатты шараның тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов: «Тәртіп сақшысының басты міндеті – халыққа қызмет көрсету, тұрғындардың тыныштығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық әрекеттерден қорғау. Сондықтан осынау тәртіп сақшысы деген атқа лайық болып, халыққа берген антты адал орындаңыздар!» – деп атап өтті.
Елбасының Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жергілікті полиция қызметі де өз қызметін бастап кеткен болатын. Қоғамдық тәртіпті қорғау, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол бақылау қызметі мен ұсақ құқық бұзушылықты болдырмау талаптары осы жоспардың 30-қадамында көрсетілген міндеттер.
Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Алдияр Халелов Елбасының Үкіметке, жергілікті атқарушы билік органдарына және полицияға отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасының маңыздылығын айта келе, аудан әкімдігі атынан «УАЗ» автокөлігінің кілтін табыс етті. Жаңадан ашылған бөлімшеге облыстық Ішкі істер департаменті атынан «Нива» маркілі автокөлігі берілді.
Сондай-ақ, салтанатты рәсімде ішкі істер органдарының ардагері Мендұғұл Құрманғалиев қатысушыларды құттықтап, «Қазақстан полициясы – бұл елімізді және халқымызды қылмыскердің құрығынан қорғайтын сенімді жасақ» деп, нық баса айтып, осы жасақта қызмет етіп жүрген сақшыларға табыс тіледі.
Шара аяқталғаннан кейін тәртіп сақшылары жаңаша жабдықталған жұмыс орындарында қызметтік міндеттерін орындауға жаңаша көңіл-күймен кірісіп кетті.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*