Қайықтағы полиция қызметінің қыр-сыры

DSC_0603Еліміздің тәртібі мен тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына жүктелетін міндет жыл өткен сайын артпаса кеміген емес. Олардың тапсырылған міндетті мінсіз алып жүрумен қатар құқық бұзушылықпен күресудің тиімді тетігін қалыптастыруда талмай еңбек етіп жүргендеріне куә болып жүрміз. Осыған дейін олар қоғамдық тәртіпті қызметтік автокөлік, ат, велосипедтерге отырып қамтамасыз етіп келсе, осы жылдың мамыр айынан бастап елордалық сақшылар қайыққа отырып, өзен-көлдерді де бақылауға алды. Есіл өзені мен Ақбұлақ өзеніне дейінгі аралықта қайықпен қызмет көрсететін тәртіп сақшыларының қым-қуыт тірлігімен біз де танысып қайттық.
Қайықтағы полиция жасағының құрамында Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы дайындықтан өткен екі-үш полиция қызметкерімен қатар бір кеме жүргізушісі бар. Қайық – судағы полиция пункті болып саналады. Себебі, олардың да функционалдық міндеттеріне тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жедел іздестіру шараларын ұйымдастыру және құтқару жұмыстарын жүргізу кіреді. Қайықтағы полицейлер судағы төтенше жағдайлар кезінде құтқарушының да міндетін қоса атқарады. Яғни, өзенді торуылдау кезінде суға батып бара жатқандарды көрсе қастарынан өте шықпай, оларды құтқаруға кіріседі. Құтқарушының жұмысын қатар алып жүру оларға еш қиындық тудырмайды. Өйткені, қайықтағы полиция жасағына қызметке алу кезінде олармен арнайы нұсқаулық өткізіліп, құтқару жұмыстарының да қыр-сыры үйретілген.

Қуаты күшті кеме
Қайықтағы жасақ қызметінің өзге құрылымдардан ерекшелігі – олар автопатруль мен жаяу патрульдің аяғы жетпейтін Есіл өзеніндегі тәртіпке жауап береді. Өзен бойындағы тәртіпті олар елімізде шығарылған «Kazboat-47» патрульдік қайығымен қамтамасыз етеді. Өзен жағасында құқық бұзушылықтарға жол бермес үшін кеме жүргізушісімен қосқанда 3 қызметкер сыйымдылығы 5 адамдық қайыққа отырып, күнделікті кезекшіліктерін атқарады. Ерекше атап өтетіні, қайықтағы полицейлердің жұмыс уақыты өзге құрылым қызметкерлерінікі секілді таңмен таласа басталмайды. Себебі, таңғы уақытта бұл жерді өлі тыныштық жайлайды. Өзен жағасындағы тірлік түстен кейін ғана қыза түсетіндіктен олардың да жұмысы сағат екіге таман бір-ақ басталады. Яғни, Астана қалалық ІІД бастығы Амантай Әубәкіровтің бұйрығына сәйкес қайықтағы полицейлер өзең маңын сағат 14:00-ден бастап 21:00-ге дейінгі аралықта дамылсыз патрульдейді.
Тіпті, күннің ыстық-суығы да оларға кедергі емес. Бір сөзбен айтқанда, қайықтағы сақшылар сатыр-сұтыр жауын, алай-дүлей желге, шақырайған күнге қарамай күнделікті қызмет етеді. Бұған өзіміз де куә болдық. Олай дейтініміз, сақшылар қайықтарына мініп, қызметтеріне кірісіп жатқан кезде күтпеген жерден жауын жауды да кетті. Алайда, «Kazboat-47» қайығы барлық жағдайда оларға қорған бола алады. «Мәселен, жауын жауып кеткен кездері қызметтік кеменің шатыры көтеріледі. Бұдан бөлек, полицияның кемесі дабыл, жылжымалы радиоқұрылғы және басқа да қажетті арнайы құралдармен, сондай-ақ, құтқару күртелерімен, өрт сөндіргіш құралдар мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қобдишамен жабдықталған. Және де қайықтың корпусы жеңіл, қозғалтқышы қуатты, оған қоса қайық жеңіл қозғалатындығымен өте қолайлы болып отыр. Бірақ бұл катерде жылдамдық өлшемі жоқ, жел қарсы бағыттан болса, сәйкесінше жылдамдық та бәсеңдейді. Қозғалтқыштың қуаты 60 аттың күшімен тең. Қайықтың ұзындығы – 4,88, ені 1,75 метр, құрылымдық көлемі – 250 келі, жүк көтеру мөлшері – 700 келі», – деді қайық жүргізушісі Владимир Потупалов. Ал қайықтағы полиция жасағының маршруты Сарыарқа көпірінен басталып, Ақордаға дейін жалғасады. Күніне екі қызметкер кезекшілікке түседі, одан бөлек бір-екі қызметкер ауысымда болады.

Есіл жағасында «есіретіндер» де бар
Өзен бойында көбіне-көп ұсақ құқық бұзушылықтар орын алатыны айтпаса да түсінікті. Есіл жағалауы жастардың кешқұрым уақытта бас қосатын орны болғандықтан олар бұл жерде тәртіп бұзушылыққа жиі жол береді. Қарапайым ережені ұстана бермейтін жастар жағы тыйым салынған жерлермен жүріп, қауіпсіздік ережелерін елемейтін көрінеді. Есіл жағалауында спирттік ішімдік ішіп, өзеңге қоқыс тастап, жиегінде велосипед тебетіндерге ескерту шаралары қолданылады. «Тағы бір айта кететіні, Есіл жағасында тек қана қармақпен ғана балық аулауға рұқсат етілген. Яғни, ау құрып балық аулауға тыйым салынған. Алайда, дәл Есіл өзеніне ау тастап, балық аулайтындар жоқтың қасы», – деді өз сөзінде Астана қалалық ІІД Жол-патрульдік полиция полкінің штаб бастығы, полиция аға лейтенанты Қуаныш Еркінов.
Түс ауа уақытта қайықтағы полицейлермен Сарыарқа көпірінен қозғалдық. Қуықтай ғана қайыққа мінгескен полиция қызметкерлерінің соңдарына ілестік. Олар қайықпен өзеннің бергі бетінен арғы бетіне дейін бір шолып өтті. Сол мезетте арқаны кеңге салып Есіл жағалауында тынығып отырған жастарға қарай бет алдық. Есіл жағасының жиегінде отырған кезде шалт қимылдап қалсаң, сырғып кетуін мүмкін. Сондықтан да тәртіп сақшылары саябаққа демалуға келген тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес беріп, өзен-көлдердің тұнығын лайламауларын сұрады. Өйткен жағдайда, ұсақ құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарын да ескертті.
«Бір байқағанымыз, көбіне жастар жаға жиегінде шешініп тастап отырады. Бәлкім, суға шомылуға оқталатын шығар. Ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір, Есіл жағасында шомылуға болмайтынын айтып түсіндіріп, суға түсуге арналған арнайы жағажайға жол көрсетеміз. Осылайша, қызмет көрсету аумағымыздың тәртібіне бас-көз болып, қырағы қадағалап, құқық бұзушылықпен күресеміз. Қарап отырсақ, жұмыс уақытында Сарыарқа көпірінен Ақордаға дейін 4-5 рет барып келеді екенбіз», – дейді полиция сержанты Нұрсұлтан Темірғалиев.
Айта кетейік, қайықтағы сақшылар жол-патрульдік полиция қызметкерлері секілді толық жабдықталады. Яғни, оларда қару, резеңке таяқшалары, қолкісен, жылжымалы радиостанса, бейнетіркегіштер және құтқару жилеттері өздерімен жүреді. Сондай-ақ, ауқымды мереке күндері олар да өзге әріптестері секілді күшейтілген қызмет түріне көшіп, түннің бір уағына дейін тәртіпті бақылайды. Биыл жаңадан құрылған қайықтағы полиция жасағы қызметті қыркүйек айына дейін алып жүреді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
суреттер Әсет СЫЗДЫҚОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*