Ақ халаттылар марапаты

ІІМ-нің емханасы бар орталық госпиталі ұжымы кәсіби мерекелерін салтанатты шарамен атап өтті. Салтанатты шараға Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы, «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық медицина холдингінің өкілдері қатысты.

Мерекелік шара марапаттау рәсімінен басталды. Осы күні еңбегімен көзге түсіп, көңілге қонып жүрген қызметкерлерді тек госпиталь басшылығы ғана емес, қонақтар да марапаттады. Бірінші кезекте Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы төрағасының орынбасары, милиция полковнигі Берік Сүлейменов сөз алды. «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысын баршамыз бір адамдай білеміз. Олардың осы қауіпті де қиын жұмысында демеу бола білетін жандардың бірі өздеріңізсіздер. Ал ол қолдаудың жоғары заманауи технологиялардың көмегімен, кәсіби жандардың біліктілігімен жүзеге асып жатқаны бізді қашан да қуантады. Сондықтан да біздер тек мереке кезінде ғана емес, сіздерге қай уақытта да рақмет айтамыз», – деді ол.

2014 жылы ашылған емханасы бар орталық госпиталь халықаралық стандарттарға жауап бере алатын заманауи медициналық және зерттеу жүргізуге арналған құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, орталық госпиталь 212 орындық, емхана стационары бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. Госпиталь республика бойынша барлық тіркелуші контингентке медициналық көмек көрсетеді. Арнайы көмекке зәру құқық қорғау органдарының қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері, құқық қорғау органдарының ардагерлері тұрғылықты мекенжайына қарамастан жоспарлы тәртіпте ем қабылдай алады.

ІІМ-нің емханасы бар орталық госпиталінің қызметі қоғамдық тәртіпті сақтаудың және азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру үшін дені сау әрі жан-жақты мықты кадрлық ресурсты қалыптастыруға бағытталған.

Мерекелік кеште сөз алған жоғары дәрежелі дәрігер, госпиталь бастығы Серікбай Оразбаев қызметі алдында ант қабылдайтын екі мамандық болса, оның бірі – дәрігерлер мен екіншісі – полиция қызметкерлері екенін атап өтті.

«Ішкі істер саласы қызмет барысында жарақат алу қаупі жоғары сала болып табылады. Біз оны күнделікті қызметімізде көріп те жүрміз. Біздің басты мақсатымыз – оларға денсаулығын түзеу жолында көмектесіп қана қоймай, қажет кезеңдерде қызметіне қайтадан тез оралуына жағдай жасау. Госпиталь ішкі істер органдарының, ҚАЖК, ТЖК қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне консультативтік және стационарлық медициналық көмек көрсететін Астана қаласындағы жалғыз емдеу-профилактикалық мекемесі болып табылады», – дейді СерікТілеуқабылұлы.

Мамандардың айтуынша, полиция қызметкерлерінің арасында ең бірінші көп кездесетін ауру түрі – салқын тиюден туындайтын аурулар екен. Күн-түн демей желдің өтінде, сыздың бетінде жұмыс істеп жүретін тәртіп сақшылары үшін, әрине, салқыннан туындайтын тыныс жолы, шаншу, тағы да басқа аурулардан сақтанғаны абзал. Ал одан кейінгі орындарда жүрек және өкпе аурулары, неврологиялық аурулар тұр.

Дәрігер мамандығына деген ілтипатты сөздердің тиегі ағытылған күн Ұлттық медицина холдингінің Басқарма төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Есіл аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Ботакөз Бақтыбаева да тілегін жеткізді. «Еліміздің денсаулық сақтау саласында салалық медицина орталықтарының шоқтығы әрқашан да биік. Олар кадрлар даярлаудағы ұстахана ретінде де, тәжірибе алмасудағы орта ретінде де жоғары бағаланады. Мәселен, бұған дейін Ғылыми-зерттеу институттарында жасалатын оталардың ашылғанына екі жыл толмаған госпитальда жолға қойылуы – мекеме басшылығының табанды еңбегінің арқасы деп білемін», – деп атап өтті ол.

Марапаттау кешінде ақ халатты абзал жандар мен олардың қызметіне жанама қатысы бар госпиталь қызметкерлеріне алғыс хаттар, медалдар және сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы мекеме қызметкерлерінің күшімен дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*