Сауабы мол сайыс

DSC_0559Халықаралық балаларды қорғау күні, сондай-ақ, 23 маусым – Полиция күні қарсаңында ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті мен «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бастамасымен игі іс қолға алынған еді.
Қос мекеменің мұрындық болуымен балалар арасында сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасаудан байқау ұйымдастырылып, шығармашылық сайысының тақырыбы «Полиция – қауіпсіздік күзетінде» деп аталды. Ал, шара Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Урюпинка ауылында мүмкіндігі шектеулі жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 құрамдастырылған балалар үйінде ұйымдастырылды. Іргетасы өткен ғасырдың 1932 жылы қаланған балалар үйінің тарихы да, тағдыры да шырғалаң. Бүкіл бір елдің тіршілігімен, жүріп өткен тағдырлы жолымен тамырлас мекеменің сонау жылдан бері тұрған ғимаратына қарап-ақ талай сыр мен мұңды ұғуға болар еді. Бұл балалар үйінің өзгелерден бір ерекшелегі – мұнда ақыл-есі кем бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Арнайы мекемеде өсіп келе жатқан балалардың ең кішкентайы 6-да болса, үлкені 18-ге толған. Жоғары сыныпқа баратын ересектері Урюпинка ауылындағы орта мектепте білім алады. Шамамен 140 балаға арналған мекемеде бүгінде 98 бала тәрбиеленіп келеді. Оның ішінде 20 бүлдіршін ата-анасының жылуынсыз қалған болса, қалғандарының әке-шешелерінің көзі тірі. «Алайда, артынан іздеп келіп, баласының қамын жеп жүрген бірі жоқ, – дейді мекемені соңғы алты жылдан бері басқарып келе жатқан балалар үйінің директоры Сәуле Молгаждарова. – Себебі, олардың дені маскүнем, нашақор, болмаса үй-күйсіз қаңғып, өз күнін өзі әрең көріп жүрген жандар. Мұндағы балалар екі категория бойынша – мүмкіндігі шектеулі және ақыл-есі кемдігіне байланысты бақылауға алынады. Мекеменің жалпы штаттық құрамы 140, оның ішінде 51-і мұғалім мен тәрбиеші». «Мектеп жасындағы балаларға тәлім беру, оң бағытқа салу олардың денсаулықтарындағы ақауды ескергенде қаншалықты ауыр екенін өздеріңіз де сезіп тұрған шығарсыздар. Алайда, мұндағы бүлдіршіндер бір-біріне өте бауырмал. Бір-бірінің жағасынан алып, төбелес шығару деген жоқ. Әр бала өз отбасында тәрбиеленеді. Мәселен, қазір бізде 10 отбасы бар. «Айгөйлек», «Жұлдыз» деген атаулары бар әр шаңырақта шамамен 8-10 шақты бала шоғырланған. Әр отбасының анасы бар, олар әрине, тәрбиешілері, ал әр тәрбиешінің көмекшісі тағы болады. Бір сөзбен айтқанда, бірде-бір бала бір минут та бақылаусыз қалмайды. Күндіз де, түнде де»», – дейді мекеме басшысы. Мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мұнда Ақмола облысы бойынша ғана арнайы бағдарламамен келеді. Балалар 10-сыныптан кейін еңбек тәрбиесі бағдарламасы бойынша білім алып, кәсіби колледждерге түседі. Сәуле Тұрарқызы бізді балалар үйінің тыныс-тіршілігімен толықтай таныстырып шықты. Әр отбасының шаңырақтарына да бас сұқтық. Қарапайым үй секілді жабдықталған бөлмелердің жиһаздары жаңа, жинақы, ең бастысы – таза. Бір байқағанымыз, балалар сабақтан тыс уақытта бос сенделіп жүрмей, әрқайсысы бір іспен шұғылданады екен. Балалар үйінде оншақты үйірме жұмыс істейді. Дәл осы еңбек сыныптарында балалар алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастырып, шеберліктерін шыңдайды. Сондай-ақ, бұл ұйымда ұлдарға арналған ағаш ұста сыныптары, ал қыздарға тігу шеберханалары жабдықталған. Ұстаздарының жетекшілігімен балалар шығармашылықпен және спортпен белсенді түрде айналысады. Жай ғана айналысып қоймай, бар ынтасымен жетістікке жетіп жүргеніне де куә болдық. Балалар үйінің директоры өнерімен топ жарып жүрген тәрбиеленушілерін де мақтанышпен атап өтті. Таяуда осындай өнерлі тәрбиеленушілердің бірі – 4-сынып оқушысы Мария Файфер ән додасында республикалық байқаудан 1-орынды жеңіп алып, «Жұлдыз-ай» сайысына жолдама ұтып алған екен. Балалар үйіндегі спорт зал, кітапхана, акт залынан бөлек, тігін, ағаш шеберханаларында бүлдіршіндердің өз қолынан шыққан дүниелерге, салған суреттеріне қарап отырып ешқайсысын ақылы кем, мүмкіндігі шектеулі деуге аузың бармайды. Өзге балалар секілді арманы асқақ, қиялы ұшқыр тәрбиеленшулердің байқауға деп салған суреттері мен жасаған қолөнер бұйымдары да еріксіз таңқалдырады. Қоғам тыныштығы күзетінде тұрған полиция қызметкерінің бейнесін бірі жол сақшысы ретінде көрсетсе, енді бірі балалардың қамқоршысы, үшіншісі бір ғана қала емес, бүкіл әлемнің тыныштық символындай суреттеген.
Байқауға ұсынылған әр туындыны мұқият қарап, авторларының ойы мен пікіріне құлақ асқан «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС бас директоры Бимаханбет Асанов пен ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті өкілдері ішінен үздіктерін таңдап алып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. «Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Осы жылы Қазақстан полициясының құрылғанына да 24 жыл толады. Ал, санаулы күндерден кейін Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтпекпіз. Бұл айтулы мерекелердің ел тарихы мен даму даңғылында алар орны ерекше. Осыған орай ІІМ-нің бастамасымен балалар арасында шығармашылық байқау өткізіп, балалар күні қарсаңында марапаттауды ойға алған едік. Байқауға қатысқан әрқайсыларыңыздың еңбектеріңіз жүлдеге лайық. Бірі өзіне тән өзгешелігімен ерекшеленсе, енді бірі жасалу күрделілігімен таңғалдырды. Сол себепті бүгінгі сайыста жеңілген жан жоқ. Барлықтарыңызға байқауға белсенді қатысып, бармақтай болса да дарындарыңызды байқатқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді сайыс жеңімпаздарына жүлделерін табыс еткен Медиа орталық бастығы. Ал, байқау қортындысы бойынша жүлделі бірінші орынды «Күзеттегі Степа ағай» қолөнер туындысын жасап шығарған 5-отбасының бүлдіршіндері жеңіп алса, 2-орынға еліміздің көк Туын қолдан тоқып, әдемі картинка жасап шығарған 7-отбасының шеберлері тұрақтады. Ал, 5-сынып оқушысы Армен Тебеньков «Көшедегі тәртіп» деп аталатын бояуы қанық, ойы анық суретімен 3-орынды қанжығасына байлады. Балалар үйінің түлектері де тартынып қалмады. Барын ұсынып, өнерлерін ортаға салып, ән мен билерін тамашалатты. Шағын ғана акт залын санаулы минутта салтанатқа айналдырып жіберген тұлымшағы желбіреген үшеу: «Арманым бар асқақтаған: әкем болса жанымда мейірімді, анам болса қасымда аялаған» деп әндеткенде еріксіз көзге жас үйіріледі. Өз қолдарымен тіккен қазақтың ұлттық бүрмелі көйлегімен мың бұрала билеген қыздардың тағдырдың ауыр сынына мойынұсынбаған талпынысы да тәнтті етті. Қандай мекемеде, қай ортада болмасын бала көңілі пәк, таза болып қалары сөзсіз. Алаңсыз балалық шағында «ертеңім қалай болар екен?» деген сұрақтың ауыртпалығын сезініп өскен балаларды бұл жерде біріктіретін бір ғана ұғым барын сезіндік. Ол –отбасы.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, суреттерді түсірген Серік ЖОЛДАСПЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*