Қазақстандық полицейлердің мерейін өсірді

Астаналық полицей Сандуғаш Құдабаева әлемнің 200-ге жуық әйел полицейі қатысқан жарыста үздік шықты.
Мәскеу қаласында үстіміздегі жылдың 1-5 маусымы аралығында Халықаралық полиция қауымдастығының бастамасымен ІІ Халықаралық әйел полицейлер форумы өткен болатын.
Жалпы, кәсіби және мәдени тұрғыдан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, полицейлердің кәсіби және адамгершілік деңгейін көтеруді, психологиялық жайлы ахуал қалыптастыруды мақсат тұтқан осынау форум алғаш рет 2014 жылы күзде Грекияда өткен болатын. Бұл жолғысы – екінші. Биылғы іс-шараға Қазақстан атынан Астана қалалық ІІД Басқарма штабының аға инспекторы, полиция майоры Сандуғаш Құдабаева қатысты. Әлемнің Ресей, Кипр, Грекия, Румыния, Германия, Эстония, Австрия, Польша, Израиль, Финляндия, Молдова, Қазақстан, Болгария, Монако, Швеция, Словения, Черногория, Кения, Португалия, Люксенбург, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария, Испания, Италия, Франция және Хорватия сияқты 28 елден 200-ге жуық әйел полицей Ресей астанасында бас қосты. Форум аясында «Әйел полиция қызметінде» деген атаумен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда әйелдерді полиция қызметіне тарту мәселесі, сондай-ақ, оларды бейімдеудің психологиялық аспектілері, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйел полицейлерді әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Келесі күні әйел полицейлер арасындағы кәсіптік және шығармашылық шеберлік фестивалі өтті. Фестиваль бағдарламасына атудан жарыс, қызметтік автокөлікті жүргізу енгізіліпті. Ал жарыстың өзіне патрульдік автокөлікті от алдыру, арнайы дабылды қосу, көлікпен ирелеңдеп жүріп, қайтар жолда конустар арасынан соқтықпай өту, үстелге тапаншамен келіп нысанаға жеті оқ атып, орнына қайта жету сияқты шарттар қойылыпты. Әрбір соғылған конус пен атудағы мүлт кету айыптық секундтарға жатқызылып, үздіктер барлық жаттығуларды орындау барысында шығын болған уақыттың аздығы бойынша анықталған. Мейлінше көп балл жинаған Сандуғаш Құдабаева үздіктер қатарынан табылды. Одан кейінгі ұйымдастырылған «Әлемнің әйел полицейлері – бейбітшілік, ізгілік пен әділеттілік жаршысы» атты конкурсы айрықша көркемдігімен есте қалды. Онда ұлттық киімдер үлгісін көрсеткен қатысушылар өздерінің шығармашылық қырларын танытуға мүмкіндік алды. Сандуғаштың ұлттық киіммен орындаған биі көрермендер тарапынан үлкен қолдау тауып, ол ұзақ қол шапалақтаулармен білдірілді. Қызметтік көлікті басқару мен қарудан оқ ату түрлерінен бірінші халықаралық фестивальдағы табысы үшін полиция майоры Сандуғаш Құдабаева диплом, грамоталармен, сондай-ақ, «Ресей ІІМ-не 200 жыл» медалімен марапатталды. «Мұндай іс-шаралардың өтуі полиция қызметіндегі әйелдердің ынтасын арттырып, жұмыстарын жемісті етеді», – дейді жеңімпаз Сандуғаш.

Астана қалалық ІІД Баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*