Дайындық деңгейі

Жақында Екібастұз ЖЭО-да улы заттың шығуымен апаттың салдарын жою бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Жаттығуларға «Өрт сөндіруші» АҚ бөлімшелері, Павлодар облысы ТЖ департаментінің күш құрылымдары жұмылдырылды.
Жоғарыда аталған күш құрылымдарының төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимыл жасау әзірлігін тексеруді көздеген жаттығудың басты мақсатының бірі – «Павлодарэнерго» АҚ азаматтық қорғауының объектілік құралымдарының дайындығын пысықтау болып табылады.
Төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдарға сараптама жасап, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарына баға беруді негізге алған оқу-жаттығу арнайы жоспарға сәйкес ұйымдастырылды.
Дәл осындай жаттығулар биыл сәуір-мамыр айларында «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-3 және ЖЭО-2 ұқсас сценарий бойынша өткен болатын. Бұл арнайы-тактикалық жаттығулар азаматтық қорғаудың объектілік құралымдары мен «Өрт сөндіруші» АҚ Павлодар облысының филиалы бөлімшелері қызметкерлері дайындығының жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Жаттығу сценарийіне сәйкес, ыдыс сыйымдылығынан аммиак шығып кетіп, соның салдарынан 2 адамның тыныс алу жолдары уланып, күйік шалады. Жедел келген объект цехының құралымдары, «Өрт сөндіруші» АҚ филиалы өрт сөндіру апаттық-құтқару бөлімінің кезекші қарауылы, Екібастұз қаласының жедел құтқару жасағы мен ЖМЖКЕ бригадасы зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, оларды уақытылы апат орнынан шығарып алады.
Бұдан әрі аммиак шыққан орынға «бандаж» салынып, газдың шығу жерінде ауа сынамаға алынды. Кейіннен аммиак буы мен зақымданған жер учаскесі жойылды. Алдына қойған міндеттерді орындау іс-қимылдарының алгоритмі мен дұрыстығын Екібастұз қаласының ТЖБ өкілдері бақылап отырды.
Екібастұз ЖЭО-да өткен жаттығуға 50 қызметкер және 6 өрт сөндіру, арнайы және қосымша техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуларды қорытындылаған «Өрт сөндіруші» АҚ Павлодар облысы филиалының директоры Д.Бектенов пен «Павлодарэнерго» АҚ азаматтық қорғаныс штабының бастығы Ш.Шаймарданов объектілік құралымдар мен азаматтық қорғаудың қатыстырылған бөлімшелерінің төтенше жағдайларды жою міндеттерін орындауға сапалы дайындығын атап өтті.

Олег ФОРТУНА, Павлодар облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*