Ерлік. Абырой. Міндет.

Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету күні болып саналады. Төл мерекеде өңірлерде сан алуан салтанатты шара өтуде.

Қарағанды облысы
ҚарағандыАлданыш Тайғожин. Бұл қарағандылық тәртіп сақшысының есімі ел есінен кеткен емес. 2003 жылдың қоңыр күзінде Қарағанды халқы қара жамылды. Қылмыскерлердің қолынан, қызметтік міндетін атқару кезінде ел тыныштығын сақтауға ант берген, қызметіне адал сақшы қаза тапқан болатын.
Абай аудандық ІІБ Топар ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Алданыш Тайғожин он үшінші қыркүйек күні аса қауіпті қылмыскерлерді қолға түсіру операциясы кезінде қаза тапты. Топар кентінде бірнеше рет қылмыс жасап, қолға түспей жүрген қылмыскерлердің жүргені туралы жедел ақпарат түскен бетте, қызметіне асыға кіріскен полиция қызметкері қылмыстың үстінен дәл түсіп, дереу күдіктілерді құрықтауға кіріседі. Арам пиғылдары іске аспаған қылмыскерлер полиция қызметкерін көріп, кенеттен оған қарсылық көрсетіп, күш қолданады. Сол сәтте полиция қызметкерінің оңайлықпен берілмейтініне көздері жеткен қарақшылар денесіне бірнеше рет пышақпен жарақат салып, қансыраған тәртіп сақшысын байлап ескі құрылыс орналасқан алаңдардың бірінде қалдырып кеткен.
Облыстық ІІД басшылығы антына адал әріптестерінің бұл ерлігін ұлықтап, келер ұрпаққа үлгі боларлық шаралар ұйымдастыруда. Ерлікпен қаза тапқан сақшының есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында Абай ауданының Топар кентінде ескерткіш ашылды. Ескерткіш қызметкер жұмыс істеген жерінде, Топар полиция бөлімінің алаңында орналасты. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Қарағанды облысының ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мергенбай Баймендіұлы Жаппаров пен Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Магзин есіл ердің есімі ұмыт қалмайтынын айтты.
«Бүгін әріптесіміз Алданыш Тайғожинның құрметіне ескерткіш ашылуда. Ол Топар тұрғындарының жүректерінде ғана емес, облыс полицейлерінің де жадында мәңгі сақталады. Қала тұрғындары біздің қатарда өзгенің өмірін сақтап қалуда өз өмірін қиып, өміріне қауіп төніп тұрса да, бірақ әрқашан көмекке келіп қол ұшын беретін осындай батырлар бар екенін білсін», – деді Мергенбай Жаппаров.
«Бұл қарағандылық тәртіп сақшысының есімі ел есінен кеткен емес. Көзден кетсе де, көңілден кетпес ерлік қалды, есімін ұмытпай, ерлігін ұлықтайтын елдік бар. Ол өте қарапайым, кәсіби дайындығы өте мықты болды және өз қызметін адал атқарды», – деді өз сөзінде Алданыш Тайғожинның тәлімгері Владимир Бабаев.
Салтанатты жиынға қатысқан батырдың туған-туыстары мен жора-жолдастары және марқұмның анасы Қарағанды облыстық ІІД басшылығына ризашылығын білдіріп, полиция қызметкерлерінің жауапты жұмысына сәттілік тіледі.

Ажар МОЛДАШЕВА

Қызылорда облысы
Қазақстан полициясы мерекесі қарсаңында қызылордалық тәртіп сақшыларына пәтер кілті табыс етілді. Баспана кілті мен құжатын полицияполиция күні каз-рус Кызылорда1 қызметкерлеріне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев табыс етті.
Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында өткен мерекелік шарада облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы құттықтауын жеткізді. Облыс әкімінің құзырымен қызметтік міндеттерін адал орындап, оң нәтижеге қол жеткізгені үшін департаменттің 60 қызметкері және ішкі істер органдарының 10 ардагері марапатталды. Сонымен қатар, аймақ басшысы 2 полиция қызметкеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында салтанатты түрде пәтер кілтін табыстады. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген Қызылорда қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің полицейі, полиция сержанты Нұрбол Үбітаев пен полиция капитаны Жұлдызбек Күскеевтің отбасы енді қоныс тойын тойлайтын болады.
Жиын барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың мерекелік жеделхаты оқылып, министрдің құзырымен 19 қызметкер марапат биігінен көрінді. Оның ішінде, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Жаңақорған аудандық ІІБ-ның бастығы, полиция полковнигі Саттар Қарынбаев және қалалық ІІБ-ның бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаев, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен Шиелі аудандық ІІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Досым Абуов пен ІІД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Әділ Алтынбекұлы марапатталды. Ал, Жалағаш аудандық Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Мирамбек Сұлтановқа полиция майоры арнаулы атағы берілді.
Салтанатты кеште сөз алған Қызылорда облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Жанат Сүлейменов жеке құрамы төл мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Мерекелік шарада департамент бастығының бұйрығымен 137 қызметкер мен 10 ардагер марапатталды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің құрметіне өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Алматы қаласы
СИ-1Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/1 мекемесінде Қазақстан полициясы күні қарсаңында өткен салтанатты жиында жұмыста жақсы нәтижелерге жеткен бірқатар қызметкер марапатталды.
Олардың қиын да қатерлі қызметтеріне жеміс тілеген мекеме бастығы, полиция полковнигі Н.Тайбеков бұл марапаттардың еселі еңбекпен келгенін атап өтті. Қылмыстық атқару саласында қызмет атқарудың жауапкершілігі жайлы баяндама жасаған мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қуаныш Сейдахметов те қауіп пен қатердің өтінде жүрген өз әріптестерінің қырағылығы мен батылдығын тілге тиек етті.
– Қазақстан полициясының еліміздің тыныштығын қорғау жолындағы жанқиярлық еңбегі баршамызға өнеге. Аталған саланың жетістігіне біздің қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің қосып отырған үлесі мол. Бүгінгі марапат – сіздердің уақытпай санаспай атқарған жұмыстарыңыздың төлеуі, – деді Қ. Сейдахметов өз баяндамасында.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Қылмыстық атқару жүйесінің ардагері Н. Гребенникова да әріптестерін айтулы мерекемен құттықтай келіп, еліміз тұрғындарының тыныштығын сақтау сияқты жауапты міндетті арқалап жүрген сақшыларға игі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара барысында жеке құрамға Қазақстан полициясының тарихы мен жетістігі жайлы түсірілген шағын фильм көрсетілді.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Оңтүстік Қазақстан облысы
Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті.
Жиналған жұрт пен жеке құрам алдында басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жамалбек Піртаев күзет қызметі ОҚО МКҚБсаласындағы қол жеткізген табыстар туралы айтып берді.
Қызметтік міндетін абыроймен атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бір топ қызметкерлерге Ішкі істер министрі, облыс және қала әкімі, облыстық соттың грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді. Жиын барысында қызметтік борышын атқару үстінде қаза тапқан полицейлерге арналған бұрышқа гүл шоқтары қойылып, оларды еске алды. Сондай-ақ, қызметтік борыштарын атқару үстінде қайтыс болған полицейлердің жесірлеріне сый-сияпат табысталды.
Мерекелік іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сырым Абдуллаев қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысы МКҚБ бастығы, полиция полковнигі Қанатбек Тілеубердиев, тағы басқа да қонақтар сөйлеп, мерекемен құттықтады.
Салтанатты басқосуда қызметке жаңа қабылданғандар Ант қабылдады. Мұнан соң жеке құрам әскери шерумен өтті. Күзет қызметінің арнайы жасағы қоян-қолтық ұрыс түрлерінен өз шеберліктерін көрсетті.
Әуеге шар ұшырылып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері салтанатты шараның шырайын аша түсті.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Батыс Қазақстан облысы
БҚО ҚАЖДПолицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктелген. Қазақстандық полиция құрылған күнінен бастап қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді.
Осынау ортақ іске Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД жеке құрамының да қосқан үлесі елеулі. Төл мереке қарсаңында өткен салтанатты шара алдымен тәуелсіз елімізге берген Антына берік болып қалған, міндеттерін адал орындау барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алып, құрмет көрсету мақсатында 1 минут үнсіздік жариялаумен басталды.
Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ның бастығы, әділет полковнигі Бекболат Төремұратов жеке құрамға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі К.Қасымовтың құттықтау телеграммасын оқып, барша қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мінсіз қызметтері үшін зор алғысын білдірді. Кәсіби мерекеде қызметтік міндеттерін адал орындағандары үшін өңір бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бірқатар қызметкері марапатталып, арнайы атақтар берілді. Мерекелік жиын Батыс Қазақстан облысының Жастар мәдениет үйі ұжымымен дайындалған концертке ұласты.

Ләйлә АХМЕТҚАЛИЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*