Зерделі ұл, зымиян заң, зұлмат заман

Кугын сургин-2Тарихтағы аса бір халқымызға жайсыз да, рахымсыз кезең – өткен ғасырдың отызыншы жылдары. Оның ішінде 37-жылдардағы сталиндік репрессияның салмағы мен салдары орасан.
Осы бір зұлмат заманның сұмдығын кино, газет-журналдардан ғана емес, тікелей ҰҚК (КГБ)-нің архивтеріндегі қылмыстық істерді оқып-білу арқылы танысқан едім. Небір жантүршігерлік, адам нанғысыз құжаттар үлгісін көрдім. Заңдылықтың, тергеудің не екенінен аздаған хабары бар мен, ондағы адам тағдырын оп-оңай шеше берген құжаттарды көріп бас шайқаудан басқа лаж таппаған едім. Ойпырм-ау, Жапонияның қайда екенін, жапондардың кім екенін, бар-жоғын білмейтін ауыл қазақтарына Жапонияның шпионысың деп айып тағып, мойындатып, оп-оңай тағдырына балта шаба салған сұмдықтарды оқыдым. Бір ғана, қылмыстық іспен, шағын қазақы аудан Ақтоғайдан (ол кезде Қоңырат ауданы болу керек) 65 адам халық жауы болып сотталып, он адамы бірден атылып, қалғандары дозақтың небір түрлерін көруге ұзақ жылдарға кете барған. Содан елге аман-есен келгені, мен білсем, үшеу ғана болатын. Осы жазықсыздан жазаланғандардың біреуі – менің туған нағашы атам – Әменнің Құтжаны еді. Тоқырауын өзенінің бойындағы сол кезгі «Үш Өзек» колхозының басқарма төрағасы болып тұрғанда, жаламен айдалып кетеді. Сондағы бар кінәсі: елге сыйлы, беделі бар, ақынжанды, айналасына қамқор, еті тірі болғандығы. Бірер ерекшелігі жүйрік, жорға мініп, жалпы жылқының жайын бір адамдай білгендігі екен. Айдалардың алдында, аудан орталығына НКВД-ға шақырылғаннан-ақ, одан үйге енді қайтып келмесін сезген Құтжекең, ауданға жүрерінде, әдеттегідей жорға атын мінбей, жаңа құлындаған ала биені ерттейді де, үйдегілерге құлынын алып қалыңдар дейді. Екі күннен кейін, шұрқыраған биенің дауысын естіп, үйдегілер сыртқа шықса, ала бие ер-тұрманымен, жүгенсіз, құлын қамалған қораның алдында тыпырлап тұр екен. Үйдегілер биені тыныштандырып, құлынына қосып, ер тоқымын сыпырса, оған қоса дорба байланғанын көреді. Ашса, дорбадан жаңа туған ұлына деп алып беріп жіберген жас баланың киім-кешегі, ойыншықтар, т.б. үй жабдықтары шығады. Төрт баласының кенжесі – Ғазиздің (Ақтоғай өңірінде танымал адам дәрігері болған) қырқынан жаңа шыққан кезі екен. Аудан басында бала-шағасына керегін алып, дорбаға салып, ер тоқымға байлап, НКВД-ға жеткен соң жануардың жүгенін сыпырып (оралып, бірдеңеге ілініп қалмасын десе керек) биені ауылға қарай «Шу!» деп айдап жібереді. Сонда мал жайын жақсы білетін Құтжекең биенің жас құлынына қайтсе де жететінін, өзінің қайтпайтынын елге сездірген екен. Жарықтық, сол кеткеннен оралмай, 1943 жылы Волго-Вятск қаласында (атақты Беломорканал құрылысында) орыс басбұзарларының қолынан қаза болыпты. Осыны, айдаудан аман қайтқан, үшеудің бірі – кейінде «Дала академигі» атанған, атақты шопан, 98 жыл жасаған Көпбаев Зікіриямар құмнан естіген едік. Ақтоғайдағы ағайындарды «Жапон шпиондарына» айналдырудың алдында Голощекиннің «Кіші октябрь» мақсатты науқанының басталуы тұр. Сол 1937 жылы қазақтың қаймаққа шығар асылдарын жаппай қудалау мен жазықсыз жазалау басталған еді. Арқаның асыл ұлы, ұлтжанды азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, сырбаз ақын Сәкен Сейфуллинді тұқырту жолында Қарағанды облысының сол кездегі басшылары Асылбеков, Гатаулинді қамтып, қитұрқы ойлы осы схема бойынша аудан деңгейіне түскен. Түрлі азаптау мен қинау арқылы кейбіреулеріне кінәларын мойындатқан. Сол бір жасанды қылмыстық іспен 65 адам, кілең ауданның бетке ұстар азаматтары, жартысына жуығы менің нағашы атам сияқты колхоз басқармалары болатын (ол кезде колхоздар, кейінгі ірілендіру кезеңіне жетпеген шағын шағы). Мен көріп, оқыған қылмыстық істен бөлек басқа да істер бойынша осы Ақтоғай ауданынан жалпы саны 235 адам жазықсыз жазаға тартылған екен, мұрағаттар мәліметі бойынша. Өзім қолыма алып, оқыған қылмыстық іс материалдарымен таныса отырып, тергеуге алынғандардың кейбірінің азаптауға шыдай алмай, өзі көріп-білмеген Жапонияның қалай агенті болғанын мойындап, облыстың басшыларының бірін «мені азғырып көндірді, «вербовать» етті», –деп көрсетуге мәжбүр болғаны анық байқалды. Айта кететіні, мен атап отырған қылмыстық іспен, наһаққа жазаланған 65 адам, біркелкі емес, арасында аудан көлемінде басшылықта болған бірер азамат аса сауатты, қос тілді тең меңгергендері, қайта-қайта кеңес өкіметіне берілгендігін, кінәсі жоқ екенін айтып, аппеляцияға хат жазғандары да болды. Ал көбіне еті тірлігі арқасында белгілі бір дәржедегі қызметке басшы болып көтеріле бастаған қарапайым жандар еді. Тағы бір жайт, 8 томнан тұратын қылмыстық істің бірінші жартысында сол кезгі НКВД-ның бастығы негізгі айыптаушы, жауапқа тартушы, тергеуші болып басты рөлде жүрген. Істің екінші жартысында оның аты мүлдем кездеспеді. Кейін белгілі болғандай, іс бітпей жатып, оның өзі де көрсету мен жауапқа тартылатын болып, кабинетінде табельді қаруымен өзін-өзі өлімге қиған екен. Оған таңдануға да болмас өйткені, сол НКВД-ның одақтық басшылары Ягода мен Ежов та өз қазған орларына өздері түскен жоқ па еді. Сұрқия заман, сұм тағдыр бәрін теңестіріп жіберді.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында тарихтың қаралы күндерін ұмытпауымыз керек. Наһақтан құрбан болғандардың аруақтары баршамызды қолдап, қорғап жүргей.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
отставкадағы полиция полковнигі,
ІІМ-ңің Құрметті ардагері

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*