«Сен қоғамға керексің» шарасының шарапаты мол

IMG_1490Қазақстандағы пенитенциарлық жүйені реформалаудың негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету арқылы түрме тұрғындарының санын азайту. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар мен арнайы қабылданған бағдарламалар да баршылық.
Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде өткен«Ресоциализация: Сен қоғамға керексің! Ты нужен обществу! Society needs you!» атты форумда түзеу мекемелерінен босап шыққандар мен бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жұмыс – тек күнкөріс көзі ғана емес, сотталғандарды қайталап қылмыс жасаудан қорғаушы да. Жасыратыны жоқ түрмеге түсетіндердің басым бөлігі жұмыссыздар мен баспанасыздар. Олардың арасында жазаларын өтеп шыққан соң да жұмыссыздық салдарынан қайталап қылмыс жасайтындар аз кездеспейді. Форумға қатысқан Алматы қаласы прокурорының орынбасары Б.Жүйріктаев еліміздегі түрме тұрғындарының санын азайту мен түзеу мекемелеріндегі жазалыларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне тоқтала келе: «Сотталғандарды ақылы еңбекке тарту өз нәтижесін бере бастады. 2015 жылдың өзінде ғана Қазақстандағы түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың саны 6,5 мың адамға азайды. Бүгінде еліміз бойынша түзеу мекемелерінде 37 мыңға жуық бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер жазаларын өтеуде. Еркіндікке шыққан сотталғандардың алдынан шығатын бірінші проблема –қоғамға бейімделу. Ал, жұмысқа орналаспай бұл проблеманы шешу мүмкін емес, – деді Б.Жүйріктаев. – Өкінішке орай сотталғандарды жұмысқа орналастыру бүгінгі таңда шешілуі қиын мәселе болып отыр. Пробация қызметі қазір сотталғандарға тікелей әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетумен айналысады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарға медициналық көмек көрсетуді, тіркеуге алуды, құжаттарын реттеуді ұйымдастырумен шұғылданатын пробация қызметкерлері ең алдымен жұмыспен қамту мақсатында еңбек биржаларымен жұмыс істейді. Сонымен қатар түзеу мекемелерінде кәсіпорындар ашу – сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз етудің тиімді көзі болып табылады. Түрмелерде кәсіпорын ашуға ниетті кәсіпкерлер аз. Әрине сотталғандармен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы да болатыны анық. Кәсіп ашамын дегендерге берілетін жеңілдіктер де бар. Атап айтқанда оларға жұмыс істейтін ғимараттар мен қоймалар тегін беріледі». Түзеу мекемелерінде кәсіпорындар ашуды жеделдету туралы өз ұсыныстарын айтқан Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметіне жетекшілік ету жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Н. Ибрагимова пробация қызметінің есебінде тұрғандарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуде туындап отырған бірқатар қиындықтарға байланысты тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу қажеттілігі жайлы ұсыныстарын да жеткізді. Ең бірінші кезекте сотталғандарды жұмысқа орналастыруға жергілікті атқару органдарының өкілдері белсене ат салысуы керек. Олар сотталғандарды жұмысқа алуы тиіс шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпорындардың тізімін жасауы керек. Сондай-ақ, пробация есебінде тұрғандарды жұмысқа алу жайлы насихат жүргізуге еріктілерді де тарту қажет. Жазасын өтеп шыққан сотталғандар қоғамға бейімделіп кеткенше әлеуметтік органдар ақшалай немесе азық-түлік түрінде жәрдемақы беру мәселесін қарастырса олардың қайталап қылмыс жасау фактілері азаяр еді. Сондай-ақ, сотталғандарды жұмысқа алу квотасын бөлу жұмысы да маңызды. Бұрындары квота көрсеткіші 3 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 4 пайызға дейін өскенімен, әдетте сотталғандарға жұмыс берушілер алып шахарда күн көруге жетпейтін ең төменгі жалақы төленетін жұмыстарды ұсынады. Үстіміздегі жылдың төрт айындағы есеп бойынша Алматы қаласы бойынша пробация қызметінің есебінде 2351 сотталған тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 296 адамға көп екен. Алматы қаласы ҚАЖД сотталғандарды еңбекке орналастыру бөлімінің маманы Ғ.Оспанов Алматы қаласындағы балалар колониясында жазасын өтеп жатқандарды еңбекке тартудың ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Тәрбие бөлімінің аға маманы М.Тәтімова сотталғандарды тәрбиелеу бөлімінің жұмысы жайлы ақпарат берді. Бүгінде Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде 2 түзеу мекемесі мен 2 тергеу изоляторы болса, онда 469 сотталған мен 1074 күдікті ұстауда отыр. Бас бостандығынан айырылған адаммен бірінші күннен бастап жұмыс істейтін тәрбие саласының мамандары үкіметтік емес ұйымдармен, арнайы қорлармен және діни орындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сотталғандардың мерзімінен бұрын шартты жазаға босатылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда едеуір кеміген. «Оның себебі соттар қазір жазаның ең жеңіл түрлерін көздейтін баптарды жиі қолдана бастады. Сонымен қатар түрме тұрғындарының санын азайтуға бағытталған айыппұл түріндегі жазаларды қолдану да артып келеді», – деді М.Тәтімова. Форум жұмысына қатысқан «Жеті ағаш» қоғамдық қорының төрағасы Ә.Жұмабаева мен «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының төрағасы М.Гурина, «Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау» халықаралық бюросының заңгері А.Смирнова форум барысында Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі М.Тұяқбаевпен сотталғандардың құқығын қорғау, оларды қоғамға бейімдеу жайлы пікір алысты.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*