Елорда қорғаны болған жасыл орман

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралап, орман шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы жыл сайын маусым-шілде мезгілінде осы орманды аралап, елорданың жасыл белдеуіндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтатын дәстүр қалыптастырған. Міне, биыл да Президент жасыл аймаққа келіп, небары он сегіз жылда бой көтерген орманға сүйсініп қайтты.
«Жыл сайын мен осы ормандарды аралап, бақылап отыратынымды өздеріңіз білесіздер. Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. 18 жыл деген кәмелетке толған, азамат болған кез деп санауға болады. Бірақ, жасөспірім, жаңадан өсіп келе жатқан жаспен бірдей. Он сегіз жыл бұрын қаланың төңірегіне орман егуді тапсырған едім. Жастар көп біле бермейді, біз ол кезді жақсы білеміз, Алматыдан жаңа көшіп келген кезде қаланы шаң басып кететін. Құбыла соққан жел адамды құлата жаздайтын. Сондықтан орман егуді бастадық. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас, құм, орман өспейді» деп қарсы тұрғандар көп болды. Мінекей, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, Астананың төңірегінде бұрын болмаған 73 мың гектар орман пайда болды», – деді Н.Назарбаев журналистерге.
Елбасы Астана маңындағы жасыл желек орман шаруашылығы қызметкерлері мен ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында пайда болғанын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір жасыл аймақта алпыстан астам ағаш сорты өсіп жатыр. Тіпті, «тың игерген кезде трактордың дауысынан қашып кеткен жәндіктердің бәрі қайта келді», – деді Н.Назарбаев Астананың айналасындағы орманның әлеуетін бағалай отырып.
«Бұл орман, біріншіден, Астанадағы ауаның тазалығын қамтып тұр, екіншіден, шаң жібермейді, үшіншіден, желді ұстайтын қорған. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған. Астана тұрғындары мен жастардың болашағы үшін осындай жағдай жасап жатырмыз», – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін барлық өңірде орман өсіру ісін дамыту қажеттігіне де назар аударды.
«Осы жылдары жаңа елорда – Астана ғана емес, сонымен қатар, «екінші Бурабай» бой көтерді. Бұған дейін мұның бірі де болмаған. Ен далада жаңа қала бой көтерумен бірге оның маңында «жасыл аймақ» та пайда болды. Соның арқасында қалада шаң-тозаң мен ұйтқыған жел де азайды. Бұл ормандарда жеміс-жидектердің алуан түрі өседі, жан-жануар әлемі пайда болды», – деді Елбасы.
Соңында Мемлекет басшысы еліміздің барша азаматтарын ағаш егу ісіне өз үлестерін қосуға, Қазақстанның табиғи байлықтарын аялауға шақырды.
Астана маңында ағаш отырғызылған аумақтың жалпы көлемі 73 мыңнан астам гектарды қамтиды. Болашақта елорданың «жасыл аймағын» Ақмола облысы Ақкөл ауданы ормандарымен ұштастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қаланың «жасыл аймағында» туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатымен 2014 жылы «Жасыл Аймақ» Қызылжар орман шаруашылығы аумағында сафари-саябағы құрылды. 2015 жылы жабайы жан-жануарлар түрі мен санын көбейте отырып, саябақ аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жөнінде жоба әзірленді.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*