Иман және инспектор

СабырбектенАдамның бойына имандылық туабітті ұялайды. Есейе келе ол мейлі қандай мамандық иесі болсын, сол иманды өміріне серік етеді. Әдетте, үстіне форма, басына қоқырайтып шәпке киген адамдарға «олар заңның адамы ғой» деп басқаша қарайтын әдет әлі қалмай келеді. Ал, олардың арасында жетім көрсе жұбатып, қажыған қарт көрсе қолтығынан демеп жүретін жандар жеткілікті. Тек соларды жүрек көзімен көре білуіміз керек.
…Құмкент ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мұхамедияр Әбдіқайымов елді мекендерді жиі аралайды, тұрғындардың тұрмысымен танысады. Ауыл ақсақалдарымен әңгімелеседі. Бұл оның күнделікті жұмыс ырғағына айналған. Содан да учаскелік инспекторды жергілікті тұрғындар түгел таниды. Ол көше бойлап келе жатса ықыласпен амандасады. Тәртіп сақшысының тиянақты тірліктеріне тұрғындар қашанда тәнті. Бірде инспектор аулада мұңайып отырған балақайды байқап қалды. Ол неге мұңаяды? Сөйтсе, балақай іштен кемтар болып туылыпты. Жүре алмайды. Бірақ, санасы сергек, оқуға деген талпынысы басым. Бала аулаға кірген полицейге таңдана қарады.
– Балақай, атың кім?
– Мұратәлі.
– Кімге өкпелеп отырсың?
– Ешкімге.
– Ендеше, неге мұңаясың? Әлде сені біреу ренжітті ме?
– Жоқ, – деді Мұратәлі төмен қарап.
Осы кезде аулаға Мұратәлінің әжесі шығып қалды. Ол Мұхамедиярды танушы еді.
– Немерем ғой, жасы жетіден асты. Жүре алмайтындықтан мектепке бере алмадық, – деді әжесі Есенкүл.
Инспектор Мұратәлімен сөйлесе келе оның оқығысы келетінін білді. Былай шыға «баланы немен қуантсам екен?» деп ойлап бара жатты.
Мұратәлі Тұрғанбековке арнайы мұғалім бекітіліпті. Ол үйге келіп тұрады екен. Дегенмен, бірінші сынып оқушысына керек құрал-жабдықтары жоқ Мұратәліні оқыту да оңайға соқпапты. Шымкентке қызмет бабымен бір келгенінде Мұхамедияр балаға арнап парта сатып алды. Бірақ, бір ғана партамен ойдағыдай білім алуға бола ма? Мұсылмандықта «қайыр қылсаң бүтін қыл» деген бар. М.Әбдіқайымов Шымкентке тағы тартып кетті. Бұл жолы ол Мұратәліге арнап компьютер, оқулықтар, дәптер, қалам алды.
Үйінде сыныптағыдай болмаса да соған жақындау жағдай жасалына қалғанына қарап қуанған Мұратәлі:
– Мен енді оқушымын. Барлық сабақты жақсы оқимын, – деп қолын шапақтап шаттанды.
Мұны көрген апасы мен әжесі көздеріне жас алды. Дүниеде баланың қуанышы мен күлкісінен асқан бақыт бар ма? Созақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жүсіпхан Әлімбеков учаскелік полиция инспекторы Мұхамедияр Әбдіқайымовтың жұмысына тиянақты қарайтынын, бақылауындағы учаскеде қылмыстың алдын алуда үнемі қырағылық танытып отыратынын мақтанышпен айтып берді. Учаскелік полиция инспекторы өзін үлкен бір қайырымдылық жасадым деп санамайды.
– Мұратәліні көргенде жүрегім шаншып кетті. Менің орнымда болғанда мұны әркім-ақ жасайтын еді, – дейді Мұхамедиярдың өзі.
«Жүрегінде иманы бар адам» дейді халық үнемі айналасына қамқорлық жасап, жан шуағын шашып жүретін адамдарды бағалағанда.
Айналамызда осындай мейірімді адамдар көп болса ғой, шіркін.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*