Ел қорғандарына құрмет

23 маусым – егеменді елімізде бейбітшілік орнатуға үлес қосқан тәртіп сақшыларына құрмет көрсету күні. Қазақстан полициясы күні – төзімділік, қырағылық, қарапайымдылық деген ұғымдарды бойына сіңіріп, қызметтің қиындығына қарамастан Анттарына адал болып қалған ерлердің ерлігін ұлықтау күні.
Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, тыныштығымызды қорғап, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы болып қала бермек. Төл мерекеде қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілей отырып, әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа қызмет етіңіздер деген тілек білдіреміз.
Бұл күні Астана қаласында және еліміздің әр аймағындағы құрылымдық бөлімшелерде кәсіби мерекені ерекше құрметпен атап өтті. Ел қорғаны болған ерлерге құрмет пен марапаттың, сый мен салтанаттың көрінісі төмендегідей…

Ішкі істер министрлігі
DSC_3985Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінде өткен мерекелік шара «Алатау» спорт кешенінің алдында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органы мен ішкі әскер әскери қызмешілеріне арналған монументке гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Монументке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан министрлік, орталық аппарат қызметтерінің басшылары, ішкі істер органдары мен ішкі әскер ардагерлері қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған ұландарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ерлікпен қаза болғандарды еске алу рәсімінен соң Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы ІІМ-нің оқу орындарының түлектеріне салтанатты түрде лейтенант погондарын табыстады. Салтанатты рәсімге түлектердің ата-аналары, туған-туыстары қатысып, қуанышты сәтте қастарынан табылды. Министрдің қолынан погон алған түлектер еліне адал қызмет етуге ант етті. Мерекелік салтанатқа қатысқан ардагерлер тыныштықтың сақшысы, қауіпсіздіктің қорғаны болған полиция қызметкерлерінің ерлігі мен еңбегін жоғары бағалап, төл мерекелерімен құттықтады.
Ішкі істер органына 40 жылдан астам уақытын арнаған ардагер, полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев төл мерекелерінде лейтенант погондарын алған ізбасарларына ізгі тілегін білдірді.
«Таңдауы осы салаға түскен тәртіп сақшыларын еліткен оның еңбекақысы емес. Олар ел игілігі үшін еңбек етуді мәртебе санаған азаматтар. Күні-түні ел тыныштығын аяқтан тік тұрып күзететін құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатары жас буынмен толығып отыр. Жаңадан қатарға алынған жас буын төрт жылдық білімі мен біліктілігін дәлелдейтіндеріне зор сенім білдіреміз. Еліміздің тыныштығын қамтамасыз етуде олардың еңбегі өлшеусіз», – деді Мейірхан Жаманбаев. Бұдан әрі Ішкі істер министрлігінің клубында жалғасын тапқан салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Ерен еңбек иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған ведомство басшысы Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы: «Құрметті әріптестер, бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қазақстан полициясының құрылғаны 24 жыл толып отыр. Биылғы жыл полиция қызметкерлері үшін оңай жыл болған жоқ. Дегенмен, соңғы есеп бойынша елімізде қылмыс санының азайғанын байқауға болады. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар комитетінің жұмысы жақсарғанын атап өткім келеді. Барлығыңыздың отбасыларыңызға бақыт, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді.
Министрдің мерекелік бұйрығымен ішкі істер органдарының бірқатар қызметкері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, сонымен қатар, Құрмет грамоталарымен марапатталып, мерзімінен бұрын атақтар берілді. Сондай-ақ, Орталық аппарат пен аумақтық бөліністердің 500-ден астам қызметкері өз міндеттерін адал атқарғаны үшін марапатталды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті
ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде Полиция және Мемлекеттік қызметші күндері құрметіне орай салтанатты жиналыс өтіп, Ішкі істер ТЖК полиция күні (1)министрінің орынбасары Ю.Ильин ТЖК жеке құрамын мерекелерімен құттықтады.
Қазақстанда 90 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтің табысты реформасы және кәсіби, бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппараттың құрылуы ел Президенті Н.Назарбаевтың саяси қажыр-қайратының арқасында мүмкін болды.
Ал, Қазақстан полициясы күні – бұл қазақстандық полицияның құрылуына ерен еңбек сіңірген ардагерлер мен бүгінде оның қатарында жұмыс істейтін барлық қызметкерлеріне деген алғыс білдіру белгісі. Бұл бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өмірін құрбан еткен әріптестерге деген естелік құрмет.
Полиция қызметі қауіпті де қиын қызмет, сол қиындыққа қарамастан осы қажырлы жұмысқа өмірін арнаған адамдар күн-түн демей, қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің дамуына үлесін қосқаны, қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және Қазақстан полициясы күнін тойлауға байланысты, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен ТЖ комитетінің 20 қызметкері ведомстволық наградалармен, 4 қызметкері ҚР ІІМ ТЖ комитеті төрағасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі

Көліктегі ІІД
Көліктегі ІІД3Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шара бейбіт өмірде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған қызметкерлердің құрметіне ашылған «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Ішкі істер органдары ардагерлері мен департамент қызметкерлері есімдері ішкі істер органдары жеке құрамының тізіміне мәңгілікке енгізілген қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Іс-шараны құттықтау сөзімен ашқан ІІМ Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Аманжол Қабылов: «Бүгін біз қызметтік борыштарын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестеріміздің өшпес рухы алдында бас иіп, ерен ерліктеріне тағзым етеміз. Олардың қайсар мінезі мен антқа адалдығы біз үшін отансүйгіштіктің, туған елге деген махаббаттың айқын көрнісі ретінде үлгі болмақ. Бүгінгі мереке күнінде жастарымыздың бойына қызметтің озық дәстүрлерін сіңіріп, патриоттық тәрбие беруде аянбай тер төккен ардагерлерге де ерекше алғысымды білдіремін», – деді.
Еліміздің бас көлік полицейі аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде, әсіресе лаңкестікке қарсы іс-қимылды нығайту, сол арқылы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көлік полицейлерінің алдындағы басты міндеттері болып қала беретіндігін атап өтті. «Кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу өз маңызын жоймауы тиіс. Қызметтік міндеттерді адал атқару мен табандылық таныту әр қызметкердің жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне көмектеседі деп сенемін» деді полиция полковнигі.
Шараға қатысушыларды ішкі істер органдарының ардагерлері де қызу құттықтады.
100-ден аса үздік деп танылған қызметкерлер ҚР ІІМ және департаменттің грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Астана қаласы
Астана қалалық ІІД-де Қазақстан полициясы күніне орай өткен салтанатты шараға басшылық, жеке құрам мен ішкі істер органдарының Астанаардагерлері қатысты.
Елордалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров алғысөзінде тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың дендеріне саулық, қызметтеріне қажымас қайрат пен төзімділік тіледі. «Еліміздің елордасы – Астанада құқықтық тәртіпті нығайту мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде жүктелген жауапты парызды адал атқаруда, Қазақстан полициясының абыройын асқақтатуда табыстар тілеймін», – деп түйіндеді ол сөзін. Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров Ақтөбедегі лаңкестік кезінде қаза тапқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің отбасыларына ерікті түрде материалдық көмек көрсетуге қатысқан жеке құрамға алғысын білдірді.
Салтанатты жиында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Кәрібайұлы да ақ батасын берді. «Сіздер қызметтеріңізді абыроймен атқарып, елорда аумағындағы тәртіптің сақталуын қатаң бақылап, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғап келесіздер. Осы жауапты істе сіздерге табыстар тілеймін», – деді ардагер. Сонымен қатар, кеңес төрағасы елордалық полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктері қала тұрғындарының тыныштығы мен сенімділігінің кепілі екендігін атап өтті.
Дәстүрге айналған Қазақстан полициясы күні қызметте ерекшеленген қызметкерлер медальдармен, ҚР Ішкі істер министрінің грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі

Атырау облысы
Кәсіби мерекеге орай Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің алаңында салтанатты шара өтті. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өңір басшысы мемлекет пен жергілікті билік органдары тарапынан құқық қорғау органдарына қолайлы жағдай қалыптастыру, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиісті жағдай жасалып келе жатқандығын, сондай-ақ, бұл жұмыстардың алдағы уақытта да мүмкіндігінше жалғасын табатындығын айтып, полиция қызметкерлерінің ел тыныштығын күзетудегі абыройлы қызметтеріне жемісті еңбек, отбасыларына береке-бірлік, амандық тіледі.
Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арман Жалмұханбетов Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың құттықтау хатын оқып, сақшыларды құттықтап, қызметте үздік шыққандарды марапаттады.
Бұл күні облыстық ІІД 2-арнайы бөлімшесінің бастығы Роберт Еникеевке штаттық лауазымынан бір саты жоғары полиция полковнигі арнаулы атағы берілсе, Атырау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Бигамбаев мерзімінен бұрын полиция подполковнигі атағын салтанатты түрде алды.
«Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ІІД Жол-патрульдік полиция ротасының командирі Серік Гайнеденов марапатталса, ІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Андрей Карабасов ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды
Сондай-ақ, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органының үздігі» – төсбелгісімен ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Алексей Хан және ІІД Балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Рахметолла Дауылбаев марапатталды. Облыстық ІІД Жедел криминалистік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Төлепов ҚР ІІМ грамотасына ие болса, облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Манарбек Үмбетқалиевке ІІМ-нің алғыс хаты табыс етілді.
Сонымен қатар, «Менің полициям» тақырыбында асфальтқа сурет салу конкурсына қатысқан қызметкерлердің балалары дипломмен марапатталды.
Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция полковнигі Ғалымжан Казиханов полиция қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтап, зейнеткерлерін үнемі ардақтап, мереке сайын жиындардан қалдырмай шақырып отыратындығына шексіз риза екендіктерін жеткізді. Ішкі істер органы зейнеткерлерінің барлығына бағалы сыйлықтар табысталып, полиция қызметкерлері өз ардагерлерінің ағалық ақ алғыстарына бөленді. Салтанатты жиналыс соңында облыс әкімі Н.Ноғаев бастаған ІІД басшылары мен ардагерлері, ел тыныштығын күзету жолында жандарын қиған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған обелискіге гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды еске алды.

Карим БАҚРИДЕНОВ, Атырау облысы

Атырау облысы бойынша ҚАЖД
Қазақстан полициясы күні Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ұйымдастыруымен мерекелік шара өтіп, салтанатқа ҚАЖ департаментінің зейнеткерлері, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, ұлттық алдын алу тетігінің және облыстық қоғамдық байқау комиссиясының өкілдері арнайы шақырылды.
Шараның ашылу салтанатында департамент бастығының орынбасары, әділет полковнигі Д.Туашев ҚАЖ зейнеткерлерін және жеке құрам қызметкерлерін Қазақстан полициясы күні мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық және табысты еңбек тіледі.
Сонымен қатар, мерекемен тұспа-тұс келген Медицина қызметкерлерінің және журналистер күні мерекелеріне орай, түзеу мекемелерінің медицина қызметкерлерін және облысымыздағы баспасөз өкілдерін мерекелерімен құттықтап, оларға мақтау қағаздарын және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Шара соңы департаментке қарасты түзеу мекемелерінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.

Ж.ЕСПУСИНОВА

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД
Ал, Петропавл қаласында Қазақстан полициясы күніне орай Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне ведомстволық туды тапсыруға және қызметте жақсы жетістіктерге жеткен қызметкерлерді марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қызметкерлер үшін салтанатты сәттердің бірі – залға ведомстволық нышандардың енгізілуі еді. Туды тапсыру құрметіне ие болған өңір әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенкоға департаменттің барлық ұжымын Қазақстан полициясы күнімен құттықтады.
«ҚАЖ қызметі ауыр және психологиялық жағымен айрықша ерекшеленеді. Бұл қызмет барынша күш-жігерді және өзінің ісіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Бүгінгі салтанатты рәсім – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тарихына кіреді», – деп атап өтті ол.
Салтанатты іс-шараға департаменттің жеке құрамы, басшылығы, ҚАЖ органдарының ардагерлері және басқа құқық қорғау органдарының және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында ЕС-164/3 мекемесінде 20 жыл жұмыс істеген облыс бойынша ҚАЖД Ардагерлер ұйымының төрағасы Николай Данилов та болды. Ол көп жылдар бойы ЕС-164/3 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы, әділет полковнигі Бөкенбай Жүсіпов барлық қатысушыларды Қазақстан полициясының 24 жылдық мерекесімен құттықтап, денсаулық, бақыт және еліміздің өркендеуі жолында атқарып жүрген еңбектеріне табыс тіледі.
Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты, ҚАЖД-ның әртүрлі қызметтерінің 38 қызметкері Ішкі істер министрі, ҚАЖ комитеті төрағасы, өңір бойынша ҚАЖ департаменті бастығының грамоталары және алғыс хатымен, «Қылмыстық атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мереке соңында аймақ бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлеріне арнап облыстық филормонияның әртістері концерт қойып, өз өнерлерін көрсетті.

Гүлнара ӘБІШЕВА

Қостанай облысы ТЖД
Салтанатты мереке Қостанай облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ де айналып өткен жоқ.
Әріптестері бұл мерекені атап өту үшін зейнеткерлерді де шақыртты, олар қызметтік міндеттерін орындау барысында көрсеткен адал еңбектері, ерліктері және қайсарлықтары үшін төтенше жағдайлар комитеті төрағасының және Қостанай облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығының алғыс хаттарымен наградталды.
«Құрметті әріптестер, зейнеткерлер! Сіздерге зор денсаулық, отбасында тыныштық, бақыт тілеймін, Әрине, кез келген мемлекеттік қызметтің өз қиындықтары болады, бірақ біздің ардагер-зейнеткерлер атқарған жұмыс лайықты құрметке ие, өйткені Сіздер өз өмірлеріңіздің жастық шақтағы ең қызықты сәттерін мемлекеттік өртке қарсы қызметке арнаған жансыздар. Сіздерге сол үшін рахмет», – деп азаматтық қорғау полковнигі Марат Жүсіпов барлық кешке қатысып отырған әріптестерін, зейнеткерлерді құттықтады.
Бұл күні аға буынды осындай керемет мерекемен құттықтауға өсіп келе жатқан жас буын да келіп, олар жылы сөздері мен әндерін арнады. Таурум Кенжетаев мен Айдос Шакуровтың тамаша әндері аталмыш кешті одан да қызықты әрі көңілді етіп әрлендіріп жіберді.
Қазақстан полициясы күні – бұл өз еңбектерін аямай Қазақстан полициясын құрғандарға және оның қатарында қызмет етіп жатқандарға айтылған алғыс, бұл өз істерін адал атқарып халықтың ризашылығына бөленген ардагерлерге көрсетілген қошемет, бұл өз өмірлерін елінің, жерінің тыныштығы үшін өмірлерін қиғандарға арналған құрмет.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Айтулы мерекені Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті де сән-салтанатпен атап өтті.
Департамент бастығы, полиция полковнигі Ғанибек Отарбаев жеке құрамды Полиция күнімен құттықтап, ішкі істер органдарына өмірлерін арнаған қызметкерлерге үлкен алғысын білдіре отырып, шын жүректен ұзақ ғұмыр, күш-жігер, шаңырақтарына бақыт тіледі. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Қойшыбайұлы да: «Сіздердің жұмыстарыңыз үнемі жоғары кәсібилікті және жеке қабілеттеріңізді талап етеді және қауіп-қатері де көп. Осындай жауапты қызметтеріңізге сәттілік тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, ҚАЖ департаменті және мекеме қызметкерлері қызметтегі қол жеткізген жетістіктері мен адал атқарған мінсіз қызметтері үшін ІІМ мен департамент бастығының бұйрығымен грамота және алғыс хаттармен марапатталды. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЗК-169/5 мекеме бастығының режим және жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, әділет капитаны Ж.Төреқожа «Қылмыстық атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Дана ДОСТАНОВА

ІІМ-нің Теміртау қаласындағы Оқу орталығы
ІІМ-нің Теміртау қаласындағы Оқу орталығында Қазақстан полициясы күні ерекше аталып өтті. Мерекелік шараға Оқу орталығының жеке құрамы, ауыспалы құрам тыңдаушылары, сондай-ақ, Теміртау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталығы директорының міндетін атқарушы И.Нұрмұхамбетова мен тәрбиеленушілер қатысты.
Оқу орталығының бастығы, полиция подполковнигі Ақынғали Дарменов барлық жеке құрам мен тыңдаушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, оларға табыс тілей отырып, Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты және қызметтік міндеттерін адал орындағандары үшін Оқу орталығы бастығының саптық бөлім жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Ж.Тәшімбетовке ІІМ Құрмет грамотасын, арнайы пәндер циклының оқытушысы полиция майоры О.Смольниковаға ІІМ ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін, Оқу орталығының оқу-саптық бөлінісінің курс бастығы, полиция аға лейтенанты А.Молдахметовке ІІМ-нің Алғыс хатын табыстады.
Оқу орталығы бастығының арнайы мадақтамасымен оқу-саптық бөлінісінің курс бастығы, полиция майоры Б.Айқынбаев пен әлеуметтік және жалпықұқықтық пәндер циклының бастығы, полиция подполковнигі С.В.Зюбина марапатталса, Алғыс хатпен Оқу орталығының әлеуметтік және жалпықұқықтық пәндер циклының оқытушысы, полиция лейтенанты Б.Өмірзаққызы мен әскери пәндер және денешынықтыру дайындығы циклының оқытушысы, полиция лейтенанты Р.Баязитов марапатталды.
Әскери пәндер және денешынықтыру дайындығы циклының аға оқытушысы, полиция подполковнигі С. Летов пен осы цикл оқытушысы, полиция лейтенанты Р.Баязитовтың ұйымдастыруымен ауыспалы құрам тыңдаушылары арасында олардың дене дайындығын арттыру, денсаулықтарын нығайту, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қол күресі, турникке тартылу, арқан тарту, кір тасын көтеру, волейбол, шағын футболдан спартакиада өткізіліп, жеңімпаздар Оқу орталығы бастығының құқығымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Оқу орталығы тыңдаушыларының күшімен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Динара ТҮСІПОВА

Батыс Қазақстан облысы
22 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық ІІД қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың қатысуымен Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті.
Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, Батыс Қазақстан облыстық ІІД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов, құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан полициясы күні – бұл егеменді елімізде осынау құрылымды құрған тұлғаларға және ардагерлерге зор құрмет көрсететін күн. Еліміздің тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігі үшін жан қиған ерлерді еске алу күні. Бұл отандастарымызды зорлық-зомбылықтан, қауіп-қатерден қорғап жүрген жауынгерлерге Отанына адал әрі мінсіз қызмет етуді аманат еткен күн.
Облыс әкімінің орынбасары мен департамент басшылығы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ІІО қызметкерлеріне гүл шоқтарын қойды.
Егемендік алған жылдар ішінде Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде қызметтік міндетін орындау кезінде 24 қызметкер қаза болып, 8 қызметкер жарақаттанған екен. Қаза болған әріптестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Салтанатты шараға жиналғандар Ақтөбе қаласында жасалған террорлық акті кезінде қаза болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты шарада Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұхамбет Қасымовтың полиция қызметкерлерін құттықтау хаты оқылды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан Батыс Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Илья Кеникстул, ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Жасұлан Шамшиденұлы алғыс хаттармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Сағат Кентайұлы құттықтауын жеткізіп, ерекше көзге түскен қызметкерлерге Ішкі істер министрі тарапынан алғыс хаттар табыс етті.
Қызметкерлерді көтермелеу туралы Ішкі істер министрлігінің және Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бұйрығына сәйкес тәртіп сақшыларына кезекті арнаулы атақтар ұсынылып, мақтауға тұрарлық әрекеттері үшін тиісті қызметкерлерге Құрмет грамотасы мен төс белгілері табыс етілді. Қоғамның тыныштығы үшін қалтқысыз қызмет ететін полиция қызметкерлерінің қатары 16 жас буынмен толықты.
Отанға адал қызмет етуге ант берген тәртіп сақшыларына Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Бекболат Төремұратов, Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысты ашу жолындағы еңбектеріне сәттілік тілеп, құттықтау тілектерін білдірді.
Одан соң әдемі сап түзеген полиция қызметкерлерінің тобы салтанатты шерумен жүріп өтті.

Асылай ҒҰБАШЕВА

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД
Қазақстан полициясы деп аталатын жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған және бүгінде осы салада қызмет етіп жүрген тыныштықтың тал бесігін күзеткен тәртіп сақшыларын Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/11 мемлекеттік мекемесінің ұжымы ерекше атап өтті.
Бұл мерекелік іс-шарада мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі А.Құрманбеков «Қазақстан полициясына 24 жыл» атты тақырыпта баяндама жасады.
Салтанатты жиында ИЧ-167/11 мекемесі бастығының №61 бұйрығымен мекеменің 8 қызметкеріне алғыс жарияланып, ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы, әділет генерал-майоры Б.Бердалиннің бұйрығымен ИЧ-167/11 мекемесінің тәртіп және күзет бөлімінің аға бақылаушысы, әділет аға прапорщигі Ербол Бисембаев грамотамен марапатталса, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы, әділет полковнигі Б.Қуандықовтың бұйрығымен ИЧ-167/11 мекемесінің 12 қызметкері грамотаға ие болды. Мерекелік іс-шара соңында қызметкерлер патриоттық әндер айтып, мекеме қызметкерлерінің көңілін қуанышқа бөледі.

Д.ТҰРЛЫБАЕВ

ІІМ Ш.Қабылбеков атындағы Қостанай Академиясы
ІІМ Ш.Қабылбеков атындағы Қостанай Академиясының саптық алаңында Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты салтанатты сап түзеу және туды алып шығу іс-шарасы өтті.
Салтанатты мерекеде Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов құттықтау сөз сөйлеп, барлық офицерлер мен курсанттарды құттықтады.
«Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі», – деген Мирлан Ахмедияұлы Елбасы Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», – деп атап көрсеткенін еске салды. Сондай-ақ, бұл халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.
«Біздің халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы – бұл Сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Берген антына адал полиция қызметкерлерінің бұдан кейін де мақтаулы дәстүрлерді нығайтатынына, дамытатынына және азаматтардың мемлекеттің қуатын, құқықтық тәртіптің заңдылығы мен салтанатын сезінуі үшін бар күшін салатындығына сенімім мол. Негізгі міндеттеріңіз халық сенімін барынша иеленіп, қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметтеріңізді атқаруда жаңа табыстарға жетулеріңізге тілектеспін! Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, құт-береке, бақыт және сәттілік тілеймін», – деді Академия бастығы.
Салтанатты шарада Академияны бітіруші түлектерге төс белгі беріліп, кейбір жемісті еңбек еткен офицерлерге Ішкі істер министрінің және Академия бастығының мақтау грамоталары табысталды.
Мереке соңында Академия қабырғасында «Шырақбек Қабылбаев» атындағы курсанттар хоры тамылжытып ән салды. Осы күні түстен кейін академияның акті залында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қызметкерлерге әдемі көңіл күй сыйлады.

Мейрам ОСПАНОВ

ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты
Төл мерекеге орай институтта шағын футбол алаңы салтанатты түрде ашылып, оқу ордасының бастығы, полиция полковнигі Сәлімгерей Қаракүшев жеке құрамды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Институт бастығы Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының 45 жылдығына орай өткізілген спартакиаданың қорытындысы бойынша 1-орын алған М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жеке және ауыспалы құрамын марапаттап, сыйлықтармен қатар кубок тапсырды. Полиция күніне орай жаңадан ашылған шағын футбол алаңында «Басшылық» және «Қорған» командалары арасында финалдық жарыс өтті.
Мереке институт қызметкерлеріне арналған салтанатты шарамен жалғасты. Институт бастығы С.Қаракүшев оқу орынының қызметкерлері мен курсанттарын адал еңбектері мен табандылықтары үшін ІІМ грамотасы және алғыс хаттары, төсбелгілермен марапаттады.
Салтанатты шараны институттың арнайы бастапқы оқыту курсы тыңдаушыларының белсенділері «Қазақ биімен» ашса, институт түлегі Бекзатхан Еркіновтың сөзіне жазылған «Қазағымның сақшылары» әнін полиция майоры Ләззат Жұбандықова ерекше ынтамен орындады. Бабалар бойынан дарыған ерліктің, өрліктің символдары және әділдік пен тәртіпті жаны сүйетін абзал жандардың құрметіне мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің инспекторы Ақжүніс Жәленова «Қазақстаным алға» әнін орындап, 1-курс курсанты Парасат Молданов институт ұжымына және бейбіт өмір үшін күресте өз өмірлерін қиған әріптестеріне арнап жүрекжарды өлең жолдарын ұсынды.
Салтанатты шара одан әрі арнайы ұйымдастырылған хормен жалғасын тапты. Хорда «Егемен Қазақстан», «Господа офицеры», «Сарбазым» және «Атамекен» әндері орындалып, полиция қызметкерлері бір серпіліп қалды.

Ақжүніс ЖӘЛЕНОВА

Атырау облысы МКҚБ
Полиция күніне орай Атырау облысы МКҚБ-да ішкі істер органдарына жаңадан қадам басқан 13 жас полиция қызметкері салтанатты түрде Ант қабылдады.
Салтанатты шара дәстүрге сай Мемлекеттік туды көтеріп, әнұранды шырқаудан басталды. Шараға басқарма бастығы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, басқарма жеке құрамы және қызметкерлердің бүлдіршіндері қатысты.
Ант қабылдау рәсімінде басқарма бастығы, полиция полковнигі С.Молдашев құттықтау сөзін жеткізіп, жас қызметкерлерді Антқа адал болуға шақырды. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенді болу қажет екендігін айтты. Және кез келген қылмыс түрімен күресте, азаматтардың Конститутциялық құқығын қорғауға барынша күш салуды тілге тиек етті.
Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың атынан қызметтік міндетін адал атқарғаны, жұмыста жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін 1-полиция батальон командирі, полиция капитаны Б.Амиров II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен және қызметте жеткет жетістіктері үшін 24 қызметкер басқарма бастығының атынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан полициясы күні қарсаңында спорттық жарыс ұйымдастырылып, саламатты өмір салтын сақтап, бұқаралық спортты насихаттауға арналған шараға 12 команда қатысты.
Салтанатты түрде шымылдығы түрілген жарыс спорттың 8 түрінен өтті. Жарысқа қатысушылар шағын футбол, волейбол, арқан тарту, гір тас көтеру, салмада тартылу, кешенді күш жаттығу, нысанаға дәлдеп ату (9 мм МП), 9 мм ПМ, АК-74 қаруларын жартылай шашып-жинау, бойынша бақтарын сынады.
Екі күнге созылған тартысты жарыстың қорытындысында командалық есепте 1-орынды басқарма аппаратының командасы иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды 1-полиция батальонының 4-взводы еншілесе, 3-орынды 2- полиция батальонының 1-взводы қанағат тұтты. Жарыс жеңімпаздарына басқарма атынан бағалы сыйлықтар мен марапат қағаздары ант қабылдау рәсімінде табысталды. Жарысқа қатысқан өзге де қызметкерлерге ынталандыру сыйлықтары мен алғысхаттар берілді.
Шара соғында кішкентай бүлдіршіндер «Менің полициям» тақырыбында суреттер салып, шығармалар жазды.

Ақтөре ҚУАНЫШЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*