Әке аманаты

Аке аманаты Азамат (37)Өткен ғасырдың 30-50-жылдары кеңестік тоталитаризм жасаған жаппай қуғын-сүргін қазақтың рухы мен болмысына балта шапқан, еліміздің тарихындағы ең бір ауыр да қаралы кезең болды. Қазақ халқын қынадай қырған сол бір нәубет жылдары ұлтымыздың оқыған, білімді, көзі ашық зиялы қауым өкілдерінің ғана емес, қарапайым шаруа, момын адамдардың да тағдыры тәлкекке түсті. Осы аласапыран дүрмекте теміржолшы, Астана Ірілендірілген жол дистанциясының диспетчері Азамат Маратұлы Базеновтің атасы Базен Махметовтің де репрессия тырнағына ілігіп, содан ешбір дерексіз кеткен еді.
Әкесі қуғынға түскен соң көп ұзамай «халық жауының» баласы деген атпен ұлы Марат та саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғанға дейін қаншама жыл талай қиындықты басынан кешіпті. Өзін жиі аңдуға алған ХІІК (НКВД) жандайшаптарынан аман қалу үшін ағайындарын сағалап, мал арасына, шөп арасына тығылып, туыс-туманы жағалап кеткенін өмірінің соңына дейін айтып отырушы еді. Үкімет ол кезеңдерде «халық жауының» балаларын арнайы интернатқа жинаған екен. Бір күні, «аңдыған жау алмай қоймайды» демекші, жандайшап шабармандар үстінен түскенде, Мараттың анасы Сара оларға айырмен қарсы тұрып, баласын бермей қалған екен. Сол кездегі арпалыста апасы Шәкен бетінен жарақат алыпты. Сол жарақаты үлкен тыртыққа айналып, өмірінде де, көңілінде де өшпес дақ болып қалып қойған.
Қапияда асқар таудай әкесінен айырылған жетім бала көңілі әкесін өле-өлгенше іздеп өтіпті. Былтыр дүние салған ол із-түзсіз кеткен әкесі жайында қандай да бір ақпарат табу үшін жер-көкті шарлап іздеп, ештеңе таба алмай, тауы шағылған екен. Күдерін үзбеген Марат әке іздеуді жалғастыра беруді балаларына тапсырып, тапқан жағдайда, өзі армандап кеткендей, басына белгі орнатып, құран бағыштап тұруды аманаттап кеткен екен. Сол әке аманаты биыл орындалды. Атасы Базен туралы немересі Азамат мамыр айында тың деректердің көзін тапты. Оның тұтқында болғандығы туралы іс қағаздары бар екендігі туралы ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығы Арнайы мемлекеттік мұрағатынан хабар келеді. Бір көңіл толқытарлығы, атасының тағдыры жайлы мәлімет 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында табылып отыр. Әкесінің өмір бойы қол жеткізе алмаған аманатын орындаған теміржолшы жігіт көзімен көрмесе де, қанымен, жанымен жақсы көретін асыл атасы жайлы құжаттармен оның өзімен жүздескендей сезімде, қолдары дірілдей отырып танысыпты. «Біз бұған дейін атамызды Махметов Базен деп іздеп келдік. Ал құжаттарда ол Базин деп жазылған екен. Әкемнің аманатының орындалғанына көзіме жас ала отырып қуандым. Әкемнің атамыз туралы сөз болғанда сағыныштан көзіне жас алып отыратыны есіме түсті. Бұл сағынышты көз жасының ішінде, әкем көзі тірі болғанда, балаша қуанар еді деген аңсау да бар. Ал Шәкен апамның қазір көзі тірі. Жасы сексеннен асты. Сол кісі құжаттар қолына тигенде, құшақтап тұрып жоқтау айтып жылағаны көз алдымда», – дейді Азамат Маратұлы.
Теміржолшыға берілген мұрағаттық анықтамада Шығыс Қазақстан облысы Ертіс ауданында 1905 жылы дүниеге келген Махметов Базинді айыптау туралы мұрағаттық қылмыстық іс ІІМ Арнайы мемлекеттік мұрағатында жатқандығы туралы жазылған. Сол кездегі Сталин ауданы Бестөбе кен орнында кеншілік кеңестің хатшысы, кәсіподақ мүшесі болған оның молда, байдың баласы, білімі орта екендігі, отбасылық жағдайы, яғни, әйелі Сара, 8 жасар қызы Шәкен, 2 жастағы ұлы Марат жайлы, тұтқынға алынған кезде жеке үйінің болғандығы туралы анкеталық жазбалар бар. Сондай-ақ, онда Базин Махметовке халық арасында контрреволюциялық ұлтшылдық бағытта үгіт жүргізіп, кен орнынан орыстарды қуып шығуға қазақтарды үгіттеді, мал табындарын жоюға шақырып, малды қасақана шығынға ұшыратты деп кінә артылғаны жазылыпты. Оны 1937 жылы 7 сәуірде Сталин аудандық ХІІК тұтқынға алады. Базен Махметовті тергеу хаттамасында оның әкесі екеуінің 1929 жылға дейін 2000 бас отары, жер телімі және жекеменшік екі мешіті болғандығы, сол себепті кулак ретінде қудаланып, сотталғандығы, өз ауданынан тыс Гурьевке (қазіргі Атырау облысы) жер аударылғандығы, ол жақта айдаудан қашып кеткендігі, ал 1931 жылы қарындасының тұрмысқа шыққанына қалыңмал алғаны үшін екінші рет сотталғандығы, алайда, жазасын өтеу мерзімінен бұрын қашып кеткендігі, 1936 жылы совхоз малын тонағаны үшін үшінші рет сотталғандығы көрсетілген. Тергеу сұрақтары мен жауаптардың хаттамасында Базен Махметов жоғарыдағыдай өзіне артылған кінәнің бәрінің жалған екендігін қайта-қайта айтып, мойындамайтыны жазылған. Алайда, басты мақсаты елдің сүттің бетіне шыққан қаймақтарынан қалайда құтылу болғандықтан соқыр әрі озбыр саясат Базен ата секілді көзі ашық қазақ азаматтарының шын сөзіне пысқырып та қарамады. Қанды қызыл 1937 жылдың қыркүйегінде отыз екі жастағы Базен Махметов «ең жоғарғы жазаға» кесіліп, атылған екен. Бар мал-мүлкі тәркіленген. Ал артында қалған жары мен балалары сол бір саяси қуғын-сүргін зардабын өмір бойына өздерімен бірге арқалап кетті. Атасы туралы ақпаратты, соның ішінде ату жазасына кесіліп, атылып кеткенін Ішкі істер министрлігінің мұрағатынан тапқан құжаттан біліп, жүректерін түйреп өткендей әсер алған немерелері енді оның жатқан жері мен мүмкін болса суреттерін іздестіруде. Бір хабар бойынша Қарағандыдағы конц-лагерьде (КАРЛАГ) атылған болуы мүмкін. Оны білу үшін Азамат Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) хат жазған. Содан жауап күтіп отыр. «Жоғымды іздесіп, отбасылық тарихымды түгендеуге көмегін аямаған Бас прокуратура мұрағатының қызметкері Динара Алыбаеваға, Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-аналитикалық орталығы Арнайы мемлекеттік мұрағатының аға иснпекторы Роза Әлжановаға алғысымды білдіргім келеді. Министрліктің сайтында ақпан айында «Мемориал» сервисі ашылғандығы туралы ақпаратты оқығанда оған хабарласқан алғашқылардың бірі мен болдым. Мамыр айының он екісі күні менің сұрауыма жауап келгенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Әке аманатына қол жеткізуге нәсіп еткен Жаратқанға шүкіршілік етіп, оған қатысы бар жандарға алғыс айтумен болдым. Атамды 1960 жылы Ақмола облыстық соты ақтаған екен. Ол да болса, менің атамның нақақ құрбан болғанын, жала жабылып, атылып кеткенін меңземей ме. Ендеше, тарихи әділеттілік орнады деген осы емес пе?», – дейді Азамат Базенов. Естеріңізде болса, биыл ақпан айында Ішкі істер министрлігі сайтында «Мемориал» сервисі іске қосылған болатын. Ішкі істер органдары 2014 жылы Ұлттық қауіпсіздік құрылымдарынан сот бойынша ақталған, репрессияға ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істерді, Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен КСРО азаматтары туралы Германиядан келген трофейлік іріктелген материалдарды қабылдап алған еді. Осы жинақталған материалдар бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың өмір тарихын қалпына келтіре отырып, олар туралы туған-туыстарына кеңінен мағлұмат беру «Мемориал» сервисі негізінде қарастырылған.
P.S. Бет қатталып жатқанда атасын іздеген Азаматтан қуанышты хабар келді. Атасы Базеннің суретін тапқан екен. Жәдігер сурет алыс ағайындардың отбасылық мұрағатынан табылған екен. Оны немересі көп адамның ішінен өз алдына бөлек сурет етіп шығарып, өңдеп алыпты. Осынша уақыт жоғалып кеткен суреттің дәл осы уақытта табылғанын жақсылыққа жорыдық. Тарих алдындағы парызымыз ретінде ата мен немере суретін қоса жариялап отырмыз.

Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ,
Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*