Тәлімі терең музей

Кеше Қазақстан полициясы күні қарсаңыңда Қылмыстық атқару жүйесі мен Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің музейіне экскурсия жасады.
Ішкі істер органдарының құрылғанына 24 жыл толуына орай ұйымдастырылған экскурсия барысында қызметкерлер тарихи жәдігерлерді көзімен көріп, ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдерімен таныс болды. Бұл шара жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, полицияның данқты және ерлік дәстүрлері мен күнделікті қызметін насихаттау, тарихта есімі қалған антына адал қызметкерлердің есімін жаңғырту, полиция бөлімшілерінің құрылу және даму тарихымен танысу, өткен кезеңге көз жүгірту мақсатында ұйымдастырылды. Бұл шараның полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізілуі де кездейсоқтық емес. Себебі, ішкі істер органдарында тер төгіп жүрген әрбір қызметкер қызметтің құрылуы және қалыптасу тарихымен таныс болуы тиіс. Алайда, бұл күні ғана емес, ішкі істер органы қызметкерлері үшін мұражайдың есігі үнемі айқара ашық.
Қырық жылдам астам тарихы бар мұражайдың қорында сол замандағы милиция қызметінің киім формалары, қолданған қаруларымен қатар тарихи фотосуреттер сақталған. Музейдің қысқаша тарихына тоқталып өтсек, Ішкі істер министрлігінің музейі бастауын өткен ғасырдан алады. 1973 жылдың 17 ақпанындағы Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің арнаулы шешімімен 1975 жылдың 7 қазанында ашылған. Тәуелсіз ел болғаннан кейін 1995 жылы Қазақстанның ішкі істер қызметі қайта құрылып, айтарлықтай өзгертулер жасалды. Милиция атауы полиция деп өзгертіліп, құқықтық статистика прокуратураның құзырына беріліп, қылмыстық атқару жүйесі мен сараптамалық қызмет Әділет министрлігінің қарамағына өтті. 1997 жылдың 27 қазанында Ішкі істер министрлігі Астанаға көшірілді. Одан кейін артынша 2000 жылы ІІМ-нің Алматыдағы музейі Астанаға әкелініп, министрлік ғимаратынан 219 шаршы метрлік орын берілді.
Экскурсия кезінде қызметтің құрылу тарихынан бастап қалыптасудың кезең-кезеңінен өткен Ішкі істер министрлігінің бүгінгі жұмысынан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалаған жеке құрам ерекше сезімге бөленді. Бүгінде мұражайдың экспозициясы мемлекеттік рәміздерден қойылған кіреберістен басталып, тарихи кезеңдерге бөлінген жеті экспозициялық залдан тұрады. Экскурсияны жүргізген ІІМ музейінің ғылыми қызметкері Алмагүл Сәтмағанбетова қызметкерлердің бойындағы әскери-патриоттық сезімді ұштай отырып, әр бұрышта орын тепкен экспонаттар жайлы кеңінен мағлұмат берді. Қиын да күрделі даму кезеңінен өткен ІІМ қызметінің бүгінгі жетістіктері жеке құрамды тамсандырмай қоймады. Жеке құрам бір мезет қылмыстық істер тарихы, ішкі әскер тарихына көз жүгіртіп, Кеңес одағы батырларының есімдерін жадында жаңғыртты. Мұның барлығы ер азаматқа тән ерлік, антқа деген адалдық сияқты игі қасиеттердің жас буынның бойында дамуына сеп болмақ.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*