Айыппұл өндірудің азабы аз емес

по взыскаемости интервьюҚазіргі кезде өзекті тақырыпқа айналған мәселелердің бірі – әкімшілік айыппұлдарды өндіру. Қарағанды қалалық ІІБ Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік тәжірибе тобының инспекторлары бұл бағытта үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Қоғамдық тәртіпке бағынбайтын жандармен жұмыс жасау қаншалықты қиын болса, олардан айыппұл өндіру үрдісі де оңай іс емес. Қажырлы еңбек пен төзімділікті қажет ететін іспен айналысып отырған Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік тәжірибе тобының инспекторы, полиция капитаны Самал АКЫБАЕВАҒА бірер сұрақ қоюдың сәті түскен еді.

– Самал Советбекқызы, айыппұлдарды өндіру жұмысы қазір қандай дәрежеде жүргізіліп келеді?
– Айыппұлдарды өндіру жұмысын барынша нәтижелі орындау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан қойылған міндетке сай тыңғылықты жұмыс істеу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Бүгінгі таңда Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің секторында 2927 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның 1486-сы ескертіліп, 821-іне ішкі істер органдары арқылы айыппұл салынды. Өндірілген айыппұл көлемі 31,9 пайызға жетті. Бұл сандар облыстық көрсеткіштен 1,1 пайызға жоғары.
– Қандай құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салынатынына егжей-тегжейлі тоқталып өтсеңіз.
– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта түзетіліп, өзгерістер енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, қорғау нұсқамасын бұзу, белгіленбеген орындарда сауда жасау, Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін жеткізу жөніндегі талаптарын бұзу, 18 жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын сату және олардың сатуы, ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы, кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық, жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру сияқты толып жатқан құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салынады. Осындай құқық бұзушылықтар ішінде ең көп айыппұл салынатыны 505-бап бойынша қалалар мен елді мекендердің аумақтарын аббаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру болып табылады. Бүгінгі күні осы бап бойынша 1192 хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жыл басынан бастап өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, қолданысқа енгізілді. Бұл өзгешеліктердің бұрынғы кодекстен айырмашылығы қандай?
– Айырмашылығы әрине, бар. Бір жағынан халыққа тиімді жағынан өзгерсе, екінші жағынан салынатын айыппұл мөлшерлері әлдеқайда жоғарылағанын байқаймыз. Мәселен, «алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келуге» қатысты 440-бабы бойынша бұрын 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, қазір 5 айлық есептік көрсеткіш, ол дегеніңіз 10605 теңге. Сөйтіп, барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұл көлемінің 2-2,5 есе өскенін байқалады. Ал бір жағынан тиімділігі егер 7 күн ішінде айыппұл төленетін болса, ол салынған соманың жартысын, яғни 50 пайыз ғана төлейтін болады. Бұл дегеніміз айыппұлды аз уақыттың ішінде төлеу құқық бұзушының мүддесінде.
– Айыппұл төлемеген тұлғаларға қатысты қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Бүгінгі күні 2483 845 теңге көлемінде 369 айыппұл өндіріліп отыр. Әлі де болса айыппұлдан жалтарып отырған тұлғалар жетерлік. Бұлармен жедел алдын алу шаралары кезінде жұмыс орындарына хаттар жіберіледі. Халықпен кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Айыппұл салынған уақыттан бастап 10 күннің ішінде қаулы шығарылады, мәжбүрлеп орындауға 30 күндік уақыт беріледі. Тіпті, заңға көнбей жатқан тұлғалардың ісі жеке сот орындаушыларына беріледі. Сөйтіп, барынша өндіріп алу жұмыстары жасалады. Қазіргі заманда ақшасы асып-тасып жатқан адам жоқ деп ойлаймын. Сондықтан айыппұл төлеп қалтадан қағылғанша, айыппұл төлемеудің жолын іздеген абзал.
Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан И.ЫСҚАҚОВА, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*