Мұрағаттық істер көрмесі өтті

DSC_4235)Кеше Ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағаты Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатымен бірлесе отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Мұрағаттық істер көрмесін өткізді. Көрмеге Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуов, Грекияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эфтимиос Пандзопулос, қуғын-сүргін жылдары істі болып кеткен азаматтардың ұрпақтары, сол кезеңдердегі репатрианттардың ұрпақтары қатысты.
ІІМ көрмесіне келушілердің назарына қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты бірқатар қылмыстық іс ұсынылды. Бұл істердің дені қуғынға ұшырап, өздері қатаң жазаға тартылса да кейіннен тыныш заман туған шақта ақталған азаматтар туралы. Көрме төрінде солардың тізімін бастап шоқтығы биік қазақ зиялылары – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров сынды қайраткерлердің қылмыстық істері тұр. Мұнда келгендер сонау нәубет жылдары «тар жол, тайғақ кешуде» толтырылған құжаттарды, сол заманның тілсіз куәгерлерін өз көздерімен көрді. Сондықтан да көрменің басты мақсаты – қуғын-сүргін құрбандарын қастерлей отырып, жас ұрпақ санасында тарих құнарын байыта түсу болып табылады.
Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық мұрағат директоры Марат Әбсеметов шараның маңыздылығын ерекше атап өтіп, оны ұйымдастыруға мұрындық болып отырған Ішкі істер министрлігінің Ақпараттық-аналитикалық орталығы мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне зор алғысын білдірді. Ал өз кезегінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Ғанұлы: «Ішкі істер органдары 2014 жылы Ұлттық қауіпсіздік құрылымдарынан сот бойынша ақталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істерді, Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен КСРО азаматтары туралы Германиядан келген трофейлік іріктелген материалдарды қабылдап алған болатын. Осы материалдарды сараптап, соның негізінде министрлік сайты ішінен «Мемориал» сервисі іске қосылды, енді сол жұмыстарды жалғастырып бүгінгі көрмені ұйымдастырып отырмыз. Ақталған азаматтар не олардың өкілдері, олар қайтыс болған жағдайда, олардың туыстары процессуалдық емес сипаттағы қысқартылған қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы, сондай-ақ, істегі қолжазбалар, фотосуреттер мен басқа да жеке құжаттарды алуға құқылы. Хабарласқан жағдайда оларға ІІМ-нің мұрағаты белгілеген заңнама тәртібімен анықтамалар, құжаттың көшірмелері мен үзінділер беріледі», – деп атап өтті. 2016 жылдың 4 айы ішінде ІІМ-ге азаматтардан, зерттеушілерден, қоғамдық мекемелерден, мұражайлардан және мемлекеттік органдардан 388 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, 259-ы Қазақстан бойынша, 129-ы ТМД елдерінен түскен. «Мемориал» сервисінің базасына Кеңес үкіметі кезінде конттреволюциялық, мемлекеттік қылмыстары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған, сотталған, кейін сот органдарымен ақталған адамдардың қылмыстық істеріне қатысты ақпараттар енгізілген. Бүгінгі күні сервис базасына республика бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 109 мыңнан астам адам туралы мәлімет енгізілген. Оның 555-і арнайы өтініш бойынша сервиске орналастырып отыр. Ұлттық мұрағат қызметкерлерінің айтуынша, жалпы біздің республикамызда 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы ату жазасына кесілген. Олардың дені ішінде белгілі қайраткерлеріміз бар қазақ зиялылары. Одан бөлек, елімізге осы жылдары сан мыңдаған ұлт өкілдері депортацияланған. Соның ішінде, 800 мың неміс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтары (шешен, ингуш, балқар, лезгин және т.б.), 102 мың поляк, 43 мың грек, қырым татарлары, 19 мың корей отбасылары жер ауып келген. Көрмеде олар туралы да бөлімде бірқатар құжаттар қамтылған. Депортацияланған понтиялық гректердің, литвалықтардың, латыштардың, ирандықтардың, қытайлықтардың жеке құжаттары, француз, испан, жапон, австрия, венгр әскери тұтқындарының құжаттары, ақтар қозғалысының басшылары мен қатысушыларының мұрағаттық құжаттары, сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған христиан митрополиттері, епископтары және дін қызметшілерінің тергеу құжаттары аса қызығушылық тудырары сөзсіз. Өз кезегінде Грекияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эфтимиос Пандзопулос: «Депортация жылдары Кеңес елдері келген переселендерге азаматтық беруден бас тартты. Тек Қазақстан ғана оларды қамқорлығына алып, азаматтық беріп, құтқарып қалды. Сол себепті де сонау Афина түбегінен келген гректердің сіздің елге деген алғысы шексіз. Осы саясаттың салқыны – осы көрмеден азаматтығы жоқ тұлғалар туралы, тұрғылықты тұру орыны туралы құжаттарды көруге болады», – деп ыстық ықыласын білдірді. Ұсынылған бірегей мұрағат құжаттарынан сталиндік зұлмат саясаты тәлкекке ұшыратқан адам тағдырының жантүршігерлік оқиғалар ауқымын көруге болды. Көрмені осы Ұлттық мұрағаттың бір бөлімі етіп сақталып қалу жоспарлануда.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*