Еңбек жолы жастарға үлгі

Еліміздің ішкі істер саласында жемісті еңбегімен көріне білген, әріптестерінің арасында сый-құрметке ие болған, қандай жауапты қызметтерді атқарса да өз ісінің хас шеберіне айналған абыройы биік азаматтар аз емес. Солардың бірі – полиция полковнигі, ішкі істер саласының ардагері Ерғанат ДҮЙСЕКЕНОВ деп білеміз.
Ерғанат Жұмашұлы 1951 жылы Бесқарағай ауданы Атшапқан ауылында көп балалы жұмысшы отбасында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Семей автомобильді-механикалық техникумына түсіп, онда алғашқы техник-механик мамандығын алып шығады. 1972 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Жамбыл облысы автомобильдер әскерінде екі жыл азаматтық борышын атқарады. Осы жерде оның Жарғымен танысуы, Ант алдындағы алғашқы қобалжулары мен әскери қызмет туралы беймәлім армандары сағым болып көрінетін.
Әскерден кейін орманшының баласы ретінде әке жолын қуып, жұмыс істеуге бел байлайды және Ямышево орман өсіру стансасының механигі болып қызмет жолын бастайды. Жас жұмысшының табандылығы, нық сенімділігі арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізе бастайды. 1976 жылы ДОСААФ Лебяжі аудандық комитетінің төрағасы болып сайланды, ал 1979 жылы ол Лебяжі аудандық коммуналдық шаруашылығының бастығы болады.
Пайым-парасаты кең, адамгершілігі мол, кәсіби біліктілігі ерекше, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтың өзіндік қолтаңбасын, дара болмысын кейінгі ізбасарларына, жастарға үлгі етіп көрсету мақсатында қолымызға қалам алдық.
Осы орайда, алдымен Е.Дүйсекеновтің ішкі істер саласына сіңірген еңбегі мен жарқын жетістіктері туралы әңгіме тиегін ағытсақ дейміз. Е.Дүйсекенов Лебяжі аудандық кеңесі, Екібастұз қалалық кеңесі, Павлодар облыстық кеңесі, Павлодар облыстық маслихатының депутаты болып төрт рет сайланған. КСРО ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі медалімен, «Милиция үздігі», «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін» төс белгілерімен марапатталған. Сонымен қатар, «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағына ие болған.
Білікті маманның ішкі істер саласындағы айтулы қызмет жолы сонау 1981 жылдан бастап жарқырай көрінді деуімізге әбден болады. Өйткені, Ерекең нақ осы жылы өзінің сүйікті кәсібіне айналған салаға келіп, қарапайым милиция лейтенантынан полиция полковнигіне дейінгі өрлеу, өсу баспалдақтарынан өтті. Мұнан бөлек ол кісінің қатардағы инспектордан үлкен құрылымның білікті басшысы лауазымына тағайындалғанының өзі көп жайттан хабар берсе керек. Себебі, бір салада қызмет істеу өз алдына, сол саланың шыңына жетіп, кәнігі маманы атану табиғи талантпен, ана сүтімен, әке қанымен берілетін қасиет. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ұлағатты сөз бар. Біз Ерекеңнің бойынан, болмыс-бітімінен, ашық-жарқын мінезінен қазақ халқының баласына тән жаратылысты анық байқаймыз. Бұл ой-пікірімізді онымен қызметтес болған әріптестері, полиция саласындағы үлкен-кішілі шәкірттері бірауыздан атап өтері сөзсіз.
Ерғанат Жұмашұлы ішкі істер органдары қызметінде кәсіби шындалуды қажет екендігін түсініп, алдағы уақытта өзінің білімін Павлодар индустриалды институтында, кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жалғастырады. 1984-1994 жылдар аралығында он жыл бойы Ерғанат Жұмашұлы Екібастұз қалалық ІІБ МАЙ-ға жетекшілік етеді. Бұл жерде оның барлық кәсіби қабілеттері мен ұйымдастырушылық таланты өзінің басшылық шеберлігінен көрінеді. Алда оның қызметі ілгері өрлеп, Екібастұз қалалық ІІБ бастығының орынбасары, «Динамо» Павлодар облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ, Павлодар қалалық ІІБ Оңтүстік ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарады. 2002 жылы Ерғанат Жұмашұлын Павлодар қаласындағы ІІМ училищесінің бастығы лауазымына шақырылады. Ол жас қызметкерлерді тәрбиелеу саласына өзінің барлық күш-жігерін салады. Осы кезден бастап Ерекеңнің өмірінде болашақ жас ұрпақтың алдында жауапкершілігі мол қызыққа толы шығармашылық кезеңі басталады. Аталған оқу орнында 5 жылғы сәтті және қажырлы еңбек өтілінен кейін училище ұжымы Ерғанат Жұмашұлын құрметті зейнет демалысына шығарып салады.
Қызмет жылдарында Ерғанат Жұмашұлы кадрлардың бірнеше буының тәрбиелеп шығарды. Олардың көбі қазіргі кезде облыстағы, республикадағы, сондай-ақ, Ресейдегі ІІО құрылымдарын басқарып келеді. Үйленген, өмірдің суығы мен ыстығын бірге өткерген өмірлік жары – Қатеш. Төрт ұл және бір қыз өсірген ардагер қазіргі таңда сегіз немере сүйіп отыр. Ұлдары әке жолын қуып, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары саласында қызмет етуде. Қызы дәрігерлік мамандықты таңдап, сол салада сүйікті ісімен айналысуда.
Жуырда тұғыры биік азамат мерейлі 65 жасқа толып отыр. Осынау қуанышты жайтқа орай, туған күн иесін шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, толайым табыстар тілейміз. Ішкі істер саласының Ерекеңдей орны бөлек азаматтары көп болса, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болып, көк туымыз бейбітшілік аспанында мәңгі желбіреп тұрары сөзсіз.

ІІМ-нің Павлодар қаласындағы Оқу орталығы ұжымы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*