Жазғы төтенше жағдайлардың алдын алу

Қызылордада «Шығармашылық үйінің» конференц-залында «ОӨАЖҚЖ» ММ басшысы Б.Ембергеновтің, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қайрақбаевтың, Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы А.Нұрманованың қатысуымен «Жазғы кезеңде облыстың су айдындарында судағы қауіпсіздік шаралары және табиғи өртті болдырмау» тақырыбында баспасөз мәслихаты өткізілді.
Шараны Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы А.Нұрманова ашты.
Сөз алған ІІМ ТЖК «ОӨАЖҚЖ» ММ басшысы Б.Ембергенов: «Жазғы ыстық күндер басталысымен-ақ облыс су айдындарында салқындап, демалатындардың саны арта түседі. Осы ретте көбінесе адамдар суға түсу ережесінің қарапайым қағидаларын сақтамағандықтан қайғылы жағдайларға тап болып жатады. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 8 адам суға кеткен, оның 7-еуі бала. Құтқарушылар дер кезінде әрекет жасап, 2 адамды аман алып қалған. Қайғылы жағдайлардың себептері барлық 7 бала ата-анасының қарауынсыз су айдындарында суға түскендіктен, ал 1 адам су айдындарында қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтамаған және суға түсуге болмайтын орындарда суға шомылған.
Тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан үгіт-насихаттық іс-шараларына (рейдтер, профилактикалық бейнероликтердің жергілікті телеарнадан берілуі, дауысзорайтқыш құрылғысы арқылы тұрғындарға насихат жұмысын жүргізу, үгіт-насихат парақтарын тарату және басқа да түрлі шаралар) қарамастан, суда қаза болғандардың саны үдей түсуде», – деді. Мұнан соң Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қайрақбаев сөз алды. «Ағымдағы жылдың І тоқсанында облыс көлемінде 2 дала өрті тіркелді. Атап айтқанда, 13 сәуірде Махамбет ауылы «Бәйтен» учаскесінде ашық алаңда көлемі 35 га. алқаптағы өрт және 14 сәуірде Махамбет ауылы «Бәйтен» учаскесінде ашық алаңда көлемі 15 га қураған шөптердің жануы. 2016 жылға бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап облыс көлемінде «ӨСжАҚЖҚ» ММ және «Орман шаруашылығы» мекемелерімен бірігіп, дала өрті бойынша 8 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Жаттығуға 192 адам қатыстырылды, оның ішінде төтенше жағдайлар саласынан 102 қызметкер және жергілікті атқарушы органдардан 90 өкіл болды. Сонымен бірге іс-шараға 32 өрт сөндіру автокөлігі, 16 қосымша техника және 7 су тасығыш автокөлігі қатыстырылды», – деп ол атқарылған жұмыстар туралы ақпар берді. Баспасөз мәслихаты барысында судағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыстың барша тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажеттігі, әсіресе, су айдындарында және жағалауда балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде баса айтылды.

Қызылорда облысы ТЖД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*