Асқақ рәміздер айбары

Астана қаласы ТЖД
Астана каласы ТЖДМемлекеттік рәміздер күні айтулы мереке ретінде жыл сайын аталып келеді. Осыған орай биыл Астана қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ жеке құрамымен кәсіби дайындық сабағы өтті. Мақсаты – идеологиялық тәрбие болып табылатын іс-шара барысында Кадр жұмысы бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Б.Қожакеев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнесін, сонымен қатар, Мемлекеттік Әнұранның мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі» тақырыбында баяндама жасады. Одан әрі маңызды мерекеге арналған салтанатты жиын болып, қызметкерлерді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Барат Дұзақбаев құттықтады.
«Мемлекеттік рәміздер елді ерекшелеп, оның тәуелсіздігін паш ететін нышан. Сондықтан оның мағынасын терең түсіну, оны қорғай білу – Қазақстан азаматтарының абыройлы борышы. Әрбір елді оның рәміздерінен және ел басшыларынан таниды», – деп атап өтті ол.
«Мемлекеттік рәміздер – әр тәуелсіз елдің төл белгілері. Біздің еліміздің Ту, Елтаңба және Әнұран сияқты үш мемлекеттік нышаны бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында Әнұранның әр сөзі, Туымыздың көк және алтын түсі қазақ халқының гүлденуінің, ынтымағы мен бірлігінің ұйытқысына айналды. «Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1992 жылы 4 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осы күн «ҚР Мемлекеттік рәміздер күні» болып белгілені белгілі. Содан бері ол – мемлекеттің ажырамас бөлігіне айналған ұғым», – дейді елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев атап өткендей, «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттың салт-санасын, қବ¬һарман¬дығы мен даналығын, болашақ¬қа үмі¬тін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер». «Астаналық ТЖД де Рәміздер күні ерекше атап өтіледі. Мемлекеттік рәміздерімізді насихаттауға арналған салтанатты жиын барысында қызметкерлеріміздің қатарын толықтырған мамандар салтанатты түрде ант қабылдайды. Бұл мереке – еліміздің әр азаматы үшін ерекше маңызға ие күн деген ойдамын» , – деп атап өтті Б.Дұзақбаев.

Алматы қаласы
Егемендігіміздің жарқын нышандары – Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрбір қазақстандықтың бойындағы патриоттық сезімдерді асқақтатып, жүрегіне мақтаныш нұрын құяды. Ата Заңымыздың 34-бабында «Әркім Республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге IMG_1550міндетті» деген жолдардың өзі әр азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік рәміздер күнінде Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамы да Мемлекеттік Әнұранды асқақтатып, көк Туымызға тағзым етті. Мемлекеттік рәміздердің тарихы туралы баяндама жасаған Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапланбек Құрманәлі мемлекеттік Елтаңба мен Тудың, Әнұранның мағынасына кеңінен тоқталды. «Біздің Елтаңбамыздағы алтын түсті шаңырақ, қанатты тұлпарлар Қазақстан деген кеңбайтық елдің жарқын болашағын сипаттаса, көк Туымыздың да мағынасы кең. Ежелгі түрік тілінде «көк» деген сөз аспан деген ұғымды білдіреді екен. Біздің Туымыздың көк түсті болуы тәуелсіз еліміздің ниет-тілегінің тазалығын көрсетеді. Азаттығымызды паш ететін Әнұранымыз да біздің мақтанышымыз», – деді полиция полковнигі. Рәміздер күніне арналған салтанатты шара кезінде бірқатар күзет қызметкеріне арнайы атақтар берілді. Атап айтқанда, батальон командирінің орынбасары Ш.Мырзабаев пен ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ж.Серікбаевқа полиция подполковнигі, аға инспектор-психолог А.Ибадатоваға полиция майоры атағы берілді.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Солтүстік Қазақстан облысы
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз мемлекетті айқындайтын бет-бейненің бірі. Біздің еліміздің тұрғындары мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарайды. Мектепке дейінгі кез келген баланың Елтаңба мен Туда не бейнеленгенін жазбай тануы, Әнұранды жатқа айтуы соның белгісі.
«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің киелі біріктіруші бейнесін білдіреді»,-– дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Бала-шағамыздан бастап өз Отанынды құрметтеуге және қадірлеуге үйретеді. Дәл айтылған сөз. Мәселен, Әнұран ойнағанда жүрегі елжіреп, делебесі қозбайтын жанды кездестіресіз бе?! Тудағы көгілдір түс бейбітшілікті, сабырлылықты, бірлік пен ынтымақты білдіреді. Әр қазақстандық оны әлемдегі ең әдемі ту деп санайды. Мемлекеттік іс-шаралар немесе спорттық жарыстардың ешқайсысы мемлекеттік Туымыздың салтанатты түрде көкке көтерілмей өтпейді. Ал Елтаңбаға келер болсақ, көптеген айшықты белгісі үлкен сыр аңғартады. Мысалы, шаңырақ – отбасылық бақыттың белгісі, күннің сәулесіне ұқсас, сырық күмбезді уықтар – өмір мен жылулықтың белгісі.Түс гаммасы – алтын мен көгілдір түстердің үйлесуі қазақтардың әлемдегі барлық халықтармен бейбіт пен бірлікке ұмтылысын бейнелейді. Әуезді, жанға жағымды Әнұран – 1992 және 2006 жылдарда екі рет бекітілген еді. Халық арасында танымал, 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнді жаңа заман сұранысына орай Елбасы толықтырып оған өршіл рең берді. Алтын алқа таққан спортшыларымыздың осы бір биік рухты ән шырқалғанда жанарына жас үйіретінін байқайсыз ба?! Биыл Қазақстан Республикасының мерейтойы, 25 жыл бұрын халық мемлекетіміздің тәуелсіз жолын таңдады. Барлығы ширек ғасыр ішінде Мемлекет басшысы мен халықтың күшімен тұтастай бір мемлекет қалыптасты. Биыл Мемлекеттік рәміздерге 24 жыл толды. Мереке қарсаңында Петропавл қаласы әкімдігі талдау және мониторинг бөімінің басшысы Алмас Файзулин ІІМ ТЖК аумақтық органының құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлерімен кездесті. Жергілікті атқарушы органның өкілі департамент қызметкерлеріне мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы алатын ролі мен мағынасын, олардың қалыптасу тарихын сөз етіп, олардың ҚР заңнамасының талаптарына сай, мекемелер мен оқу орындарында және өзге ұйымдардағы қолдану аясын айтып берді. Сонымен қатар Алмас Қайратұлы мемлекеттік рәміздерге деген құрметке ерекше көңіл бөліп, қатысушыларға мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелерін бұзған лауазымды тұлғаларға ықпал ету шаралары туралы баса айтты. «Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің әр азаматының жоғары азаматтылық ұстанымы, қазақстандық патриотизмі, ынтымақ-бірлігіне үндейді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізетін салиқалы саясаттың маңызды аспектісі болып табылады», – деді ол.

Валерия СҰЛТАНОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Қызылорда облысы ТЖД
Тәуелсіздік белгілерін білу – әр қазақстандық азаматтың міндеті. Осыған орай Рәміздер күні қарсаңында Қызылорда облысы ТЖД Кадр жұмысы бөлімінің бас маманы Ержан Үсенбаев «Қазақстан Республикасының рәміздері туралы» лекция оқыды. Мемлекеттік рәміздер, бұл кез келген мемлекеттің егемендігін айқындайтын бөлінбес белгісіне айналады», – деп сөзін бастаған ол рәміздердің әрқайсысына тоқталып өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні – осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды. Бұрын да танымал «Менің Қазақстаным» әні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен, Парламенттің бекітуімен 2006 жылдың 6 қаңтарында ел Гимні болып аталды. 2006 жылы 11 қаңтарда Елбасыны ұлықтау салтанатында алғаш рет Гимн ретінде орындалды. Әнін жазған – сазгер Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бұл лекцияның пайдасы бар. Рәміздердің кейбір атрибуттары кейбір адамдардың есінен шығып кетуі мүмкін. Оны кезең-кезеңмен еске салып отырса жадыда толық орнығатын болады», – дейді Ержан Үсенбаев. Лекция соңында көпшілікке «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» бейнефильм көрсетілді.

Қостанай облысы ІІЖБ
Әрбір егемен мемлекеттің айырым белгілері мемлекеттік рәміздері болып табылатыны бәріне мәлім. Мемлекеттік рәміздерді иелену тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында негізгі қадамдардың бірі болды. Біздің еліміздің өкілдерін халықаралық сахнада, іскерлік қарым-қатынаста, халықаралық жарыстарда, Олимпиадаларда рәміздер арқылы таниды. Жыл сайын Қазақстанда мемлекеттік Рәміздер күні 4-маусымда өткізіледі, ал 2007 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциалық заңы қабылданды. Қостанай стансасындағы ІІЖб-де жауынгерлік және саптық дайындық сабақтарында жыл сайын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қолдану және Мемлекеттік Әнұранды орындау бойынша дәрістер өткізіледі. Онда ұйымдастырылатын барлық іс-шараларда Қазақстан Республикасының Әнұраны барлық ресми іс-шарада, ұлттық және мемлекеттік мерекелерде, саптық тізімді түзеген сәттерде салтанатты түрде орындалады. Бұның барлығы полицейлерді патриоттық тәрбиелеудің элементтері. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау бойынша іс-шаралар әрбір тұлғанының бойына кешенді, біріктірілген сипатта және қазақстандық патриотизм мен азаматтықты қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекеттік рәміздер заңнамаға сәйкес пайдаланылуы керек. Оларды сақтау тәртібі де белгіленген, әрбір азамат мемлекеттік рәміздерін қолдануға ерекше көңіл бөлуге тиіс және аталған заңнаманың бұзылуына немқұрайлы қарамау керек. Қостанай стансасы ІІЖб жеке құрамына «Мемлекеттік рәміздері туралы» деректі фильм көрсетілді.

А. АМАНГЕЛДИН, Қостанай облысы

Батыс Қазақстан облысы ТЖД

Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні жаппай орындалды. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымайтын негіздерінің бірі. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін еліне деген патриотизм мен мақтаныштың мерекесі болуы тиіс. Мемлекеттік рәміздер күнінің басты идеясы – қазақстандық патриотизм мен ұлттар бірлігін, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен құндылықтарын нығайту. Әрбір қазақстандық мемлекеттік рәміздерді сөзсіз қадірлеп, қайнар көздерін есте сақтауы керек. Ту, Елтаңба, Әнұран – халықтың жүрегі мен санасына жақын нышанды анықтау мен оған үнемі жүгіну ұмтылысынан туған. Баршамыз осы игілікті қорғауымыз қажет. Батысқазақстандықтар Мемлекеттік Рәміздер күнін мерекелеу қарсаңында жаппай Мемлекеттік Гимнді орындады. Патриоттық акцияға Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің барлық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*