Қазақтың Қалматаевы еді

Журналистен шыққан тұңғыш генерал
Ауған соғысының ардагері, жалпы саны жиырмадан астам ордендер мен медальдердің иегері Мұрат Қалматаев Қазақстандағы журналистерден шыққан тұңғыш генерал. Мұрат Дүйсембіұлының «адам жанының инженері» деп әспеттелетін журналист мамандығын таңдауының түп тамырында ата-анасының бойындағы адам жанына араша түсуге әзір тұратын қасиеттер жатқан сияқты. Мұрат Қалматаевтың әкесі Дүйсембі Қалматаев Қазақстандағы алғашқы дәрігерлердің бірі. Омбыдағы Әскери-фельдшерлік кадетті бітірген Дүйсембі Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Көкпекті аудандарында адамдарды жұқпалы аурулардан сақтау ісіне өлшеусіз еңбек сіңірген жан. Оның туған жердің төсінде өсетін әртүрлі емдік шөптерден дәрі жасайтын емшілігі өз алдына бір бөлек әңгіме. Тіптен, «Дүйсенбі көлі» деп аталатын көлдің емдік қасиетін өзі ашып, оның батпағымен түрлі сырқаттарды емдегені ел аузында қазірге дейін айтылады. Бұл көл күні бүгінге дейін елге шипа болуда.Жарты ғасырдан астам Шығыс Қазақстан, Павлодар, Семей облыстарының медицина саласында абыройлы қызмет атқарған Дүйсембі Қалматаевтың атында бүгінде Семей қаласында мемлекеттік медициналық колледж, Жарма ауданына қарасты Георгиевка ауылында мектеп бар. Оның атына осы ауылдан көше де берілген. Бала күнінен әкесінің осындай қайырымды істеріне қанығып өскен әрі жаны шығармашылыққа жақын Мұрат мектеп бітірісімен ауыл балалары үшін мәртебесі Алатаумен теңесетін ең мықты жоғары оқу орны –Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Қазақтың талай қарымды қаламгерлерін ұшырған журналистика факультетін таңдаған Мұраттың алдына қойған бір-ақ мақсаты болды. Ол – халыққа қызмет ету. Сол мақсатының алғашқы баспалдағы Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануынан басталыпты. ҚазМУ-ді жаңа бітіріп келген жас жігіттің бойындағы жігерімен бірге істің тетігін табуға деген құштарлығын тап басып таныған жергілікті басшылар жастармен жұмысты жандандыруды Мұратқа сеніп тапсырды. Ол «мен комсомолдың бірінші хатшысымын» деп ақ көйлек киіп, қара галстук тағып шіреніп жүрген жоқ. Қайта жастарға өз ісімен өнеге болуды мақсат етіп, механизаторлар дайындайтын курсты бiтiрiп, талай рет түнделетiп жер жыртты. Содан кейін бірнеше жыл аудандық «Жұлдыз» («Звезда») газетінің редакторы қызметін атқарды. Кеңес кезіндегі аудандық газеттерді «журналистердің ұстаханасы» деп бекер атамаған. Екі тілде әрі аптасына үш рет шығатын аудандық газеттер партияның мықты идеологиялық құралы болды. Жоспарын бірнеше еселеп орындайтын озат шопан, тракторшы, бақташы, сауыншы сияқты еңбек адамдарының жұлдызын жағатын жергілікті журналистер де еңбеккерлермен бірге егіс даласы мен қой қорасынан табылатын. Сөйтіп жүріп, халыққа нағыз еңбек адамының бейнесін жасап ұсынатын. Ол кез қай ауданда болмасын журналист кадрлар тапшы уақыт. Көбінесе арнайы журналистік білімі жоқ болса да, қаламының желі бар басқа мамандық иелерін газет жұмысына тарту жақсы үрдіс еді. Олардың арасынан да танымал журналистердің шығуына осындай аудандық газеттердің қосқан үлесі баршылық. Ал, жас та болса университетте оқығанымен қатар көкірекке түйгені көп Мұрат Дүйсембіұлы жергілікті басылымның қыруар шаруасының қисынын шебер келтіретін редактор атанды. Мұраттың бұдан кейінгі еңбек жолы Семей облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-партия бөлімінің нұсқаушысы, кейіннен бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметімен жалғасты. Бұған дейін КСРО Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген әрі нағыз еңбектің қайнаған ортасынан келген Мұрат үшін бұл қызметтерді абыроймен атқару аса қиынға соқпағаны анық. 1975 жылдан бастап ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде инспектор қызметін атқарса, 1980 жылы Қазақстан Компартиясы Орал облыстық комитетінің хатшысы болып сайланды. Негізгі мамандығы журналист Мұрат Қалматаевтың ішкі істер органындағы еңбек жолы 1983 жылы Ішкі істер министрінің орынбасары – саяси бөлімнің бастығы қызметінен басталды. Еліміздің ішкі тәртібін сақтау жолында жігерлене еңбек ете жүріп ол генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілді. Иә… халыққа қаламмен қызмет етсем деген талаппен ұшталған мақсат Жарма ауданының Мариновка ауылында туған қарапайым қазақ баласының қайсарлығын, еңбектің дәмін бағалай білетін қасиетін сынға сала жүріп халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында үлкен шенге жеткізді. Мұрат Дүйсембіұлының сонау 1959 жылдан басталған еңбек жолындағы қиын-қиын асуларын айтпас бұрын біз оның Қазақстандағы журналистерден шыққан тұңғыш генерал екенін мақтан тұтамыз.

Ауған соғысына қатысқан тұңғыш қазақ генералы
Милиция генерал-майоры Мұрат Қалматаевтың ауған соғысына қатысуы жайлы айтқанда қазақ халқының жүрек жарасына айналған Желтоқсан көтерілісіне тоқталмай кетуге болмайды. Мәскеу билігінің Қазақстан Республикасын ширек ғасыр басқарған тұғырлы тұлға Дінмұхаммед Қонаевты бір-ақ күнде қызметінен алып тастап, оның орнына қазақ деген ел бар екенін шала-пұла білетін Колбинді әкеліп отырғыза салуы қазақстандықтар үшін ашық күнде найзағай ойнағандай болды. Дәл сол 16-шы желтоқсан күні Ішкі істер министрінің орынбасары – саяси бөлімнің бастығы, милиция генерал-майоры Мұрат Дүйсембіұлы Қалматаев қызмет бабымен Оңтүстік Қазақстан облысында жүрген. «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң пленумы болады, соған тезiрек жетсiн» деген суыт хабардың тегін емес екенін іші сезсе де, мәселенің мән-жайын ашып айтқан ешкім болмады. Тіптен, Алматыға келген соң да аяқ астынан пленум жасайтындай не болғанын түсіне алмады. Жәй кезде ұзаққа созылатын пленум бұл жолы өте тез өтті де, бір-ақ мәселе қаралды. Ол – Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметінен босату. Барлық саналы өмірін Қазақстанды өркендету ісіне арнаған ардақты азаматтың ұзақ жылғы еңбегіне алғыс айтқан да ешкім болмады. Мәскеудің бұл әлімжеттігі Мұратты ауыр ойға қалдырды. Оның үстіне дауыс беруге құқылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетi мүшелерiнің «Қонаевты орнынан алуға да, оның орнына Ресейдiң Ульянов облысының бiрiншi хатшысы болған Колбиндi сайлауға да» бір ауыз қарсылық білдірмеген әрекеттері жан-дүниесін құлазытып, маза бермеді. Мұның арты Желтоқсан оқиғасына ұласты. Ол кезде Ішкі істер министрі Григорий Никифорович Князев болатын. Күні бойы алаңға жиналған жастардың алдына шығып сөз сөйлеуге ешкімнің батылы жетпеді. Ең сұмдығы – кешке қарай Ульяновтан, Барнауылдан, Свердловскiден, Ресейдiң басқа да қалаларынан келген әскерлер алаңды қызыл қанға бояды. Мұздай қаруланған жендеттер бейбіт шеруге шығып, Үкіметке деген наразылықтарын білдірген қазақтың ұл-қыздарын аямай соқты. Ақ қар, көк мұзда жараланғандарды ыңырсытып машинаға тиеп белгісіз жаққа әкетіп жатты. Бар билік Мәскеуден келгендердің қолында болды. Олар жастарды мұндай озбырлықтан қорғамақ түгілі қазақ генералдарын мүлде басшылыққа жолатқан жоқ. Іштегі жалындай лапылдаған ашу-ыза жанын өртеп бара жатса да қолдан келер қайран жоқ. Ал, мына бір оқиғаны көзімен көрген Қалматаевтың қаны басына бір-ақ шапшыды. Бір лейтенант екі жендет сүйреп келе жатқан жігіттің аузынан бар пәрменімен тепкенде Мұрат та шыдап тұра алмады. Көмекшісі арқылы әлгі лейтенантты өзіне шақыртып алды да, бұл да әлгі лейтенантты құлақ шекеден аямай соқты. Әрине, генерал бұл әрекетінің өз өміріне аямай соққы болып оралатынын білмей тұрған жоқ. Бірақ…өзі өмір бойы адал қызмет еткен партияның мына жауыздығы жанын жай таптырмады. Әрине, қазақтың жап-жас жігіттері мен қыздарын көк мұзға жатқызып қойып, тепкінің астына алған желтоқсанның сол бір ызғары жалғыз Қалматаевтың ғана емес, тамырында қазақтың қаны бар әр адамның жанын жауратқанымен, қолдан келер амал болды ма. Алаңға шыққан жастарды «бұзақы, нашақор» етіп көрсету үшін табылған бір айла – милиция қызметкерлерін жарақаттанған кейіпте госпитальға жатқызды. «Жараланғандардың» жағдайын білу үшін госпитальға келген Мұрат мұның айла екеніне көз жеткізіп қайтты. Генералдың қайда барып, не істегенін көзден таса етпеген басшылар тасадан тас атуға кірісті. Әсіресе, Мәскеуден келген генерал-полковник Елисов пен республика Ішкi iстер министрi Князов ашық жаулыққа көшті. Олар тіптен, Қалматаевтың әр қадамын аңдытып, телефонын да тыңдатқызды. Бір абыройы – ешкім оның жұмысынан мін таба алмады. Ал, Одақтық Iшкi iстер министрлiгi саяси басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Гладышов қоңырау шалып, қызметі тұрмақ өзінің ата жұрты Қазақстаннан кетуін бұйырғанда Қалматаев таң қалған жоқ. Бұл кезде оған ұлтшыл деген айдар тағылып та қойған. Билік енді генерал Қалматаевтан қалай да құтылудың жолын, оны Ауғанстандағы қырғын соғысқа жіберу арқылы тапқан сияқты. Сөйтіп, «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезiндегi iсi партияның саясатына дәл келмейтiн» милиция генерал-майоры Мұрат Дүйсембіұлы Қалматаев 1988 жылдың қаңтар айында Ауғанстаннан бір-ақ шығады. Бірақ, «Ажал келмей жан шықпас, қысыр сөзден мән шықпас» деген сөз рас екен. Жат жерде оған бұйырған қызмет – КСРО Iшкi iстер министрлiгiнiң ауған царондойларының кеңесшiсi болды. Қызметі салмақты болғанмен, оқ пен оттың ортасында жүруіне тура келді. Мұраттың қанымен біткен бір асыл қасиеті – қандай басшылық қызмет атқармасын жайлы тақта жайбарат отыра алмайды. Мұнда да оның басқа елдерден келген кеңесшілер сияқты сырттан бақылап отыруына болар еді, бірақ Мұрат Дүйсембіұлы уақытының көбісін ату алаңында өткізді. Тыным таппай жүріп небір қаруды қолында ойнатты. Көп ұзамай тiкұшақпен таудағы батальондарды аралауға шықты. Бір қорқыныштысы мұнда тыныштыққа мүлгіп тұрған тау ішінде аяқ астынан атыс басталып кетеді. Осындай бір шабуыл кезінде Мұрат қатты жараланады. Ол мінген БТР минаға түсіп, аузы-мұрны жоқ мұздай темірдің ішінде қалып қойды. Ажалы жоқ екен, артынан келген құтқарушылар аман алып қалғанымен, сол қолы мен аяғы жұмыс істемей қалыпты. Госпитальда жатып емделгенімен саусақтары сауыға қоймады. Дәрігерлер «мүгедектік беріп, елге қайтарамыз» деп еді, елге мүгедек генерал болып қайтқысы келмеді. Ажал аузында жүрген күндер бір жылдай уақытқа созылды. Егер 1988 жылдың аяғында Ауғанстандағы кеңес әскерлерiн керi қайтару туралы жарлық шықпағанда қазақ генералының жат жерде қанша жүрері белгісіз еді.

Өмірі өнегемен өрнектелген
Бірақ осы бір азаматтығы мен адалдығы сынға түскен ауыр жылдардан сүрінбей өткен Мұрат Қалматаев көп адамдардың кісілігі өз басынан аспайтын пендешілігіне көз жеткізді. «Сүйегі жат жерде қалсын» деген қараниеттілердің қарғысынан аман қалып, елге оралған Мұрат біраз уақыт үйінде жұмыссыз жатты. Мұндай үнсіздік қанша жерден жанын жараласа да, ең ауыры Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң екiншi хатшысы Марат Меңдiбаевтың өмір бойы партия үшін, халық үшін еңбек еткен, қажырлы еңбегінің арқасында генералдыққа дейін жеткен мұның тағдырына немкетті қарағаны болды. Қызмет сұрап алдына барғанда жат жерде қазақ генералының мәртебесін абыроймен қорғап келген, ең бастысы ажалдан аман келген білдей бір азаматқа қолдау көрсетудің орнына суық қабылдап, сұлық шығарып салғаны, басшысымақ Колбиннің «Сен тiрi ме едiң?» дегені, Ішкі істер министрі Князевтің «жұмыс жоқ» деп сылтауратуы жүрегіне үлкен салмақ салды. Бірақ халқым деп соққан жүрек бұл сыннан да өтті. Өзіне деген осыншалықты немқұрайдылықтан шаршап жүргенінде Семей облыстық Iшкi iстер басқармасының бастығы болып тағайындалды. Қылмыстың өршіп тұрған кезінде бүтіндей бір облыстың қылмыстық ахуалын жақсарту шебер басшының ғана қолынан келері хақ. Қандай да бір проблеманы шешу үшін адам соның ортасында болуы керек, көзбен көруі керек екені қандай қажет болса, қанқұйлы қылмысты ашуда да осы әрекет ауадай қажет. Мұрат Дүйсембіұлы облыстық Ішкі істер басқармасының тізгінін қолына алысымен қылмысты ашу үшін түн қатып жүретін қатардағы жедел уәкілдермен сан рет қылмыскердің соңына бірге түсті. Жар құлағы жастыққа тисе де рацияны жастанып жататын мазасыз күндердің жемісі аз болған жоқ. Көп ұзамай Семей облысы қылмыстың алдын алу және ашу жағынан алдыңғы қатарға шықты. Генерал-майор Мұрат Қалматаевтың тәртіп сақшылары мен халықтың арасына салған алтын көпірі талай тағдырды қылмыстан құтқарды. Облыс халқы оның уақытпен санаспай күндіз-түні атқарған тынымсыз еңбегін елеп, әрі оның іскерлігіне үлкен сенім артып Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынды. Біреу-екеу емес бақандай он екі адаммен бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Мұрат Дүйсенбіұлы бұл таласта тамаша жеңіске жетіп, басым дауыспен Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі комитеттің төрағасы болды. Қабырғалы қазақ елінің тәуелсіздігі жарияланып, демократиялық жолмен сайланған депутаттардың республика тарихында ерекше орны бар. Өйткені, олар елiмiздiң Әнұранын, Елтаңбасын, Көк байрағын қабылдады. Мұндай бақытқа ие депутаттардың қатарында милиция генерал-майоры, ауған соғысының ардагері Мұрат Қалматаев та бар еді. Сондай-ақ, милиция генерал-майоры Мұрат Қалматаев ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін анықтау туралы көңілге қонымды ұсыныстар айтудан ешқашан жалыққан емес. Өмір жолы ұрпаққа үлгі болар өнегемен өрнектелген, ұлтын жанындай жақсы көретін абзал аға да мына пәни жалғаннан өтті. Алдағы қыркүйек айындағы сексен жылдығына жетпей үлкен жүрек тоқтады. Бірақ, генерал-майор Мұрат Дүйсембіұлы Қалматаевтың есімі халқы ешқашан ұмытпайтын мәңгі есім.

Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ, Алматы қаласы

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*