Басқы бет / «Сақшы» газеті / Тәлімгер. Тәжірибе. Талап

Тәлімгер. Тәжірибе. Талап

Қай мамандық та болмасын жастарға тәлімгер тәжірибесі қажет. Тәлімгер шәкіртіне қатаң талап қоя білгенде ғана одан мықты маман шығады. Міне, сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерді оқыту мен тәрбиелеудің дербес жоспарын әзірлеп, қамқорлыққа алынушымен жүргізілетін жұмысты жандандыру керектігін үнемі назарда ұстап келеді. Аймақтарда өткен жас қызметкерлер мен тәлімгерлер слеті осының бір айғағы.

ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкі
DSC_0401Ішкі істер органдарының қызметін оңтайлы ұйымдастыру және жас мамандарды қызметке бейімдеуде тәлімгерлердің рөлі ерекше. ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінде тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің слеті өтті. 6 маусымда Петропавл қаласында өтетін тәлімгерлер мен жас қызметкерлер республикалық слетіне Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінен баратын топты іріктеу кезеңіне 4 батальонның қызметкерлері қатысты. Слет жұмысына Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкі командирінің орынбасарлары, полиция майоры Бердах Артықов, полиция полковнигі Марат Беріков және «Нұр Отан» партиясы Алматы аудандық филиалының ақпараттық насихаттау, саяси кенесінің мүшесі, заңгер Жамаладен Ибрагимов қатысты. Шараның ашылуында сөз сөйлеген Жамаладен Ибрагимұлы Жолдау жүктеген міндеттерге жеке-жеке тоқталды. «Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көп жауапкершілік жүктелетіндіктен кәсібилігі мен біліктілігіне баса назар аударылып отыр. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында да айтқан болатын. Жыл сайынғы Жолдауда әрбір органның алдына нақты тапсырмалар жүктеледі. Ал Мемлекет басшысының Жолдауымен танысу Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы», –деді Жамаладен Ибрагимов. Жолдаудағы негізгі басымдықтарды орындау үшін бес институционалдық реформа «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары арнайы құжаты дайындалды. Жолдаудың екінші бағыты – заң үстемдігін қамтамасыз ету деп аталады. «Осы Жолдау жүктеген міндеттерді атқару мақсатында жаңа мәжіліс 400-ден артық нормативтік құқықтық акті қабылдады. Бұл заңдар 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Сонымен бірге, жыл басында Ішкі істер министрлігінің құрамдық бөлігі ретінде жергілікті билік органына қосымша бағынатын жергілікті полиция қызметі құрылды. Оның мақсаты – құқық қорғау қызметкерлерін халыққа біршама жақын ете түсу», – деген заңгер маман ішкі істер органы қызметкерлерінің қауырт жұмысы тиісті бағаланбай жүргенін де сөз етті. Айтуынша, әрдайым алдыңғы шептен табылып, кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұратын полиция қызметкерлерінің еселі еңбегін адамдардың барлығы бірдей бағалай бермейді. Қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда полиция қызметкерінің көмегіне жүгінетін тұрғындардың ішінде алғыс айтудың орнына былапыт сөздер айтатындары да жоқ емес. Содан соң, тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің баяндамалары тыңдалды. Тәлімгерлер жас қызметкерлермен жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесі тәлімгерлікке қатысты өздерінің ұсыныстарын айтты. Алғашқы болып атқарылған істер жөнінде есеп берген тәлімгер Шынар Иманбаева: «Күнделікті қызметін атқару барысында аса маңызды нысандар қылмыстық қол сұғушылықты болдырмауда, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің сауатты әрі ұстамды болғаны жөн. ҮМКжПП 1-батальонының тәлімгерлері өз қызметтерін толық атқаруда. Өз тәжірибемнен мысал келтіріп өтсем, қызмет барысында бірнеше жас қызметкерге тәлімгерлік еттім. Сонымен қатар, қазіргі уақытта маған бекітілген жас қызметкер, полиция лейтенанты Ұлан Алмағанбетовпен тәлімгерлік қызмет атқарудамын. Ол жас қызметкерге ішкі істер органдарында қорғалатын мемлекеттік маңызы бар нысандарды бақылауда басты міндеттерді меңгеруге көмектесудемін», – деді. Тәлімгердің қарауына алынған жас қызметкер Ұлан Алмағанбетов осы уақыт аралығында үйреніп білгенін айтып, қызметке бейімделуде тәлімгердің көмегі зор екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, полктің 2-батальоны Руслан Сеитовтің тәлімгері Әмірбек Құрмановтың баяндамасы көптің көңілінен шықты. Ол ішкі істер органында қызмет еткен жылдары талай жас қызметкерге тәлімгерлік етіп келген, оның тәлімін алған жас қызметкерлер бүгінде қызметтің биігінен көрініп жүр. Сондай-ақ, слет барысында полктің аға психологі Ақзада Түкебаева жас қызметкердің қызметке бейімделуі тақырыбында дәріс оқыды. Айтуынша, азаматтардың құқық қорғау органы қызметкеріне деген негативті көзқарасы, қатынасы оның физикалық және психикалық жағдайына әсер етпей қоймайды. Сондықтан кез келген жағдайда күйзеліске түспес үшін олар өз өмірлеріне иелік етуді үйренулері тиіс. «Қызметкерлердің көбісінің бір мезгіл демалуға мұршалары келмей жатады. Ал дұрыс демала білу – маңызды. Тәлімгерлерге айтарым, жас қызметкерлермен жұмыс істеу кезінде жеке басына тіл тигізуден аулақ болу керек. Өйткені, көп жағдайда қызметкер жұмыстағы көңіл-күймен үйлеріне қайтады да, іште булыққан ашуды жақындарына шығарады», – дейді психолог маман. Слет соңында қатысушылар мен басшы құрам ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейіне саяхат жасап, тарихи жәдігерлермен танысты.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет автордікі

Астана қаласы
Астана қалалық Ішкі істер департаментінде өткен жас қызметкерлер мен тәлімгерлер слетіне ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шалданбаев, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, милиция полковнигі Александр Князев, Астана қаласы Астана слет (1)бойынша жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының аға офицері Айгүл Сәменқұлова, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің бас маманы Асқар Рахматуллин және жас полиция қызметкерлері қатысты. Салтанатты шарада елордалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шалданбаев сақшылар қатарын толықтырған жас полицейлерді қызметке адал болып, тандалған мамандыққа ықыласпен қарауға үндеді. «Заманауи қоғам ырғағы азаматтардың құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған талаптарды тұрақты түрде жетілдіруді қажет етеді. Сол себепті әрбір қызметкер қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі тиіс», – деп сөзін түйіндеді. Саналы ғұмырын құқық қорғау саласымен байланыстырған ішкі істер органдарының ардагерлері жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерін жас буынмен бөлісті. Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Александр Князевтің баяндамасы жас мамандардың кәсіби қызметіне дұрыс жол сілтеуге негізделді. Оған қоса слетте жемқорлық әрекеттерге жол бермеу және қызметтің қиындығы мен талабына төтеп беруде тәртіп пен төзімділікті қалыптастыру, жас қызметкерлердің бейімделуінің психологиялық аспектілері жайында кәсіби мамандар өз баяндамаларында айтып кетті. Слеттің ресми бөлімінен соң жас сақшылар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті мұражайын аралады.

Мәдина ДҮЙСЕМБАЕВА

Оңтүстік Қазақстан облысы
ІІМ Мемлекеттік Күзет қызметі басқармасының 2014 жылғы 28 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарындағы полиция DSC_0049құрылымдары туралы» №44 бұйрығында «Тәлімгер күнделігін» жүргізудің ережесі егжей-тегжейлі нақтыланды. Ережеге сәйкес тәлімгерлер кеңесінде атқарылған жұмыс туралы тоқсан сайын есеп беру, қамқорлыққа алынушыны қызметке бейімдеу және қалыптастыру, оның тәртібі мен жүріс-тұрысын қадағалауға алу көзделген. Тәлімгер өз қамқорлығындағы қызметкердің таңдап алған мамандығын меңгеруге көмек көрсетіп, функциональдық міндеттерін түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ, өз мысалымен қызметтік міндеттер мен тапсырмаларды сапалы орындаудың практикалық тәсілдері мен әдістерін көрсетуі керек.  Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік күзет қызметі басқармасы жоғарыдағы бұйрық пен ІІМ-нің 2016 жылғы 30 сәуірдегі №460 бұйрығын басшылыққа ала отырып, ІІМ-нің идеологиялық және тәрбие жұмысын жетілдіру бойынша 2016 жылға арналған жоспары негізінде күзет полициясы қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды қызметтік міндеттерін орындауда таңдаған мамандығын меңгеруге көмек көрсету, тәлімгерлердің жас қызметкерлермен жұмысын ұйымдастыру деңгейін жоғарылату, жастарды кәсіби мамандығына ынталандыру, қызметтік бейімдеу мақсатында облыстық слет өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы МКҚБ қызметкерлері слетті таңғы сағат 08:00-де алаңда ту көтеріп, сапта жүріп ән орындаудан бастады. Слетті МКҚБ бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жармаханбет Смайлов ашты. Басқарма кадр жұмысы бөлімінің бастығы, полиция майоры Ерлан Оразалиев, аға инспектор, полиция капитаны Нұрбол Сабаев тәлімгерлік және жас қызметкерлерді жұмыс жағдайына бейімдеу барысында психологиялық көмек туралы баяндамалар жасады. №2 полиция батальонының аға сержанты Руслан Жұмашев жас маман Ұлан Тастанбековпен жүргізген тәлімгерлік жұмыстарын айтып берді. Мұнан соң тәлімгерлер өз тәжірибелерін ортаға салды. МКҚБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқап Ахметов, Ауған соғысының ардагері, полиция полковнигі Тойшыбай Хажыматов өз тәжірибелерімен бөлісті. Тәлімгерлік жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізген бір топ қызметкерге МКҚБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж.Піртаев сый-сияпаттар тапсырды. Мұнан соң слетке қатысушылар Халық Қаһарманы Ғ.Байтасов пен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Н.Шойынбаевтың бұрыштарына гүл шоқтарын қойып, олардың ерлік істерін еске алды. Шымкент қаласы Абай саябағына орналасқан «Даңқ» мемориалына барып, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сол жерден шығып Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД ерлік мұражайын тамашалады.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Жамбыл облысы
Өткен жылы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Тараз қалалық №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне енгізілген жаңа штатқа байланысты қатардағы, кіші және басшы құрамның вакантты лауазымдарына 3 байқау жарияланған болатын. Байқау қорытындысы бойынша 150 жас қызметкер іріктеліп алынды. Бұған дейін Өрт сөндіру мекемесінде мұншама қызметкерді іріктеп алу жағдайы болмаған. Бұл дегеніңіз азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің штаттық санының 20 пайызын жаңадан қызметке орналасқан қызметкерлер құрайтындығын көрсетеді деген сөз. Қызметкерлердің аталған дәрежесі бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік, тәртіптік және әскери заң бұзушылықтарға жол бермеу, заңдылықтарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің неғұрлым кәсіби дайындық дәрежесі жоғары қызметкерлерінен тұратын тәлімгерлер қауымы жас буын өкілдеріне үнемі тәлім-тәрбие беруге үлкен үлес қосып келеді. Осыған орай жақында қызметке жаңа қадам басқан жас қызметкерлерді кәсіби білімдерін арттыру, тәлімгерлік рөлін көтеру мақсатында азаматтық қорғаныс саласының жас қызметкерлерімен және олардың тәлімгерлерімен өңірлік слет өткізілді. Шарада алғаш болып сөз алған Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамов бүгінгі қатысушы қонақтарға өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, азаматтық қорғау саласының құрметті ардагері Юсуп Бешли-оглы да көпшілік ортасынан табылғанын атап өткен жөн. Олар өрт сөндіру саласының қиын да күрделі мамандықтардың бірі екендіктерін тілге тиек етіп, жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерге қызметте табыстар тіледі. Сонымен қатар, слетке Жамбыл облысы ТЖД, Өрт сөндіру қызметінің, қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы мен Кәсіби даярлық мектебінің тыңдаушылары қатысты. Шара кезінде сөз алған департаменттің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Евгений Мершиев ағалық ақыл-кеңесін айтса, басқарманың бас маманы, лейтенант Асқар Абдуалиев тәлімгеріне берген тәлім-тәрбиесі үшін алғысын білдірді. Байзақ аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау майоры Гүлнәр Жамантаева мен оның шәкірттерінің бірі – азаматтық қорғау лейтенанты Ильяс Рысалдиев те қоян-қолтық бірлесе жұмыс атқарып жатқандықтарын мақтанышпен жеткізді. Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев болса қадір тұтатын тәлімгерлерінің бірі Юсуп Бешли-оглы екендігін ерекше атап өтті. Шараға қатысушылар сыр-сымбаты жарасқан нәзік жанды қызметкерлердің де жылы лебіздерін ерекше ықыласпен қабылдады. Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің диспетчері Жұмагүл Утеулиева диспетчерлердің шұғыл әрі жауапты да күрделі жұмысынан сыр шертіп, әріптестерінің ерлік істерін тасада қалдырмай сөз етіп, тіпті олар өртке шыққан уақытта уайым шегетінін де жасырмады. 2015, 2016 жылдары Жамбыл облысының жас қызмектерлерінен, атап айтқанда, қыздар құрама командасы спорттық додада топ жарып, әйелдер құрама командаларының қатысуымен Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының XXIV Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша чемпионатында жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлағаны белгілі. Сол уақытта командаға жетекшілік еткен азаматтық қорғау лейтенанты Ескендір Әйділда азаматтық қорғау сержанты Нұрсұлтан Сейткалиев жөнінде де ерекше тоқталып, оның чемпионатта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін тілге тиек етті. Шараға қатысушы барша тәлімгер мен жас қызметкерлер алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.

Мадина ГАРИФОВА

Батыс Қазақстан облысы
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ашылған «Достық үйінде» Батыс Қазақстан облысы ішкі істер органдарының жас маман мен олардың тәлімгерлерінің облыстық слеті өтті. Облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б.Утеулин құттықтау сөзімен ашқан шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, ІІД бөлініс басшылары, тәлімгерлер мен жас қызметкерлер, сондай-ақ, БАҚ жас мамандар слеті БҚО 1өкілдері қатысты. Өңірлік ІІО және ҰҰ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Адаев, облыстық ІІД қала және аудандық бөлініс басшылары жас қызметкерлерді тәрбиелеуде тәлімгерлердің ерекше рөлі жөнінде түрлі баяндамалар оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Шара кезінде еңбек тәжірибесі мол, кәсіби шеберлігі шындалған қызметкерлер, атап айтар болсақ, Орал қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мектеп инспекторы, полиция майоры Ақжарқын Жандауова, облыстық ІІД Ақжайық аудандық ІІБ учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Батыр Өтешқалиев секілді полиция қызметкерлері ІІД басшылығы тарапынан марапатталды. Сондай-ақ, қиын кезеңде қарапайым азаматтарға қол ұшын беріп, көмекке келіп, ерлігімен көзге түсіп «Қазіргі заман қаһарманы» атағына ие болған Сырым аудандық ІІБ учаскелік полиция инспекторы Едірес Зейнуллин, Орал қалалық ІІБ Жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Мұхит Абулхаиров және ІІД Тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі Ғабит Нұғманов секілді тәртіп сақшыларын жас мамандарға үлгі етті. Кейін қылмыс ашу кезінде жіті қимыл мен қырағылықтары, адам құтқару жолындағы көзсіз ерліктері баяндалған деректі фильм көрсетілді. Батыс Қазақстан облысы ішкі істер органдарының жас қызметкерлеріне облыстық слетке қатысушылардың Үндеуі оқылып, ішкі істер органдарының әрбір қызметкерін тәртіп пен заңдылықты қалтқысыз сақтаудың өнегесін көрсетуге, жоғары адамгершіліктің үлгісі болуға шақырды. Шараның екінші кезеңі түскі астан кейін жас мамандар мен тәлімгерлердің Батыс Қазақстан облыстық ІІД құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында орналасқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Батыс Қазақстан облысы қызметкерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешенін тамашалау, гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Қаз-қатар тізілген жас мамандар мемориалдық кешен алдында сап түзеп, ерлікпен қаза тапқан қызметкерлер алдында тағзым етті. Слет соңы тәлімгерлер мен жас мамандар қаламыздағы Қазақ драма театрының әртістері дайындаған «Жәннат» қойылымын тамашалап, естелік фотосуретке түсумен аяқталды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген ұлағатты сөзді атам қазақ ерте заманнан бастап ұрпағына өсиет етіп қалдырған. Сөз қадірін білетін өнегелі әрі салиқалы адам бұл сөзді алтынға сатпасы анық. Ішкі істер органдарының қатарына қосылып, қызметке қабылданған сәттен бастап, яғни, полицияның табалдырығын аттаған уақыттан бастап оларды тәрбиелеу ісіне де баса назар аударған абзал. Жас мамандармен жүктелген міндетті абыроймен атқару, азаматтармен ілтипатты қарым-қатынас жасау, өзінің жұмысын сыйлау, елін, Отанын қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін, тыныштығын сақтау және полицияның атына кір келтірмеу бойынша түсіндірме жұмысын жиі өткізу қажет.

Асылай ҒҰБАШЕВА

Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД
Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД қарасты мекемелердегі жас мамандар слеті өтті. Қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселенің бірі – БКО ДУИСбәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай кәсіби мамандар дайындау. Бүгінгі күні еліміздің ішкі істер органдарының жоғарғы оқу орындарының алдында әлемдік өркениетке ұмтылып, білімді, білікті, антына адал, саналы азаматтар тәрбиелеу міндеті тұр. Облыс бойынша ҚАЖД қарасты РУ-170/1, РУ-170/2, РУ 170/3 мекемелері мен пробация қызметінің жас мамандары мен олардың тәлімгерлері арасында слет шеңберінде өзара сайыс өтті. Сайысқа Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ардагерлері төрелік етті. Сайыс 5 кезеңнен тұрды: қызметтегі ҚР заңнамалары, логикалық және еліміздің тарихы туралы сұрақтарға жауап беру; жас мамандар өздерінің тәлімгері, тәлімгерлер өздерінің жас мамандары туралы анкеталық сұрақтарға жауап беру; тапсырма есептерге жылдам жауап беру; қызмет барысындағы ситуациялық сұрақтарға жауап беру мен қызметтік жағдайлардағы әрекеті туралы; сондай-ақ, спорттық сайыстар.
Жарыс соңында 6 үміткер арасынан өздерінің білімдерімен, кәсібиліктерімен және ширақтығымен Орал қалалық пробация қызметінің жас маманы – ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының 2015 жылғы түлегі, әділет лейтенанты Е.Щукина мен оның тәлімгері, әділет капитаны К.Жұмашев сайыстың жеңімпаздары атанды.

Ләйлә АХМЕТҚАЛИЕВА

Қызылорда облысы
Қызылордада ұйымдастырылған ішкі істер органдарының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері және ата-аналарына арналған слетке ішкі істер органына жақында қабылданған 80 жас қызметкер, олардың тәлімгерлері және жас қызметкерлердің ата-аналары қатысты.Слет пресс-релиз Кызылорда4 Сондай-ақ, шараға облысымыздағы барлық аудандық ішкі істер бөлімдері, қалалық ІІБ қызметкерлері атсалысты. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл шараның мақсаты – ішкі істер органдарына енді ғана қабылданған жас қызметкерлерін, департаменттің жеке құрамын отансүйгіштікке, патриоттық өнегеге тәрбиелеу. Шара кезінде слетке қатысушыларға облыстық ІІД-нің арнайы техникалары таныстырылып, оларды қолдану тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің ұрыс кезіндегі әдіс-тәсілдері көрсетілді. Одан соң жас қызметкерлердің арасында гір тасын көтеруден және қол күресінен сайыс өтіп, сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Слет одан әрі концертік бағдарламаға ұласып, бағдарлама барысында қызметінде ерекше көзге түскен жас қызметкерлер, олардың ата-аналары мен тәлімгерлері сөз сөйлеп, департамент басшылығына алғыстарын жеткізді. Мерекелік шара соңында слетке қатысушыларға департаменттің Жедел жоспарлау орталығының жұмысы, мұражай таныстырылып, қызмет бабында қаза болған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен іс-шара қорытындыланды.

Солтүстік Қазақстан облысы
СКО слетПетропавл қаласындағы Қуыршақ театрында Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жас қызметкерлері мен тәлімгерлердің слеті сән-салтанатпен атап өтілді. Мақсат –жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуында және азаматтық қорғау органдарының имиджін арттыру, қызметкерлердің кәсібилігін көтеру, отансүйгіштік пен таңдаған мамандық үшін жауапкершілік сезімін қалыптастырудағы тәлімгерліктің рөлін арттыру. Ағымдағы жылдың басынан бастап өрт сөндіру қызметтерінің гарнизоны 59 жас қызметкермен толықты. Жаңа ғана ЖОО бітірген немесе әскердегі қызметін тәмамдаған жас жігіттер Отанына ант беріп, өз халқына адал еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді. Жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлері слетін салтанатты түрде СҚО Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Біржан Кәрімов ашты. Бірінші басшы өз сөзінде ІІМ ТЖК азаматтық қорғау қызметтерінің жаңадан қабылданған қызметкерлерінің үздік қасиеттерін қалыптастыруда, жас өрт сөндірушілерге кәсіби шеберлікті табыстау ісінде тәлімгерліктің ролін жоғары бағалады. Ол күнделікті қызметте өз Отанына қызмет етуге ықыласы жоғары және аса маңызды өзіндік тәртіпті қажет ететін, ұжымда жас қызметкерлердің бейімделу процесін жылдамдатуға бағытталған жұмыстар атқарылатынын айтты. Біржан Телманұлы азаматтық қорғау органдарына келген жас ұрпақ гарнизонның кәсіби салтын жалғастыруға және қызметтегі сынаққа абыроймен төзуге тұрарлық екендігіне сенім білдірді.
Іс-шараға жүзден аса адам қатысты, олардың арасында тек жас қызметкерлер мен басшылық ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ үшін ұстаз болатын құрметті еңбек ардагерлері да болды. Өрт сөндіру қызметтерінің бір де бір іс-шарасы ардагерлер ұйымдары мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді. 30 жылдан артық тәжірибесі бар, ұзақ уақыт бойы облыстың суда құтқару қызметіне басшылық еткен Олег Шагимарданов нағыз құтқарушы жақсы қасиеттерге ие болуы керек деп есептейді. Ал өртке қарсы қызметтің тағы бір ардагері Нұртас Шайкин «Төтенше жағдайдан құтқарылған адамның жылыұшырай қараған көзінен басқа еш марапат жоқ» деп санайды. Жас қызметкер Арслан Жетпісовтің бұл қызметте жұмыс істегеніне бір-ақ жыл болды, алайда, біраз нәтиже көрсеткен. Жас маман әскерде қалай қызмет етіп, қызметін өрт сөндіру бөлімінде жалғастырғанын жымия еске түсіріп, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы қауіпті болғанымен, өте игілікті деп санайды. Арслан өзінің кәсіби таңдауына өкінбей, қайта өз өмірін бұл іске арнауға дайын. Слеттің қорытындысында баяндаушылардың бәрі жас өрт сөндірушілерге қызметте сәттілік және кәсіби өсуін тіледі. Сонымен қатар осы мамандық жайында бейнеролик көрсетілді. Слеттің жас қатысушылары үшін экскурсия ұйымдастырылды. Оның барысында әр біреуі облысымыздың өртке қарсы қызметтерінің тарихымен танысты. Жас мамандарды патриоттық рухта тәрбиелеуде қызметтік міндеттерін орындауда қаза болған қызметкерлерді еске алу маңызды. №3 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінде орналасқан мұражайда «Алматылық батырлар» мен «Чернобльдың батыр өрт сөндірушілері», сонымен қатар таяуда ғана олардың қатарына қосылған, қызметтік борышын орындауда қаза болған аға сержан Алтынбек Абдрахмановқа арналған естелік бұрыш бар. Жеке фотосуреттер мен газеттегі мақалалар, соңғы қызметтік киімі мен балқыған дулыға, ұқыпты жинақталған жәдігерлер – жауынгерлік тапсырмасынан оралмаған, екі баласы бар 27 жасар әке туралы сыр шертеді. №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Данияр Әлімкин жас қызметкерлерге әріптестерінің қайғылы қаза болу тарихын айтып, өз баяндамасын өрт күзетінің қалыптасу тарихымен толықтырды. Экскурсияның келесі кезеңінде шақырылғандар Абылайхан мұражайында болса, ал слет соңында жас қызметкерлердің спорттық командалары арасында шағын футболдан жарыс өткізілді.

Валерия СҰЛТАНОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Шен сыйлаған шара

Тарихи маңызы бар мереке күні Жамбыл облыстық ІІД-де салтанатты жиналыс өтіп, оған ІІД басшылығы мен …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған