ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ: Жаңа құрылым уақыт көшінен қалмауы керек

совещание3Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелерінің талқысына бұл жолы жергілікті полиция қызметінің есебі ұсынылды. Құрылымның өңірлік басшысы Балтабек Аблаев жыл басынан бергі атқарылған шаруаларды екшеп, алдағы міндеттермен бөлісті.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспарына сәйкес, Қазақстанда жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Осыған байланысты облыста жергілікті полиция құру ішкі істер органдарын оңтайландыру жолымен жүзеге асып, оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және арнайы қабылдау бөлімшелері бекітілді. Оларға өңірдегі қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық қылмысқа қарсы күресу міндеттері жүктелген. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметіне шағымдарды қарау бойынша қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейту шаралары да көзделген. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық кеңестер полиция жұмысының ашықтығын қамтып, азаматтардың сенімін арттыруға ықпал ететін болады.
Балтабек Сейілбекұлының айтуынша, жаңа құрылымға енген 2827 маман түгелдей қайта тағайындаудан өткен. Бұлардың әрқайсысының атқаратын қызметтеріне қарай функционалды міндеттері айқындалған. «Шынын айту керек, жылдың алғашқы айларында жаңа қызметті құру, мамандарды іріктеу, материалдық-техникалық жағынан жабдықтау секілді ұйымдастыру шаралары нақты жұмыс нәтижелеріне өзінің кері әсерін тигізді. Осы екі айда бірқатар басты бағыттар бойынша көрсеткіштер төмендеді. Атап айтар болсам, қоғамдық орындар мен көшелерде орын алған қылмыстар, бұрын сотты болғандар мен мас күйінде құқық бұзғандардың саны өсті. Жол-көлік оқиғаларының саны артып, тұрмыстық қатынастағы қылмыстар шиеленісті сипат алды. Бір-бір жарым ай толыққанды жұмыс істей алмаған жергілікті полиция қызметі қалыптасқан ахуалды тұрақтандыруға тек ақпан айының орта шенінде ғана кірісті», – деген Балтабек Аблаев кеңес мүшелеріне соңғы екі айдағы көрсеткіштерді таныстырды. Сонымен, екі айдағы көрсеткіш қандай? Көңіл толтыра ма? Жергілікті полиция басшысының мәлімдеуінше, облыстағы қылмыс саны 4 айда 13,5 пайызға артқан. Өткен жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 12 мың 407 болса, биыл 14 мың 084-ке көбейген. Айыптау орындығына таңылғандардың саны 3258-ді құраса, солардың 3081-і жұмыссыздар қатарында. Осыдан-ақ қылмыстың шығу төркіні жұмыссыздыққа барып тірелетінін аңғару қиын емес. Ал, 1516-сы 18-30 жас аралығындағы жастар болса, 1322-і 30-50 жас аралығындағы апталдай азаматтар екен. Бір өкініштісі, қылмыс жасап құрыққа түскендердің 448-і нәзікжанды. Енді осы орын алған қылмыстарды саралап көрейік. Бәрінен бұрын қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда едәуір өсе түскен. Былтыр 1690 қылмыс тіркелсе, екі айда бұл көрсеткіш 1990-ға артқан. Бұл өсімді тежеу үшін қоғамдық орында тіркелген қылмыстың жасалған жеріне, уақыты мен түріне қарай зерделеу жүргізіліп, жол-патрульдік полицияның маршрутына өзгертулер енгізіліпті. Яғни, экипаждың өз бетінше емес, бекітілген маршрут бойынша жұмыс істеуіне қатаң бақылау орнатылған. Нәтижесінде, ашылған қылмыстар 125 пайызға артып, «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша анықталған құқық бұзушылықтар 94,3 пайызға көбейген. Ал, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны алғашқы екі айда 41-ден 52-ге өссе, төрт айда бұл көрсеткіш139-дан 97-ге азайған. Сонымен қатар, мас халде және отбасы-тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстарда да өсім тіркелген. Есесіне, жол-көлік оқиғаларының саны 6,6 пайызға төмендеген. Балтабек Аблаев кейбір қылмыс түрлерінің азаюына жедел алдын алу шараларының ықпалы зор екенін айтады. «Облыс көлемінде жүргізілетін профилактикалық алдын алу шаралары қылмысқа жол бермеудің жолдарын қарастырады. Жыл басынан бері «Құқық тәртібі», «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Жасөспірім», «Тұрмыс», «Қауіпсіз жол», «Автобус» сияқты шаралар өткіздік. Нәтижесі жаман емес. Алдағы уақытта осындай бір айлық шаралармен шектеліп қалмай, қызметкерлердің біліктілігіне, қылмысты ашудағы тәжірибесіне баса назар аудармақпыз», – деді. Есеп беруші облыс әкімінің араласуымен жергілікті полицияға қоғамдық көмекшілерді тарту үшін 40 миллион теңге бөлдірткенін жеткізді. Жергілікті полицияның жұмысын жетілдіру үшін 1215 бейнетіркегіш алынып, жеке құрам 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бұдан өзге учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полицияға 1309 дана бейнежетон, 273 автомобильге арналған бейнетіркегіш сатып алу жоспарланып отыр екен. Отырыста жергілікті полиция башысына көптеген сауалдар қойылды. Кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Дулатбек Әшім қоғамның қауіпсіздігіне жауапты кейбір погондылардың өз ісіне салғырттық танытатынын сөз етсе, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан қылмыс жасаған жасөспірімдердің отбасылық жағдайларының зерттелуін сұрады. Қадірменді қария, ұстаз Әмір Мұсақұловтың айтқан ойы өткір шықты. «Жергілікті полиция қызметкерлерінің негізгі жұмысы қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Шындығында, солай ма? Менің айтпағым, учаскелік инспекторларға қатысты. Көріп жүргеніміздей, олардың жұмысына халықтың көңілі әрдайым тола бермейді. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуда бірізділік жоқ. Тіпті, тұрғындардың көпшілігі өздеріне бекітілген учаскелік полиция қызметкерін танымайды да. Содан қылмыстың өсуіне жол беріледі», –деді ол.
Қоғамдық кеңеске облыс әкімдігінің бірқатар қызметкерлері қатысты. «Жергілікті полициямен бірге біз де есеп беріп отырмыз деп ойлаймын. Сіздердің сын-ескертпелеріңіз маған айтылғандай. Десек те, бұл жұмыс істелінбей жатыр дегенді білдірмесе керек. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жергілікті полицияға жан-жақты көңіл бөлуде. Биылғыдай жергілікті полицияға миллиардтап қаржы ешқашан бөлінбеген. Бұл – жауапкершілікті арттырып, талапты күшейтеді. Бірақ, жаңадан құрылған облыстық жергілікті полиция қызметіне 4 айда баға беру ертелеу сияқты», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды. Біздің қоғамда тұрғындардың тарапынан сынға ең жиі ұшырайтындар – осы құқық қорғаушылар екені жасырын емес. Бұл салада кемшілік жоқ деп айту пәленбай куәнің көзінше қорықпай өтірік айтқанмен бірдей. Алайда, ең ауыр жұмыс та осы тәртіп сақшыларының жұмысы екенін мойындауымыз керек. Қоғамның тыныштығы үшін өздерінің әзиз өмірлерімен есептесетін жандардың атқарған жұмыстарын көрмеу әділетсіздік болар еді. Кеше ғана өмірге келген жаңа құрылым аз уақыттың ішінде қадау-қадау жұмыстар атқарып үлгерген. Салада ілгерілеушілік бар. Алайда, өмір бір орында тұрмайды. Демек, жергілікті полицияға да уақыт көшінен қалмау керек. Жиында осыған көз жеткіздік.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*